Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Біз әуеліде сәл абдырап қалдық. Өйткені, осыдан бір жыл бұрын Ырысбектен өлді деген қара қағаз келген еді, әйелі — Дурия қыста Көлбай кереңді әйелінен айырып, соған тиіп алған болатын, сөйтіп ел-жұрт мүлдем күдер үзген адамды мына төбенің астында келе жатыр дейді. Сенерсің бе, сенбессің бе, әлде Әжібектің тағы бір ойлап тапқан қалжағы боп жүрмесе.
− Әй, сенбей тұрсыңдар ма? Міне, мына киімдерді сол берді маған. Кеше станция басында ауылға қалай жетерімді білмей сенделіп жүргем. Апамды сағындым: «Сорлы-ай, менсіз күні не боп жүр екен?» — деп; Мына сен жетпегірлерді сағындым: «Менсіз бастары бірікпей тоз-тоз боп жүрген шығар»,- деп. Сөйтіп жүргенімде поезд тоқтаған. Бір адам вагоннан түсіп елден ерек сарт-сұрт етіп келеді. Анадайдан көзіме оттай басылды, әкемді көргендей айқайлап жіберіппін: «Ырысбек аға!» — деп. Көзімнен жас ыршып кетті, жүгіріп барып бас салдым. Содан кешке дейін екеуміз станцияны араладық. Ырысбек ағаның неше түрлі сұлу таныс қыз-келіншектері бар екен. Шетінен «во!» деген, солардың үйінде болып шай іштік. Кешкісін ымырт үйіріле біреулердің тұсап жіберген аттарын ұстап міндік те, түнделетіп жүріп кеттік.
− Ал аттар қайда?
− Қайда болушы еді, әлгінде ноқталарын мойнына байладық та кейін қайырып, айдап жібердік. Жануар, жылқы деген жершіл болады емес пе, бүгін-ақ жетіп барар иелеріне. Түу, сөзге айналып қалдық қой. Ал жүгіріңдер тез! Сүйінші сұраңдар!..
Біз тым-тырақай ауылдың тұс-тұсына жүгірдік, үй-үйді аралай жүгіріп есіктің алдынан, терезенің тұсынан айқайлап өтеміз:
− Әже, сүйінші, Ырысбек келе жатыр!
− Апа, сүйінші, Ырысбек келе жатыр!
Соғыстан қайтқан адамды бүкіл ауыл болып алдынан шығып қуана қарсы алу салтқа айналған. Сондықтан сүйіншіні де кезіккен адамның бәрінен сұрай береміз. Ілездің арасында ауылдың кәрі-жасы тегіс бірі қалмай қара жолға қарай жүгірді. Бірі сенеді, бірі сенбейді.
− Былтыр қара қағаз келмеп пе еді?!.
− Е, қара қағаз деген кейде жаңылыс келе беретін көрінеді ғой. Мына көрші колхозда да артынан қара қағаз келген біреу үш ай өткен соң аман-есен тірі қайтыпты.
Мұндайда қуанышқа да шыдай алмайтын кемпірлер көздерін сығымдап жылап келеді.
− Байғұс-ай, тірі екен-ау!..
− Дәм-тұзы әлі таусылмаған ғой.
− Менің құлыным да бір күні өстіп жетіп келер кез болар ма екен, дүние-ай!..
− Ей, әмірі күшті жаратқан…
− Әлгі Дүрия сорлы қайтер екен енді?
− Е, сорлы боп оны біреу төлеуіне беріп пе?! Өз обалы өзіне, жаман қардың. Ең болмаса, бір жыл отырмады-ау, артын күтіп. Енді бармағын шайнап отырсын.
− Е, алланың ісі десеңші оны да. Әйтпесе, Көлбай кереңге о байғұс қайбір жетіскенінен тиді дейсің…
− Ибай-ау, Ырысбек қайда барар екен, енді? Кімнің үйіне түсер екен? Туыс дейтін туыс та жоқ қой байғұста?
− Е, ел-жұрт емеспіз бе? Қайсымыздың үйімізге кірсе де қарсы аламыз ғой.
− Иә, бәрінен де азаматтың аман-сау оралғанын айтсаңшы…
Өстіп кемпірлер мен әйелдер сан-саққа кетіп тұрғанда төбеден Ырысбектің де қарасы көрінген, біз балалар жарыса лап қойдық.
− Аға-а!..
− Ырысбек аға-а!..- деп шұрқыраса дауыстап, құстай ұшып келеміз. Бірімізден-біріміз бұрын жетіп, бетімізден бұрын сүйгізуге асығамыз. Соғыстан қайтқан адамның бетіңнен бір сүйгені — әкеңнің, яки бауырыңның сүйгеніндей олжа, дәл солардың қасынан қайтып, солардың ыстық сағынышын, солардың сәлемін жеткізгендей көрінетін. Соның өзіне мауқымыз басылып, масайрап бір жасап қалатынбыз.
Әне, балалардың алды оған жетті де, енді Ырысбек оларды кезек-кезек құшақтап сүйеді-ау беттерінен,- деп ойлағанбыз… Жоқ, түк те олай еткен жоқ. Сүймек түгілі амандасқан да жоқ. Топырлап жеткен балаларға қабағын шытып.