Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Кәне, тас жинаңдар! — деп бұйырды.- Егер қуатын болса шалды да, иттерін де тастың астына аламыз.
Дереу қараңғыда сипаланып жүріп тас жинай бастадық. Бірақ Шымырбай артымыздан қуған жоқ. Әлден уақытта төменнен:
− Әй, балалар! — деп дауыстады.- Шырақтарым, бұларың не? Піскен жоқ деп бағана айтпап па ем өздеріңе. Міне, піспеген көк қарбызды босқа жарып тастапсыңдар. Не шықты содан. Әй, балалар-ай!.. Өздерің жейтін қауын-қарбыздар еді ғой.
Біз тырс етіп дыбыс берместен құлағымызды елеңдей тігіп тыңдап тұрмыз. Демігіміз әлі басылар емес. Шымырбай тағы бірдеңелерді айтып күңкілдеп сөйлеп жүр. Арпылдап үріп қоймаған иттеріне: — Жә, жатыңдар, әрі! — деп жекіргені естілді. Кемпірі келді. Екеуі күңкілдей сөйлесіп, біраз жүрді. Онан соң! — Әй, балалар! — деп, бізге бір-екі рет дауыс берді де, жауап болмаған соң иттерін ертіп, үйлеріне кетті. Сірә, бізді де кетті деп ойласа керек.
− Біржола ұйықтасын енді,- деп қойды Әжібек.- Қап, жаңағы менің жарғаным піскен қарбыз еді, алып кетті-ау, ә.
− Мен ортасынан бір асап едім, тәп-тәтті екен,- деді Қайрат.
Біз сол отырғаннан ұзақ отырдық. Қараңғылық әбден қоюланды.
Табанымыздың асты тастай қараңғы шыңырауға айналды, үңірейіп жатыр, бір кішкентай ғана от жылт-жылт етеді. Шымырбай шалдың есігінің алдындағы қоламтаның оты.
− Ал еріңдер соңымнан! Домалап кетпей, абайлап түсіңдер! — деп сыбырлап бұйрық етті Әжібек. Өзі төмен қарай қараңғылыққа сүңгіп кетті, аяқ астындағы тастардың тықыры, бұта-бұтаның сыбдыры ғана естіледі. Қалғандарымыз жүрексініп іркіліп қалғанбыз.
− Жүріңдер! — деп зекіген бұйрық естілді төменнен.- Тек дыбыс шығармаңдар!
Қараңғыда қолымызға ілінген бұта-бұталардан қарманып ұстанып біз де домалана жөнелдік. Тік қия, өте тайғақ, мүлт бассаң кеткенің, бөргез тікендері, сойдиған бұталар үсті-басымызды жұлмалап, тырналап келеді, аяқ асты — қырлы тастар сүрініп омақаса жаздайсың, табанды тілгілейді.
Сүріне-қабына қауынға да жеттік. Әжібек үлкен бір қарбызды жерге гүрс еткізіп қойып қап, қақ айырып, қолды салып та жіберіпті. Қомағайлана асайды. Қолымызға ілінгенді біз де жерге қойып қап бір-бір асап үлгірдік. Піспеген ап-ащы екен, тастай бере келесі бір теңкиіп жатқанды көтеріп ұрдым. Сөйтіп, қозы қораға түскен аш бөрілердей әп-сәтте қауындықтың үстін әлем-тапырық қылдық, қолға іліккеннің жарылмағаны қалмады, жесек те, жемесек те жара бердік. Бүлдірудің құмарлығы, қызығы әбден билеп алған еді бойымызды.
Әуелде үнсіз келіп сақтықпен кіріссек те, сәлден кейін кей бірімізді есірік жеңіп, дыбыс шығарып «аһылап, үһілеп», бір-бірімізге дауыстай мақтанып, мүлдем есіріп кеттік. Шу-шу етіп аяғымызға ілінген қарбыз желілерін тепкілеп үзіп, қараңғыда қарбызға таласа бастадық.
Осы кезде Шымырбайдың қос төбеті тағы да арпылдап үре бастады. Біреуі тіпті ұлып-ұлып үрген.
− Жә, өй, өз басыңа көрінгір! — деген шалдың даусы шықты.
Біз тағы да зәре-құтымыз қалмай кейін зыттық. Тағы да бұта-бұтаға бет-аузымызды жырғызып қияға өрмеледік.
− Тас! Тас! Тас алыңдар!.. Итті ұратын! — деп бұйырды Әжібек. Бірақ бір таңқаларлығы үй жақтан жұлқынып үргендері болмаса иттер әлгіндегідей қуған жоқ соңымыздан. Оның есесіне:
− Әй, иттің балалары-ай, сендерді ме! — деп ақырған Шымырбайдың даусы өте жақыннан естілді. Сірә, өзі қуып келе жатса керек.
Біз қияның орта тұсына таяп к,алғанбыз. Балалардың біреуі үлкен бір тасты сайға қарай домалатып жіберген, сайдың іші салдырлай жөнелді. Сөйткенше болған жоқ, тағы біреу тас домалатты. Алды-артымызға қарамай тағы зыттық. Соңымыздан салдыр-гүлдір домалаған тастардың жаңғырығы, «о-о!..» — деп күңірене айқайлаған Шымырбай шалдың даусы естілді. Біздерді қарғап-сілей бастады. Көпке дейін басылған жоқ. Тау арасын жаңғырықтырып зарлай созған даусы естілді де тұрды.