Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Беті-қолын жуып тұрып, әрқайсымызға қолының суын сілкіп, біз ыршып-ыршып түскенге өзі рақаттана күліп, мәз боп қалды. Жуынып болған соң бәрімізге жағалай бастан аяқ бір қарап өтті де, жақтырмайтындағы әдетімен бет-аузын тыржитты.
− Ой, өңшең тобан аяқ қулар, азып-тозып ойнағаннан өзге ғой ештеңені білмейсіңдер. Пайдалы бірдеңе ойлау деген ғой жоқ сендерде.
Біз пайдалы ештеңе ойлай алмайтын кінәмізді толық мойындап, үнсіз тұрмыз. Рас қой енді: «тобан аяқ» десе,- тобан аяқпыз, «азып-тозған» десе,- азып-тозғамбыз, не дейік, жайымызды басқа білмесе де Әжібек біледі. Сондықтан өзінен сөз күтіп аузына телміре қараймыз.
− Былай, жетпегірлер, түскен кейін осы араға жиналыңдар, қауынға барамыз,- деді.
Біз, балалар, сәл аңтарылып қалдық та, артынша біреу:
− Қауын әлі піскен жоқ қой,- деді.
− Кім айтады?! Ой, салпы ауыз. Сен нені білуші ең. Мұрныңды бет қып жіберейін бе осы! Әне, астық сарғайды ма? Ендеше қауын пісетін кез болды. Ал кім барады?
− Мен барам!
− Мен!..
− Мен!..- деп шулап қоя бердік.
− Жоқ, бәрің бірдей бармайсыңдар,- деді Әжібек. Сөйтті де: — сен барасың. Сен… сен…-деп өзіне серіктікке жарайды-ау деген он баланы іріктеп алды. Сол онның бірі мен болдым.
Түстен кейін Әжібек бастап күн батыстағы Ағешкі сайын бетке алып жүріп кеттік. Ағешкі сайы ауылдан алты-жеті шақырым. болатын. Сайдың ішінде колхоздың мал қыстайтын қораларын күзетіп Тоқтардың әкесі — Шымырбай деген жалғыз үйлі шал отырушы еді. Кемпірімен екеуі ала жаздай бақша салып, қауын-қарбыз өсіретін. Бақша салуды еріккеннің ермегі сияқты көретін біздің ауыл үшін Шымырбай шалдың қауын-қарбызы анда-санда барып, жеп қайтып тұратын таңсық нәрсе ғана болатын. Үлкендер жағы:
− Әй, осы Шымырбай алжиын деген шығар, сірә. Енді қартайғанда көк шөпті күнкөріс қып,- деп сыртынан жазғыратын да, қапырық ыстықта қаңырығы түтеп кеп суық қарбыздан қарбыта асап, тамсана отырып шөлін басатын. Ал балалар жағы қауын-қарбыз пісті дегенше, Шымырбай шалдың үйінен шықпаймыз. Ауылдан безіп, үйді ұмытып, Ағешкі сайында көкқарын боп жатып аламыз. Кемпір-шалдың күнделікті толып жатқан шаруасын тындырып, баласындай боп кетеміз. Қысқасы бұл кез біз үшін де, кемпір-шал үшін де абыр-дабыр қызыққа толы көңілді күндер болатын. Жақсы дәурен еді.
Міне, сол Шымырбай шалдың үйіне биыл бірінші рет бара жатырмыз. Қауын-қарбыздың піскен, піспегенін әзірге білмейміз. Бар үмітіміз, дәлеліміз Әжібек айтқан «астықтың сарғайған» белгісі. Өйткені қауын-қарбыз бұл кезде пісуі тиіс. Қара жолдың ыстық топырағын борпылдата отырып, бірде жарыса жүгіріп, бірде аяңдап күн еңкейе Шымырбай шалдың үйіне де жеттік. Анадайдан бірі сарыала, бірі аққасқа қабаған иттері арсылдай көтерілген. Әрқайсысы тайыншадай, адамның зәре-құтын ұшыратын төбеттер еді. Жалаң аяқ, жалаң бас тыраңдап келе жатқан біздерді сонадайдан танып, көріп тұрған Шымырбай: «Жә, жатыңдар!» — деп иттеріне жекіп тастады. Біз болсақ:
− Ассалаумалейкүм, ата!
− Ассалаумалейкүм, ата! — десіп жамырасып алдына келдік.
− Уағалайкүм ассалам! Ой, үлкен азамат болыңдар,- деп шал риза боп сәлемімізді алды. Әрқайсымызға көз қиығын сала тұрып:
− Опай, өздерің былтырғыға қарағанда дырдай жігіт боп есіп қапсыңдар ғой,- деп қойды.
− Әй, кемпір, мына қонақтарға айран бер. Ал, балалар, үйге кіріңдер, мен мына бір шөпті түсіріп тастайын. Жөн сұрау сонан кейін болат та.
Сөйтті де қарт есек арбаға тиелген шөпті түсіруге қайта кірісті. Шөпті жаңа ғана тиеп әкелген беті болса керек. Бір-екі ашадан кейін алаша шекпенін шешіп, есік алдындағы бақанға апарып іліп қойды да әр жерінен ыдырап сетіней бастаған бәтес жейдесінің жеңін қайырды. Маңдайының терін сүртіп, бөркін қайта киіп алды.