Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

− Айтқанымнан қайтпан, ант етем сендердің алдарыңда,- деп Әжібек оң қолын көкірегіне апарып, батып бара жатқан күнге қарап тағзым еткен. Мына қылығы бізге мүлдем қатты әсер етті, кәдімгі үлкен жорық алдындағы ердің антындай. Дереу бірімізден кейін біріміз Әлсібектің сөзін қайталап, батар күнге қарап тағзым ете тұрып ант бердік.

− Жүріңдер, күн батқанша анау қылтада жасырынып жатамыз,- деді Әжібек.- Шабуылға шығардың жоспарын сол жерде ойластырамыз.

Әжібектің айтқаны біз үшін екі дегізбес заң. Қайрат пен және бір баланы барлаушы ғып жотаның үстіне отырғызып қойды. Ол екеуі Шымырбай шалдың үйіне біреу кеп, біреу кете ме, түнге қарай не істеп, не қояды соны тегіс бақылауға тиіс. Қалғандарымыз тасаға барып жасырынып жаттық. Бастаушымыз өзің, бір саған сендік дегендей бәріміз Әжібекке қарай береміз.

− Кәне, мені бір жыбыр-жыбыр жасап жіберіңдерші,- деп ол етпетінен жата кетті.

Тау шөптерінің арасынан бір-бір шоқтан таңдап алып жыбыр-жыбырға кірістік. Әжібек тағы да, ой, есінен танып, рақатқа батты дейсің. Шетімізден мақтау естіп, мәз боп қалдық.

− Бәрің менің сарбазымсыңдар, оң қолымсыңдар! — деп бір тастады.- Бүгіннен бастап жұбымызды жазбайтын боламыз. Біреуіңе қиянат істер адам болса, ол біздің бәріміздің қас жауымыз.

Шіркін, сол кезде жер үстінде біздерден бақытты жан болды ма екен?! Әй, қайдам! Әжібектің қарамағында болу, оның айтқандарын қалтқысыз атқарып, нөкері боп жүруден артық не арман бар еді бізде.

Үсті-басы әбден қызарып, қотырларының аузы қанталаған Әжібек орнынан тұрды.

− Жыбыр-жыбырға осы жердің шөбінен алып кету керек екен,- деді.

− Алып кетуге болады. Мен мына жейдемнің етегін ышқырланып алам да, ішіне салып жүрем,- деді мәймөңкелеген бір бала.

− Мен де сөйтіп алам,- деді екінші бала. Қойшы, қысқасы, әлгі жердің шебінен бәріміз де жейдемізді қампитып тығып алдық.

Кештің түсуін күтіп иіріліп отырмыз. Күн қып-қызыл боп шелденіп батуға таяу. Найза тастардың ұштары бояулы қарындаштай қызыл күрең тартып жан-жақтан состиып тұр. Аспандағы ала шабыр бұлттардың бауыры жарып-жарып қойған қарбыздай қып-қызыл.

− Хе-хе-хе-хе, шіркін! Қазір күн батсын кішкене, аш бөрідей тиісерміз, бүйірден,- деп сақылдай күлді Әжібек, батырлар жырын оқығандай мақамдап.

Діңкелеп шаршаған күн де ұясына барып қонды-ау ақыры. Найза тастар ымырт қараңғылығына сұғынып қарауыта бастады. Тау жақтан салқын самал соқты. Бойымыз сәл тоңазып, орнымыздан ширыға көтерілдік.

Шабуылға шығатын тұсты бағана күн жарықта Әжібек белгілеп қойған: Шымырбай шалдың үйінің желке тұсындағы тік қабақтан дәл қауындықтың үстіне құлап түспекпіз, жегенімізше жеп, көтергенімізше алып, у-шусыз сол тікпен қайта көтеріліп кетпекпіз. Біздің жоспарымыз бойынша Шымырбай ол тұстан ұры келеді деп күтпейді де, ештеңені сезбей де қалады.

Әлгі тік қабаққа келдік, алды-артымызға қарамастан темен қарай шұбыра домалап жөнелдік. Қалың бөргез, тобылғы, қараған өскен, жықпыл-жықпыл тастары көп қия екен. Әзер түстік. Алдымыз қауындыққа жетіп бір-бір қарбызды көтеріп ұрып, енді бас қоя бастағанбыз, Шымырбайдың бағанағы тайыншадай төбеттері арсылдап қоя берместері бар ма. Ең болмаса, бір асап үлгірмеген жарулы қарбызды тастай сала кейін қарай зыттық бәріміз де. Сүріне-қабына, бірімізді-біріміз басып кетердей боп тік қияға қаштық. Төбеттер арсылдап жетіп те қалған. Артқы бір-екі бала қорыққандарынан бақырып жіберді. Осы кезде үй жақтан:

− Майлыаяқ, Құттөбет! Кә, кә! — деген Шымырбайдың даусы шығып жанымыз қалды. Екі төбет те ұмтылғандарын қойып, жай ғана арсылдай үріп кейін қала берді.

Біз болсақ өліп-өшіп, екі өкпемізді қолымызға алып, қияның үстіне шықтық. Бөргез тікен мен бұталар үсті-басымызды алым-жұлым ғып жіберді. Қияның үстіне шыққан кезде Әжібек:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий