Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Әй, желтіректеме, абайла, шаншу ұстап қап жүрмесін,- деп қойды кемпірі. Онан соң бізді жақтырмаған кейіп танытып жыртия бір қарады да: — Әне, отырыңдар! — деді лапастың ішін нұсқап.
Біз құрым киіз төселген лапастың ішіне кеп жайғаса отырдық. Өзімізге бұрыннан таныс, талай аунап-қунап жатып жүрген лапасымыз, жылда келген сайын діңгек тіреулерге ескерткіш қып ойып, яки сия қарындашпен әшекейлеп жазып кеткен аттарымыз да со күйі. Кемпірдің де жақтырмағанын көңілімізге алғамыз жоқ. Өйткені мінезі өзімізге мәлім — әуелде өстіп қабағын кіржитіп бырысып-тырысқанымен, артынан жаны қалмай асты-үстімізге түсетін болады әлі. Сондықтан ә дегенде жұп-жуас боп монтиып отыруымыз керек. Сәлден кейін кемпір үйден ағаш шелекке толтыра ұйытылған айранды алып шықты. Жаңа ғана ұйыған, әлі шеті ойылмаған уыздай боп мөймілдеп тұрған айран екен. Қышқылтым иісі аңқып сала берді. Ернімізді бір-бір жалап үлгірдік.
Кемпір болса асықпай, әуелі, бір шетінен сыры көшкен ескі тостағанға бір-екі қасықты құйып алды да:
− Піссімілда,- деп өзі ұрттап дәмін көрді. Сонан кейін ғана сол жалғыз тостағанмен шетімізден жағалатып бере бастады. Тостаған кіші ме, әлде біздің қарнымыздың аштығы ма, бір тостаған айран бұйым құрлы болған жоқ. Сіміріп-сіміріп салдық та, ернімізді жалап, тамсанып отыра бердік. Бірақ кемпір тостағанды бір жағалатқаннан кейін қайтып құймады.
Әлден уақытта шебін түсіріп боп Шымырбай қарттың өзі келді. Бір тостаған айранды ұрттай отырып, ішті де:
− Әй, кемпір, әлгі Тоқтаржаннан келген хаттарды әкеші, мына балаларға оқыталық,- деді.
Кемпір үйіне кіріп кетті де, ақ бәтеске ораулы бір бума хатты алып шықты. Онан соң аяқ жаққа отырып бәтестің орауын жазды да, өліпті таяқ деп танымаса да әр хатқа үңіле қарап қойып:
− Бұрын келген хаты осы,- деп әуелі бір хатты ұсынды. Ішімізде хат оқуға жүйрік Санат деген бала бар, бәріміз соны мегзедік. Санат хатты қолына алды да, судыратып оқи жөнелді. Хатты судыратып оқу да мақтаныш.
Бірінші хатта Тоқтар жараланып госпитальға түскенін жазыпты. Жарақаты жеңіл екен оқ бүйірін жалап өткен көрінеді. Хатты бұрын да ары өткен, бері өткендерге талай оқытып, талай жылаған кемпір бұ жолы да иегі кемсеңдеп қоя берді.
− Жарығым… қайтып шыдады екен? Жанына батпады дейсің бе?..- деп күңкілдеп қойды.
− Жә, енді қоя тұршы жыламай,- деді Шымырбай. Санат келесі хатты оқыған: мұнда Тоқтар жарақатының жазылып қалғанын, тәуір болғанын жазыпты.
− Иттің баласының еті жақсы еді, маған тартқан. Қандай жара болса да ем-домсыз тез жазылып кететін,- деп Шымырбай мәз бола сөйледі.
− Иә, со қашанда өзіңді қолпашта, байғұс,- деді көз жасын сүрткен кемпір.
Санат үшінші хатты оқыды: онда да со госпитальда жатқанын тәуір болғанын жазыпты, ал төртінші хатта қайтадан майданға аттанып бара жатқанын жазған, бесінші хат — майданнан жазылыпты. Жауып тұрған оқтың астындамыз депті.
Кемпір тағы да жылады.
Алтыншы, жетінші хат, бәрі де со жауып тұрған оқ астында жазылған екен. Ең соңғы хат осыдан бір ай бұрын келген, онан кейін хат жоқ…
Шымырбай қарт орнынан тұрып кетіп, әр нәрсені бір шұқылай бастады. Сірә, бізге көз жасын көрсеткісі келмеген болар. Кемпір болса ағыл-тегіл жылап отыр. Үн шығармайды, бірақ көз жасы тыйылар емес.
− Құлыным… қайда жүр екен?..- деп аһ ұрып күрсінгенде, біздер де жас толып қалған көзімізді бір-бірімізден тайдырып, жер шұқып кеттік.
Әлден соң кемпір беті-қолын жуып кеп, әлгіндегідей емес, кәдімгідей дастарқан жайып, үйден ала дорбаны алып шығып, бір таба нанды алдымызға қолымен опырып турады да, әлгіндегі ағаш шелектегі айранды араластырып-араластырып қайта құйды. Бұл жолы әрқайсымызға жеке-жеке тостаған тиді. Біз таба нанды аузымызға бұралай тығып шайнамай қылғытып, айранды қомағайлана сіміреміз.