Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Мына өгіздерді қайтем? — деді Көлбай керең тағы да ақырын сөйлеп.
− Өгіздерді қасқыр жемейді. Өздері жайыла тұрады.
− Е, мейлі онда. Барсам барып қайтайын,- деді де Көлбай керең өгіздер жаққа бір қарап қойды да, жусай жайылған олардың ешқайда кетпейтініне көзі жеткендей болған соң, атының басын ауыл жаққа бұрып, бүлк-бүлк желіп жүріп кетті.
Көлбай кереңнің қарасы көзден таса болысымен-ақ өгіздерге екеу-үшеуден мінгесіп-мінгесіп алдық та, өңкілдете жарысып Жарбұлаққа тарттық. Күздікке жетісімен өгіздердің бетін кейін қарай қайырып, ұрып-ұрып қуып тастадық. Әжібек адымдап-адымдап әрқайсымызға жер өлшеп берді де:
− Ал, жүгірмектер, қиқаңдағандарыңды оңдырмаймын, дұрыстап істеңдер жұмысты,- деп, өзі әудем жерге барып, бұталардың басын байластырып күрке жасауға кірісті. Онан соң ішіне қалыңдап шөп төсеп, соның үстіне созыла жатты.
− Әй, дұрыс істеңдер! — деп басын шығарып анда-санда айқайлап қояды.
Белуардан кеп қалған астық масақ жара бастаған, үлп еткен жел үрлеп өтсе-ақ болғаны судың бетіндей жыбырлап, толқын-дала жөнеледі. Арам шөптер астықтан гөрі биіктеу өсіп кетіпті: алабота, сасыр қурай, сиырқұйрықтар мен мұндалап анадайдан көрініп тұрады, орақты қылышша сермеп қиып түсіреміз де мәз боламыз: өзіміз ұрыс даласындағы батырлармыз да, арам шөптер — фашистер. Өстіп бір-бірімізді кеу-кеулеп елігіп жүріп талай жердің арам шөбін қалай отап тастағанымызды да, білмей қаппыз. Бір кезде арт жағымыздан Әжібектің:
− Ойбай, аттан, аттан, тығылыңдар! — деген даусы шықты. Жалт-жалт қарадық. Әжібек зымырап кеп егіннің ішіне қойып кетті де, еңкеңдеп бұға қалды. Енді көрдік, осылай қарай Көлбай керең шүйіле шауып келеді екен. Лездің арасында барлығымыз да бөденеше жып-жып етіп егіннің арасына бұға-бұға қалдық. Көлбай ентелеп кеп егіннің шетінде бізді сықпырта боқтап тұр, атымен егінге кіріп аралап іздеуге батпады. Біраз қамшысын үйіріп, доқ көрсетіп қоқаңдады да көзіне тірі жан түспеген соң айналып өгіздеріне кетті. Ішегіміз түйілгенше күліп алдық та, арам шөп отауға қайта кірістік.
Түсте өгіз арбамен ыстық тамақ та жетті. Байдалы өзі бастап келіпті, біраз аралап біздің жұмысымыздың сапасын көрді.
− Әзірге жаман емес екен,- деп қойды.
Онан соң бәрімізді Әжібек жасаған үйшіктің қасына қатар-қатар отырғызып, аспазшы әйелге:
− Аяма, тойғандарынша бер,- деп бұйырды атала көжеден.
− Еті бар ма? — деп сұраған Әжібек
Сол-ақ екен Байдалының Әжібек дегендегі шиқанының басы жұлынды да кетті.
− Ә, шақша бас, саған еті бар көже керек екен ғой,- деп қамшысын үйіре ұмтылған. Әжібек ыршып тұрып, қашып үлгірді.- Саған еті бар көже керек екен ғой… Кәне, жақындашы бермен, мен саған еті бар көжені көрсетейін! Әй, сенен көрген қорлық па, шектен асты-ау. Кеше торы жорғаны кешке дейін шапқылап қан сорпа қылдың. Бүгін ғой, анау, кереңді алдап жіберіп, бүкіл өгіздерді былай міндің. Қыс, көктем әбден титықтап шыққан байғұс хайуандар, аз күн дем алсын деп ем. Сенің қорлығың ба, әй сенің қорлығың өтті-ау, әбден.
− Өгіздерге жалғыз мен міндім бе, мыналардың бәрі де мінді.
− Сен болмасаң осылар білер ме еді сол қулықты. Бәленің бәрі мына сенен шығады. Желкеңді қияйын ба осы, ә!
Бірақ қанша ұмтылып, тап-тап бергенімен Әжібекті ұстай алмады. Ақыры ыза болған Байдалы:
− Сен итке көже тұрмақ көк су жоқ. Аштан қатырам! — деді.
Біз сүт қатқан атала көжені екі аяқтан ішіп, ыңқия тойып алдық. Тамақ тасыған өгіз арбаны алдына салып, Байдалы пішеншілерге кетті. Аш қалған Әжібектің қасына кеп, оның аш қалғанына өзіміз кінәлідей бастарымыз салбырап үнсіз отырдық та қойдық. Әжібек шынымен-ақ қарны ашқан болу керек, көзін уқалап жылап алды.
− Осы қақпасқа көресісін бір көрсетермін әлі,- деді тістеніп, онан соң біздерге: -Істемеңдер! Қараң қалсын егіндері! — деді.