Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

− Ал, бригадир, сен мына қотырыңды емдетуің керек. Ат берейін, бүгін Қоңырға емханаға барып қайт,- деді. Сөйтті де Байдалыға бір жапырақ қағаз жазып берді. Онан соң қалтасынан елу сомды және суырып алды.- Мә, мына ақшаға дәрі ал.

Нұғыман кетісімен Әжібек жүруге жиналды. Әуелі:

− Ал, жүгірмектер, жөкелеріңнің қандай екенін көрдіңдер ғой. Біліп қойыңдар — деп, бәрімізді өзіне құдайдай бір табындырып алды да, әрқайсымызға бұйрық бере бастады: -Қоңырға барып қайтқанша қарным ашады ғой, сондықтан сен, Қайрат, Самат екеуің маған құрт-ірімшік тауып әкеліңдер. Үйлеріңнен, болмаса анау Қазима кемпірдің есігінің алдында бағана құрт жаюлы тұрғанын көргем, содан ұрлап әкеліңдер. Ал сен, Қанат, мә, мына қағазды Байдалыға тапсыр да берген атын алып кел,- деді, әлгінде Нұғыман жазып кеткен бір жапырақ қағазды маған берігі. Қуанып кеттім. Әжібектің атын әкеп бергеннен асқан мәртебе бар ма, десеңші шіркін.

Жүген тауып ап жүгірген бойда ұста дүкені жақта жүрген Байдалыға келдім, осылай да осылай деп бастықтың қағазын ұстаттым қолына. Байдалы шал хат танымайтын, сондықтан қағазды қайыра өзіме ұсынды да:

− Кәне, оқышы! — деді.

− «Бәке, мына Әжібекке бүгінше бір ат беріңіз. Қоңырға емханаға барып, қотырына дәрі алып қайтсын. Нұғыман.»

− Әй, саған емес, Әжібекке дейді ғой.

− Иә, Әжібек мені жіберді. Өзі анау жерде тұр.

− Ә, басыңды… шақша бас. Енді оған да малай керек болды ма?! Бар, өзі келсін деді де!

Мен мойныма су кеткендей сүмірейіп, кейін қайттым. Қайрат пен Самат ұрлап әкелген ірімшік-құртты Әжібек қалтасына тығып тұр екен, мен Байдалының айтқандарын айттым.

− Өй, жаман неме. Бастықтың қағазы қолыңда тұрғанда со Байдалымен тәжікелесіп, сен де… Қолына қағазды ұстаттың ғой?

− Ұстаттым.

− Е, болды. Онан әрі қораға кіруің керек еді де, тәуір деген атты жүгендеп мініп, алып келуің керек еді. Мынадан ба, мына Қанаттан түк шықпайды. Осы адам болса мына мұрнымды кесіп берейін. Әкел жүгенді бері!

Сөйтіп Әжібек өзі кеткен, сәлден кейін Байдалының торы жорғасымен текіректетіп шыға келді. Соңынан баж-баж етіп жер-көкті жұлып жеп Байдалы келеді. Қолында білем темір.

− Әй ит, тоқта деймін енді! Жаныңның барында тоқта!.. Осыдан қолыма түссең жақсылық күтпе!.. Апыр-ай, бұ итке басқа ат жетпегендей, менің мініп жүрген атымда несі бар-ей!.. Тоқта деймін!..

− Қолдан бермегенді өстіп жолдан аламыз. Әкеңізден қалған ат жоқ, ақсақал, бұл колхоздың аты,- деп Әжібек тебініп-тебініп қояды.- Онысы нес-ей, сіз бригадир болсаңыз мен де бригадирмін бүгіннен бастап. Әлгінде, мыналардың алдында колхоздың бастығы өз аузынан сайлады.

− Қап, мына шақша басты-ай, ә!.. Әй, ең болмаса, астыңа тоқым сап мінсеңші, әйтпесе алдыңдағы аттың арқасын құртасың ғой!

− Мә-мә-мә-мә!..- деп Әжібек оған бет-аузын қисаңдатып мазақтады да, біздерге: — Ал қош-аман бол. Жағалбайлы, Төлегенің Қыз Жібектей аруды әкелуге Ақжайыққа жол тартты! — деп, торы жорғаның басын Қоңырға қарай түзеп шаба жөнелді. Артына қарап Байдалыны мазақтай түсіп ақсия күліп қояды. Әжібектің тақымы атқа тисе қалай жүретіні белгілі ғой, әне-міне дегенше белден-бел асып мүлде көрінбей кетті. Аяғымен жер тепкілеп, Әжібекті жер-жебіріне жете боқтап-сілеп Байдалы шал қала берді.

− Ә, шақша бас!.. Шақша бас!.. Осыдан қайтып келерсің, бәлем! — деп кіжінеді.- Әй, сендер көрдіңдер ме, мына қағазды шынымен бастықтың өзі жазды ма?

− Иә, өзі жазды.

− Мына жерде тұрып жазған.

Былай тұрып жазды,- десіп, біздер жан-жақтан жамырай растадық.

− Қап, мына шақша басты-ай, ей ә! Бәрінен де қорлығы торы жорғаны мініп кеткенін айтсаңшы. Пішен басталғанша біраз күн белі суысын, отықсын деп өзім де мінбей жүр едім. Қап!..

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий