Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Қарағым, мен сені артықсынбасам кемсінбеймін. Қызымды сенен артық ханның баласына берер деп пе ең. Тек, уақыт болса мынадай, сенің алдыңда әлі әскери міндетің тұр. Соны өтеп, аман-сау қайт. Қайтқан күннің ертеңіне үйге кеп қолынан жетектеп кетсең «тек» демеймін. Ал оған дейін басын қатырып, ұятқа қалдырма.
Тоқтар қып-қызыл: боп ұялып:
− О не дегеніңіз, тәте?! О не дегеніңіз?! Мен ондай емеспін ғой… Ондай емеспін…- дей берген.
Сонан бері екеуі кездессе де, қас қағымдай уақыт қана сөйлесіп, ете сақ жүретін. Енді, міне Тоқтардың артымыздан келісі мынау.
− Апам байқап қалады ғой, Тоқтар-ау…
− Нәзира, маған шақырту келді, ертең жүрем,- деді Тоқтар күліп.
− Біржола ма?
− Иә, біржола. Осы ауылдан ертең таңертең төрт адам аттанамыз. Әкем мен шешем де мені шығарып салуға осында келген, қазір нағашымдікінде отыр. Жаңа сытылып әзер шықтым.
− Тоқтар-оу, Тоқтар-оу… сен әлі жас емессің бе?! Мұның не?!.
Нәзира әпкем өзі арқалайтын тобылғының үстіне теріс қарап отыра кетті.
− Құдай-ау, соғысқа баруға сен әлі жассың ғой…- деді тағы да, Нәзира әпкемнің даусы дірілдеп, соншалық аянышты шықты. Тоқтар болса со күлген күйінде тұр, біресе маған, біресе Нәзираға жалтақтап қарай береді. Әлден соң Нәзира әпкем со теріс қарап отырған қалпында басына тартқан орамалын алып көзін сүртті.
− Жарайды, кешкісін уәделі жерге кел, біз Қанат екеуміз күтеміз,- деді.
Ол тобылғысын арқаламақ болған, бірақ Тоқтар оған көтертпей өз иығына салып алды. Сөйтіп ауылға кіре беріс көшеге дейін көтеріп барды.
− Енді аз қалды ғой, өзіме бер,- деді Нәзира әпкем. Тоқтар тобылғыны жерге қойып, екеуі бір-біріне қарсы қарап тоқтаған.
Тоқтар со бұрынғысынша күліп тұр, ал Нәзира әпкемнің көзі жасаурай береді. Тоқтардың бетінен сипады, онан қолынан ұстады.
− Келші кешкісін,- деді қайталап.
Кешкісін мен Нәзира әпкемнің ақылымен мал қоралаған кезде, (мал дегенде үш ешкіміз болатын) тік мүйіз сары ешкіні жекелеп бөліп, ауылдың сыртына қарап айдап жібердім. Сөйттім де апақ-сапақ шақта апама келіп:
− Әлгі тік мүйіз сары ешкі жоқ, жалғыз іздеуге қорқам,- дедім.
− Әне, Нәзира екеуің іздеп келіңдер.
Өзіміздің де тілегеніміз осы еді, зытып далаға шықтық та, уәделі жерге қарай жүгірдік. Нәзира әпкем екеуміз ойлап тапқан қулығымызға мәз боп күлеміз. Қазір Тоқтар келген соң, апамды қалай алдап шыққанымызды оған да айтпақпыз.
− Қанат-ай, сен сонан кейін, анау жерге барып тұр, жарай ма?
− Қорқам ғой.
− Қорықпа. Неменеден қорқасың?! Мә, қолыңа мына таяқты ұстап ал.
− Мақұл. Тек сендер көп сөйлеспеңдер.
− Жо, көп сөйлеспейміз.
Біз естіп тықыршып Тоқтарды күтіп тұрдық. Бірақ ол келіп қоймады. Ымырт қараңғылығы қоюлана, дала тым-тырыс тынши бастады. Әлдеқайдан зарлаған дауыс естіледі. Күндегі осы мезгілдегі әдетінше есігінің алдына шығып алып әндеткен жынды Бүбітайдың даусы.
Тоқтар әлі жоқ. Нәзира әпкемде төзім қалмады.
− Неге келмей жатыр енді? — дейді маған.
Мен қайдан білейін. Менің де мазам кетті. Уақыт деген зырлап өтіп жатыр. Қараңғыда біреу бізге қарай жүрген.
− Біз мұндамыз! — дедім қуанып кеткен мен дауыстап.
− Құдай атсын сен екеуіңді! — деді келе жатқан адам. Апам екен,- Әй, үйдің іргесінде маңырап жүрген ешкіні айдаладан іздеп, сен екеуіңе, сірә, бірдеңе көрінген шығар. Жүріңдер кәне!
Нәзира әпкем екеуміз апамның алдына түсіп үйге қайттық. Дәл есікке таяғанымызда, біреу жүгіре басып, біздің үйдің тұсынан өте берді. Нәзира әпкем де, мен де танып қалдық, соның өзі. Мен: