Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Беті-қолыңды жу,- деді Тоқтар шәугімнен қолыма су құйып. Салқын сумен жуынып, есімді жинап, сергиін дедім. Тоқтар өзі де жуынды. Нәзира әпкем екеумізге үйден сүлгі алып шығып берді, өзінің көзі ісініп қызара жасаурап тұр екен, мені жылатқысы келмеді-ау деймін, қабағын шытынып, тез теріс айналып кетті.
− Сен еркексің ғой, бүйтіп көп жылай берме,- еді енді Тоқтар.- Әйтпесе, әне, апаң қайта-қайта қысылып қап жатыр, сенің жылағаныңды көріп онан әрмен қиналады ғой.
Осы кезде есік алдына колхоз бастығы — Нұғыман кеп атынан түсіп жатқан, Тоқтар со кісіні қарсы алуға тұрып кетті. Нұғыман өлікке әсте жылап келмейтін адам, қаралы үйге ылғи осындай жылау-сықтау басылды-ау деген кезде келіп, көңіл айтып қана шығатын. Оған жылауға да және жылап-сықтау дауыс шыққан жерге баруға да болмайтын. Бір кездері — колхоз ұйымдастыру жылдарында оны бай-құлақтар өшігіп, тірідей жерге көмген екен, содан аурулы боп қалған. Аурулы екені түрінен де белгілі, ап-арық, жағы суалған, көзі бажырайып, еш уақытта күлмейді. Қасында тұрған адамға қарағанның өзінде, бір түрлі, сонау алысқа қарап басқа бірдеңені ойлап тұрғандай болады. Соғысқа дейін пенсия алып, ешқандай жұмыс істемейтін. Үйінің төңірегіне бау-бақша өсіріп, ермек етіп, тау бөктеріндегі жабайы алмаларды екпе алмамен будандастырам деп әуре болған көрінеді. Ал соғыс басталып, дені сау ер-азаматтар тегіс майданға аттанған соң, амалы жоқ, колхозға бастық болған.
Үйге кірген Нұғыман көп отырмастан қайта шықты. Нәзира әпкемді шақырып алып, хал-жағдайымызды сұрады да бір парақ қағаз жазып берді.
Осы қағаз бойынша колхоздан жәрдем ретінде бір қой, екі пұт ұн алыңдар,- деді.- Тоқтар қалқам, сен өзің жәрдемдесерсің.
− Мақұл, аға.
Атына мініп кетуге ыңғайланған Нұғыман:
− Нәзира шырағым, егер бірдеңе қажет болса ұялмай өзіме кел,- деді тағы да.
Сөйтті де атын тебініп жүріп кетті. Бағанадан байқап тұрғам, маған бастықтың аттан түсісі де, мінген кезі де, ат үстінде отырғаны да бір түрлі қызық көрінді.
− Онысы несі? — деп сұрағам Тоқтардан.
− Кеудесіне көрсет киеді,- деді.
− Ол не?
− Темірден жасаған кеудеше.
− Онысы несі, оқ өтпесін дей ме.
− Әй, Қанат-ай, қайбір жетіскенінен киеді дейсің. Кеудесі ауру ғой, оның үстіне екі қабырғасы және жоқ.
− Қабырғалары қайда кеткен?
− Анау жылдары бай-құлақтар жерге тірідей көмгенде екі қабырғасы сынған екен, кейін оны операция жасап алып тастады.
− Ә-ә…
Қаралы қағазға қарап отырып апам көкемнің қырқын беретін күнді есептеп шығарған. Соған әзірлене бастадық. Анадағы колхоз берген қойды әжем аннан-мұннан қаққыштап жем тауып байлап әжептәуір семірткен болатын, соны сойып алдағы жұмада құдайы тамақ бермекпіз. Үйде отын жоқ еді. Нәзира әпкем екеуміз таудан тобылғы шауып әкелуге шықтық. Екеуміз түске дейін жүріп, бүр жарып гүлдей бастаған тобылғыдан әрқайсымызға арқалап жүре алатындай етіп лайықтап екі арқа тобылғы шауып алдық. Нәзира әпкем оларды тап-тұйнақтай ғып буды да төмен қарай домалатып жібердік. Табанға түскен соң өзді-өзіміздің тобылғымызды арқалай бастағанбыз, ауыл жақтан қылтадан сопаң етіп Тоқтар шыға келді. Анадайдан сүйінші сұрайтын адамша ыржиып күліп келеді.
− Екеуіңнің отынды қалай домалатқандарыңды бағанадан көріп тұрдым,- деп қояды.
− Мұның не, Тоқтар-ау?! Әнеу күні келісіп едік қой,- дейді Нәзира әпкем абыржып.
Әнеу күні бұл екеуі менің алдымда: «сөзге ілікпеу үшін, күндіз жұрт көзінше кездеспейік, бір-бірімізді көрсек, анадайдан бұрылып кетейік»,- деп келіскен болатын.
Оның үстіне соңғы кездері апам бұл екеуінің жиі-жиі кездесулеріне наразы еді. Бірде Тоқтарды тоқтатып алып: