Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Тәйірі, осы күнгінің жылқысы жылқы ма,- деп насыбайды аузына тастап жіберіп, астыңғы ернін тырсита малжаңдап тұрып алады.- Сиырдың бас жібін ілмектеп мойнына тастай салсаң тұра қалады, ерттеп мініп ал да шаба жөнел, құйрығын шыжбыңдатып бір-екі шоқалақтайды да соныменен тынады. Шіркін-ай, бір асауға мінгендей боп тақымыңды қыса алмайсың ғой. Мына Тоқтарлардікі, әншейін асау үйретті деген аты ғана да. Баяғыда асауға төрт қабат арқаннан ескен бұғалықты тастап жіберіп, әлекедей жалаңдаған бес-алты жігіт өкшемізді қадап, шірене тартып, тұра қалатынбыз. Сонда әлгі асау аспанға тік шапшып сүйрете жөнелгенде етіктеріміздің ұлтаны қақырап кетуші еді. Жануарларды ұстағаныңда жылқыны емес тап бір жолбарысты ұстағандай болатынсың. Әне, асау деп соларды айтсаңшы!..
Байдалы шалдың әңгімелерін тыңдасаң, бұрын тумай, қазіргі заманда туғаныңа өкінесің. Бүгінгінің адамдары да қораш, малдары да азғын, ең аяғы иті екеш итіне дейін бұралқы. Ал біздерді — балаларды ол мүлде іске алғысыз деп біледі.
− Мұрындарын сүрте алмай жүрген осыларды қойшы. Баяғыда бұлардың жасында өзіміз отау тігіп, үй болып едік. Ал бұ түгелер ертеңнен қара кешке салпақтап киім тоздырып, ойнағаннан басқаны білмейді.
− Ата, сіз неше жасыңызда үйлендіңіз? — деп сұраймыз.
− Мен бе?!- ол аузындағы насыбайын алып тастап, түкірініп қойып, неше жасымда үйленгенін іштей есептеп сәл ойланып қалады. — Маған әкем алты жасымда қыз айттырыпты. Содан он толып, он бірге шығарымда ұрын барып, келер күзінде үйлендім ғой.
− Осы кемпіріңізге ме?
− Жоға тәйірі. Бұл кемпіріме кейін, бертінде совет заманында теңдік алған кезде үйлендім.
− Ал, әлгі, айттырып алған әйеліңіз қайда сонда? — деп біздер де қоймаймыз.
− Бәтшағарлардың тақымдауын сонша,- деп Байдалы шал шегір көздері жасаурай күлімсіреп бәрімізді сықпырта бір боқтап алады.- Қара бұларды қатын десе тақылықтай қалғандарын, оқуға осындай боп тақылдасашы, боқмұрын немелер… Кәне, аулақ жүріңдер, жылқыны үркітесіңдер!
Мұнан әрі ол сөйлескісі келмейді, қолындағы қамшысын үйіріп, жасқап біздерді тас қораның аузынан кейін қарай едәуір қуып тастайды. Оның қуғанынан кетіп жатқан біз жоқ. Біраздан кейін қайта қаумалап аламыз.
− Ата, әлгі бұрынғы айттырып алған әйеліңіз қайда, айтыңызшы? — деп тағы қиыламыз жан-жақтан. Әрине, біздерге шалдың бұрынғы үйленген әйелінің қайда екені бес тиынға да керексіз, тек оны тағы да сөйлетуге, әңгіме айтқызуға құштармыз.
− Немене, қайда екенін айтсам, барып ала қояйын деп пе едіңдер, қызтәләктар, ей, мұрындарыңды…- деп тағы бір сыбап алады.- Қайда болсын, оны жер жұтты дейсіңдер ме, мына Ақтасты колхозында тұрады. Бәтшағар, Тәнеке дегеннің баласымен ашына боп, сөз байласып жүреді екен, совет үкіметі орнаған соң бір түнде сонымен қашыпты да кетіпті.
− Ал сіз қайттыңыз?
− Қайтушы ем. Ата-бабамда қатыннан зарығып өлген ешкім жоқ, кетсе кетсін дедім. Сөйттім де бір түнде мен де мына қазіргі әжелеріңе үйленіп алдым.
− Қалай үйлендіңіз сонда, ата?
− Не дейді?! Қалай үйленгені қалай?! Жә, басымды қатырмай аулақ жүріңдер. Кәне, кейін тұрыңдар, жылқыны үркітесіңдер!.. Әй, Тоқтар, бүгін анау Жиренқасқа бестіні үйретші. Өзін әскерге айдап әкеткенше біраз күн мен мініп қалайын. Жануардың әкесімен әнеу бір жылы көкпарға шапқаным бар еді.
− Бұл, кәдімгі, атақты Жирен айғырдың баласы ма-ей, Байдалы? — деді шалдардың бірі.