Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Қыста бір рет шақырған, жасым әлі толыңқырамапты. Енді осы жазда шақыратын шығар.
− Е, алла-ай, тал шыбықтай бұралып енді жеткендеріңде сендерге де ауыз салды ма?! Қу соғыс, қараң өшкір пәшис?.. Әй, Нәзира, тағы құйып әкеп бер, айран!..
− Рақмет, әже, тойдым.
Есік көзінде тұрған Нәзира әпкеме Тоқтар босаған тостақанды қайтарып беріп жатып:
− Рақмет,- деді сыбырлап. Нәзира әпкем көздері күлімсіреп басын изеді.
«Ой, қуларын-ай» деймін-ау!
Сол жолы Тоқтар кеткеннен кейін де ойында басқа дәнеңе жоқ әжем баяғы «қу соғысты», «қараң өшкір пәшисті» қарғап-сілеп ұзақ отырды, бір ауық әскердегі баласын (біздің көкемізді) есіне алып, жылап та алды.
Кешкісін апам жұмыстан қайтып, шайға отырғанымызда, әжем сөз арасы:
− Апыр-ай, әлгі Шымырбайдың баласы мұрты өсіп, зіңгіттей азамат бопты,- деген тамсанып.
− Оны қайдан көріп жүрсіз? — деп сұраған апам.
− Бағана есік алдында жүн иіріп отырғанымда кеп, өзі амандасты. Тіпті бір инабатты боп өсіпті: «Ағадан хат кеп тұра ма?» — дейді.
− Ол мұнда неғып жүр? — деп апам Нәзира әпкеме көзін аларта қараған. Нәзира әпкем жерге кірердей боп қысылды.
− Білмеймін. Әжем екеуі сөйлескен,- деді.
− Е, есік алдынан өтіп бара жатып амандасқаны ғой,- деді әжем, апамның сөзіне мән бермей.- Шіркін-ай, тал шыбықтай бұралып өскенін қайтейін, биыл жазға әскерге шақыртпақ еді дейді.
− Оған қайдағы әскер,- деген апам немқұрайлы сөйлеп,- әлі екі жылы жетпейді. Біздің мынадан,- деп апам Нәзира әпкемді нұсқап қойды,- үш айдай ғана үлкендігі бар. Тоқтар жазға салым туды да, мынау күзде туды емес пе?!
− Онысын қайдан білейін, маған өзі қыста бір шақыртып, жасым толмай қалғам, енді осы жазға шақыртады деді. Сөйдеді емес пе, Нәзира? — деп әжем әпкеме қарады.
− Иә,- деді Нәзира әпкем.- Ол анау жылы комсомолға өтемін деп екі жасты қостыртып жазғызған болатын.
− Ә-ә,- деп апам аңырып қалды.- Қап, әттегене-ай, а…
− Әй, бірақ өзі де сүйекті бала екен,- деді әжем.- Тіпті алпамсадай ғой.
Міне, сонан бері мен кездескен жерде Тоқтардың мұртына қараймын. Әрине, жақыннан абайлап, үңіліп қарасаң мұрты онша мұрт сияқты боп көрінбейді екен, жаңада ғана тебіндеген ұп-ұсақ, сирек-сирек, ал алыстау тұрып қарасаң, екі ұртының үстінен әп-әдемі боп қиылып, ақсары өңіне ерекше жарасып тұрады. Жұрттың бәрі өзін жақсы көреді. Мен ғана онша ұнатпаймын. Өйткені, ертеңді-кеш Нәзира әпкемді жағалай беруі ұнамайды.
Әнеу бір күні Нәзира әпкем бұлаққа суға барған кезде, мен де соңынан көрінбей ілесіп барып, анадай жердегі қалың бөргездің тасасында тұрғам. Бір мезетте атын суғармақ боп Тоқтар жетіп келді. Бірақ атын түк те суарған жоқ. Ал кеп Нәзира әпкем екеуі сөйлессін, сықылықтасып кеп күле ме-ау, бір-бірінен асып түскілері келгендей ауыздары-ауыздарына тимей, әй, жарысып сөйлейді. Қол-аяғымама бергөздің тікендері инеше қадалғандарына қарамастан, «Осылар не сөйлеседі екен, осы?» — деп сөздеріне құлағымды түріп, жақындау келгем. Сөздерінің пәлендей қызық, соншама мәз боп күлетіндей ештеңесі де жоқ екен, баяғы мектепте оқыған күндерін, кімнің сабақ үстінде қалай отырғанын анау өйтуші еді, мынау бүйтуші еді деп, соны сөз қып тұр екеуі де. Тіпті бұлақтың басында тұрғандарын да ертең ауыл арасы өсек етер сырт көз барын да мүлде ұмытқан өздері.
Шыдай алмай кеттім, жұдырықтай тас алдым да екеуінің дәл ортасына лақтырып жібергем, екеуі де селк етіп, сасып қалды. Тасты қай жақтан, кім лақтырғанын біле алмай аң-таң. Мен тағы тас лақтырдым. Осы кезде ғана Нәзира әпкем өзі мені көре алмаса да, мен жасырынып тұрған қалың бөргез жаққа қарап:
− Әй, Қанат, көкшешек, қой енді, әйтпесе желкеңді қиям, – деді.