Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

− Ойбай, тағы не боп қалды?! Тағы қай сорлының үйіне жаманат келді?! Нәзира-ау, жүгір!- деді әжем басын көтеріп.

Нәзира әпкем атып далаға кетті. Апам диірмен тасты төңкеріп, тартылған ұнды жинап тегешке салып, үсті-басын қаққыштай бастады.

− Әлгінде кешкісін ғана ауылсоветте болғанымда ешқандай жаманат хабар жоқ сияқты еді ғой,- деп қояды.

Әлден соң Нәзира әпкем қайтып оралды. Көзі бағжаңдап ентігін баса алмайды.

− Бүбітай жынданыпты,- деді.

− Тек әрі, не дейді?! — деді әжем мен апам қосарлана тіксініп.

− Рас. Жаңа кешкісін өрістен қайтқан сиырын сауыпты да, сүтін астауға құйып есігінің алдына шығарын қойып, онан соң өзі соған қарап мөлиіп отырған. «Мұның не?» — десе, «пісіріп отырмын»,- депті. Сөйтіпті де аттандап жылап, өзінің бетін өзі тырнай бастапты.

− Астапыралла! — деп көкірегін ұстаған әжем күбірлеп дұға оқыды.- Айтып ем ғой, Көкінайдың қарғысы жібермес деп, айтып ем ғой.

Сөйтіп, келер жылы көктемде Бүбітай жынданды. Ертеден қара кешке дейін есігінің алдына шығып отырып алады да зарлап өлең айтады. Жылайды, күйеуінің, баласының аттарын атап аттандап дауыс салады. Өзі қара қайыстай боп қатып-семіп, түрі адам шошырлық күйге түсті.

ТОҚТАР МЕН НӘЗИРА

Сол жылы көктемде мен Нәзира әпкемді аңдитын әдет шығардым. Оным жақсы ма, жаман ба, дұрыс па, әлде бұрыс па,- ол жағын білмеймін. Әйтеу, ол ауыл үй арасы қайда барса да мен жансызданып, сыртынан бақылап жүрем: ауыл шетіндегі бұлаққа суға барғанында көрінбей соңынан ілесіп бұта-бөргездердің тасасында тұрам, екі кештің арасында көршілерден сүт, яки ыдыс-аяқ сұрай кіргенінде бұрыштағы тасадан және аңдимын. Ол болса менің бұл қылығымды әжем мен апамнан көретін, мені өзінің соңына солар салып қойды деп ойлайтын. Ал шындығында әжем де, апам да маған ештеңе айтқан емес, аңдитұғын менің өзім. Себебі соңғы кездерде мына ойдағы қауын салатын Шымырбай шалдың баласы — Тоқтар біздің үйді төңіректеп шықпайтын боп алды. Нәзира әпкемнің соңынан қалмайды. Екеуі жанаса кетсе-ақ ыржақ-ыржақ күлісіп, жәпектеп кеп сөйлеседі. Не сөйлесетіндерін кім білсін, әйтеуу бірінің-бірі аузына кіріп кете жаздайды.

Тоқтар — ұзын бойлы, ақсары өңді, сұлу жігіт. Үлкендер оны әлі бала дейді, бірақ біздерге ол үлкен жігіт сияқты көрінеді: биыл өзіне мұрт өсе бастаған. Оның мұртын байқамас та едім, бірде біздің үйдің алдынан өтіп бара жатып, есік алдында күн шуақта жүн иіріп отырған әжеме:

− Амансыз ба, әже?! Деніңіз сау, күйлі-қуаттысыз ба? — деп амандасқан болатын. Ал өзіне бүйтіп сәлемдескен адамға әжемнің жаны қалмайтын әдеті.

− Әй, бұ қай баласың? — деген.

− Мен, Тоқтармын ғой, әже.

− Шымырбайдың Тоқтарысың ба?

− Иә.

− Ой, айналайын, өркенің өссін, қарағым,- деп әжем әбден разы боп қалған.

Ал Тоқтар:

− Ағадан хат кеп тұра ма? — дегенде әжем оған мүлде қулап түскен еді.

− Кеп тұрады, қарағым. Кеп тұрады. Әй, Нәзира! — деген онан соң дауыстап.- Айран алып шықшы мына Тоқтарға.

Тоқтар алғыс айтып кете бермек болып еді, бірақ әжем жібермеді.

− Қарағым, есік алдынан құр ауыз өткенің болмайды, дәм татып кет,- деді.

Нәзира әпкем іштен бір тостақан айран алып шығып ұсынды. (Бұл күні ол үйдің ішін тазалап, кір-қоңды жумақ боп жұмысқа бармай, сұранып үйде қалған). Тоқтар айранды асықпай ұрттай отырып, әжеммен біраз әңгімелескен.

Мен болсам Тоқтардан да, Нәзира әпкемнен де көз жазбай, бұлар қайтер екен деп, екеуіне алма-кезек қарап байқастап тұрдым. Қуларын-ай десеңші, әжемнің көзінше екеуі де түк білмегенсіп сызыла қалыпты. Бір-біріне тек көздерінің астымен ғана қарап қояды.

− Қарағым өзің әйтеу әскерге шақырғаннан амансың ба? — деп сұраған әжем.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий