Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Тоқтар бірдеңе деп күңкілдеп сөйледі де тез атына мініп, түк білмегендей желдірте жүріп кетті. Нәзира әпкем иінағашпен суын көтеріп, мен жаққа қарай тағы бұрылды да:
− Шық бері, жүр! — деді.
Мен бөргез арасынан шыққам жоқ, со жасырынған күйімде қала бердім.
− Сені ме, бәлем, тұра тұр! — деді әпкем.
Бірақ Нәзира әпкемнен қорқып жүрген мен жоқ. Шындасам оның жігітпен сөйлескенін әжем мен апама айтып, жанын шығартам ғой. Сондықтан күштің өзім жақта екенін жақсы білетінмін.
Кеше доп қуудың қызығымен кештің қалай түскенін білмей, ымырт үйіріле ойыннан қайтып келе жатқам, дәл өзіміздің сиыр қораның іргесіне жете бергенімде, бұрышта сөйлесіп тұрған екеудің үстінен түскенім. Тағы да со Тоқтар мен Нәзира әпкем. Тоқтар Нәзира әпкемді білегінен ұстап ап, жібермей тұрған сияқты.
− Қойшы, Тоқтар, сүйіскен деген не ол, ұят емес пе. Айтып тұрмын ғой енді, өмір бойы сендікпін деп, сенсеңші сөзіме.
Тоқтар бірдеңе-бірдеңе деп сыбырлай күңкілдеді.
− Қойшы, жіберші. Үйден біреу шығып қалса, құртады мені.
Қараңғыда еңкейіп жүріп қолыма іліккен кесекті ала салдым да лақтырдым. Тоқтар Нәзира әпкемді жібере салды да, әрі қарай қаша жөнелді, ал Нәзира әпкем үйге қарай зытты. Жолында тұрған мені қағып кете жаздады.
− Көкшешек, аңдығаныңды қашан қоясың осы?! Желкеңді қияйын ба!
Қиып көр,- дедім мен.
− Қиямын,- деп кеп ол желкемнен ұстай алды. Қолы мұндай қатты, қарулы болар ма, мытып жіберді. Мен еркексініп айбат білдіріп бұлқынып көріп едім, босатар емес. Онан сайын сығымдай түседі.
− Қоясың ба, аңдығаныңды?
− Қоймаймын.
− Мә, ендеше қоймасаң, мә…
Желкемнен со сығымдап қысқан күйінде, май құйрығымнан бір-екі рет тартып-тартып жіберді. Ұрғаны қаудырлаған тері шалбардан онша өте қойған жоқ, бірақ желкемнен қысқаны жиырма бата бастады.
− Әже-е! Апа-а!..- деп бақырып жібердім.
Нәзира әпкем жібере салды.
− Қоймасаң, көрдің ғой, алатын сыбағаң осы!
− Мен қазір әжеме, апама айтам.
− Айтып көр!
− Айтам,- деп мен есікке беттедім.
− Қанат, тоқта! Жә, тиіспеймін. Әншейін әзілдегенім ғой, шынымен кек тұтып қалдың ба?
− Бәрібір айтам, Тоқтармен әнеу күнгі бұлақ басында тұрғаныңды да, жаңағы оның сені сүймек болғанын да… бәрін айтам қазір.
Есікке қарай шегіншектеп аттай түскем.
− Қанат, айналайын, не істе десең де істейін құлың болайын,- деді жаны шыға жаздаған Нәзира әпкем жалынып.- Рас, сен не істе десең де істейін.
Нәзира әпкемнің өзіме осынша жалынып, жалбарынғанына қыбым қанып, рақаттанып қалдым.
− Ал жарайды,- дедім өзімше күжірейіп.- Енді менің құлым боласың. Не бұйырсам да орындайсың.
− Орындаймын дедім ғой.
Осы арада оны құлым қылу үшін не бұйырсам екем деп ойладым да, қапелімде жөнді ештеңе ойлап таба алмадым. Тек:
− Бір аяғыңды көтеріп, бір қолыңа кірпіш ұстап тұрасың,- дедім.
− Не дейді?
− Біздің класта Мұқан ағай тәртіп бұзғанымызда бір аяғымызды көтертіп, бір қолымызға кірпіш ұстатып бұрышқа тұрғызып қояды. Сен де сөйтесің.
− Мақұл.
Үйге кірген соң қабағы салыңқы апам екеумізді де біраз қуырып алды.
− Сен қайда жүрсің, осынша түн жарымына дейін тентіреп?! — деп,әуелі мені тергеді.
− Ойнадық…
− Ойының осылсын, ойының осылғыр. Үсті-бастан сау тамтық жоқ, алым-жұлым боп. Шық былай, сүміреймей.
Осымен мен құтылдым. Енді апам Нәзира әпкеме ауысты.
− Сенің не ауруың бар осы, жұмсаған жерге жоғалып кететін. Мына тұрған үйден елеуіш әкеле қой дегеніме дәл бір шай қайнатым уақыт болған шығар.