Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

− Па, шіркін, қыз өссе Нәзирадай боп өссін. Бір үйдің ер-азаматын жоқтатпас! — деп тамсанады. Сондайда араға әжем килігеді.

− Осы жұрт сұқтанбаса жүре алмайды-ау деймін, түге. Қызымды ауыртасыңдар тфәй деңдер,- дейді. Онан соң үйге кіріп, қазандықтың күйесін саусағына жағып қайта шығады,- Әй, Нәзира, бері келші.

− Немене, әже?

− Бері кел!

Аңқалақтап жүгіріп келген Нәзира әпкем:

− Иә, не айтасыз? — дейді әжемнің неге шақырғанын біле тұра.

− Еңкейші бері, құлағыңа бірдеңе айтайын.

Нәзира әпкем еңкейген кезде әжем саусағындағы күйені оның бір жақ шекесіне болар-болмас жағып қояды.

− Болды, бара ғой.

− Түу, әже-ай, осыған бола жұмысымнан бөліп. Маған ешкімнің көзі де, тілі де тимейді.

− Тәйт әрі! Күпір сөйлеме!

Балалық шақтан әсіресе мықтап жадымда қалғаны: көктемге қарайғы апам мен Нәзира әпкемнің жұмыстан шаршап титықтап қайтқан кейіптері. Күн ұзын соқамен жер жыртып, қара суықта өңдері қап-қара боп тотығып, шаң-топыраққа батып, әбден қалжырап қайтатын. Апамның белінің шойырылмасы бар еді, сол жанына бататын болса керек, қабағы кіржиіп күйзелген кескінмен өзін салқын ұстайтын, қарсы алдынан жаутаңдап өре түрегелгенімізде ешқайсымызға түс жылытып, еркелетпейтін. Ләм-мим деместен тас қып байлап алған белін шешетін де пештің іргесіне барып, қашан белінің сырқырағаны басылғанша қозғалмай отыратын да қоятын. Сонан кейін ғана божылдай қайнаған шәугімді алдына алып, маңдайы терши түсіп, тұз қосып, ақ су — шай ішуге кірісетін.

Төсек салып, жатар алдында апам мен Нәзира әпкем екеуі қол диірменді орталарына алып, ертең пісіретін нан үшін үн тартуға кіріседі. Біз ұсақ балалар тауықтың балапандарынша шүпірлеп кем әжеміздің бауырына кіреміз. Бізді ұйықтату үшін әжеміз ұзақ ертегі бастайды.

Үйдің іші ала көлеңке. Жалп-жұлп етіп сығырайып жанған май шамның жарығы қуыс-қуысқа жете бермейді. Ірге жақтар күңгірт тартып зәремізді ұшырады, әжемізге қарай тығыла түсеміз. «Әже, бері қарап жатшы», «Әже, мен жаққа қарашы»,- деп ор тұстан тартқылап қоямыз. Апам мен Нәзира әпкем екеуінің әңгімелері өздерінше, қол диірменді бір қалыпты баяу ғана айналдыра отырып, колхоздың жұмысы жайлы, соғыс жайлы екеу ара күңкілдеп сөз етеді. Ол екеуінің әңгімелері бізге онша қызықты емес. Кейде әжеміз, айтып жатқан ертегісін үзіп тастап:

− Тұқымды сеуіп болдыңдар ма? — деп сұрайды апамнан.

− Жоқ. Кіші Ақбелге ертең түсеміз, сонымен боламыз,- дейді апам даусын көтере үн қатып.

− Тездетсеңдерші, топырақ құрғап кетпесін.

− Адам жетіспей жатыр емес пе.

− Е, жаратқан бір алла… Кіші Ақбелге биыл не себетін едіңдер?

− Тары.

− Ә, жөн. Ол жерге тары жақсы өседі. Баяғыда Жәпіш деген жатақ сол Кіші Ақбелге бір қап тары сеуіп, жиырма-отыз қап қып жинап алатын.

Мұнан әрі әжеміз ертегісін қайта жалғастырып әкететін. Кейде әжеміз апам мен Нәзира әпкемнің әңгімелеріне құлағын түріп тына қалатын.

− Сонан кейін не болды, әже?

− Ары қарай айтсаңшы! — деп біз әр бүйірден қыңқылдай бастаймыз.

− Жо, түге, қоя тұрыңдаршы, сөз тыңдайын.

Өздерінің әңгімелерін әжемнің де тыңдап жатқанын білген Нәзира әпкем мұнан әрі естірте сөйлейді.

− Бүгінгі келген газетте біздің әскерлер Украинаның екі үлкен қаласын жаудан азат етті деп жазыпты. Дұшпанның қаншама әскерін, соғыс құралдарын, техникасын жойған көрінеді. Кескілескен ұрыс дейді.

− Е, алла, өзің жар бола көр… Әлгі көкеңдер қай жағында жүрген көрінеді?

− Көкем Солтүстік батыс майданда ғой.

− Әйтеуір, әлгі кескілескен жерден аулақ болсын да, сөйдеп жазсаңдаршы.

Осы кезде көшеден аттандаған әйел даусы шығып, ауыл үйдің арасы шаң-шұң болды да кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий