Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Біз үңгірге жақын келіп үңіліп қарағанбыз: бес-алты жас күшік біріне-бірі ұйлығып ұмар-жұмар боп шиық-шиық қыңсылайды. Қарақаншық бұл маңайдан көрінбеді.

− Әдіре қалғыр, иесі жоқ қаншықтың күшіктей бергені қайбір жақсылық дейсің,- деп кеп, Бүбітай үңгір аузын күрекпен опырып, ішіне қарай құлата бастады. Үстеріне ауыр кесектер құлаған жас күшіктер жылаған балалардай баж-баж шаңұлдасып қыңсылайды. Бүбітай қарулы әйел еді, алма ағаш түбінің лезде астаң-кестеңін шығарып, үңгірді жермен жексен ғып бітеп тастады. Әуелде қатты қыңсылағандарымен күшіктердің үні де тез өшті. Біз, балалар, бір-бірімізге жаутаңдап қарағанымыз болмаса осының бәрін бастан-аяқ үнсіз бақыладық та тұрдық. Онан соң Бүбітайға еріп, шұбап ауылға қайттық. Ымырт үйіріліп қалған. Артымызға қайырылып қарай береміз.

− Әне, Қарақаншық келді,- деді бір бала сыбырлай сөйлеп.

Алып алма ағаштың түбінде жер иіскелеп Қарақаншық жүр екен. Бір-екі рет әлдекімді шақырғандай үріп-үріп қойды, онан соң қыңсылады, жер тырмалап ұлыды.

Ертеңіне таңертең тұра сап біз — балалар алып алма ағаштың түбіне тартқанбыз. Әуелі алыстау тұрып:

− Көкінай! Көкінай! Кә! Кә! — деп шақырып көрдік. Бірақ Қарақаншық еш дыбыс бермеді, көрінбеді де. Біз қорқақтай басып үңгірге таяп келдік: кешегі Бүбітай көміп, тегістеп кеткен үңгір қайта қазылып, іштегі топырағы қобырап сыртқа шығып қапты. Жақын кеп үңілдік: бірде-бір күшік көрінбеді. Сірә, Қарақаншық әлі де болса күшіктерін басқа жаққа қазып әкеткен сияқты. Төңіректі тегіс шарлап, кешке дейін іздеп көрдік, бірақ Қарақаншықты да, оның өлі күшіктерін де таба алмадық.

Қарақаншық со күйі ұшты-күйлі жоғалды. Біз біраз уақытқа дейін сөз қылып жүрдік те, кейін ұмыта бастадық. Алып алма ағаштың алмасы өзімізге қалды. Үйден шыға саламыз да, күні бойы соның түбінде боламыз, асық ойнаймыз, онан қала берсе үңгірді кеңейтіп, түбіне сабан төсеп үйшік жасаймыз.

Күзге қарай алып алма ағаштың ақ алмасы сарғылданып, уылжып пісе бастады. Қанша жесең де тісіңді қармамайды. Дорбаға толтырып үйге әкелгеніңше езіліп кетеді. Ортасынан тіліп, жіпке тізіп қақ жасаймыз. Ауыл балалары тегіс жиналып күнде тасимыз алманы. Аз күннің ішінде алма ағаштың алмасы тек биіктегі бұталарының ұшар бастарында ғана қалды. Созсаң қол жетпейді, сілкісең түспейді. Басқа алмалар сарғылданып піскенде, әлгі биіктегі алмалардың бір бүйірлері шиқандай боп қызарып, көздің жауын алады. «Шіркін-ай!» — деп аузымыздың суы құрып қызығамыз. Бір күні Сыпатай сол ұшар биіктегі қызыл алмаларды алам деп, тоқтау айтқанымызға бой бермей, алып алма ағаштың төбесіне өрмелеп шықты. Қызыл алмаларға жетіп, енді қол соза бергенде, аяғын тіреп тұрған бұтақ сынып кетіп, төмен қарай құлап түсті. Балалар шу ете қалдық. Жүгіріп жанына барсақ, көкпеңбек боп, тыныстай алмай бүгжиіп қапты. Бір-екі бала аттандап ауылға қарай жүгірді. Ағыл-тегіл еңіреп Бүбітай жетті. Баласын жерден көтеріп алған, былқ-сылқ етіп ыңыранғаны болмаса тілге келмеді.

Сыпатайдың өлімінен кейін шешелеріміз бізді алмаға жіберуді қойды. Бөктерге қарай аяғымызды қия басудан қалдық.

Сол екі арада қыс түсті.

Біздің ауылдың әу баста колхоз боп қалай ұйысқанын біз — кейінгі жас ұрпақ тек үлкендер айтқан әңгімелерден ғана білеміз. Жоңғардың жықпыл-жықпылдарында шашылған тарыдай қысы-жазы бытырап көшіп жүрген көшпелі жұрт жиырмасыншы жылдардың аяғында әр тұсқа кеп, жиырма-отыз түтіннен бірігіп қоныс теуіп, артельдер құрыпты. Сөйтіп, отырықшылыққа айналған. Онан колхоз болған. Ал кейінде туған біздерге сол колхоздар адамзат жаралған күннен бастап құрылғандай боп көрінетін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий