Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ертеңіне таңертең алып алма ағаштың түбінен бөктерге қарай өтіп бара жатқанымызда Қарақаншық көзімізге оттай басылып ұшырай кетті. Алма жеп жүр екен. Іші салбырап, біртүрлі аянышты бүрсектейді.

− Әй, әнең қараңдар, Қарақаншықты!

− Ой, байғұс-ай, тірі екен-ау!

− Көкінай, Көкінай! Кә, кә!

Бұл жолы Қарақаншық дағдысынша әуені иіскеп, құйрығын бұлғаңдатқан жоқ, тістерін ақситып сақ-сақ еткізіп ырылдап қойды. Ашулы тәрізді.

− Байғұс, ауру болу керек, бүрсектеуін.

− Жоқ, көрмейсің бе қарнын, емшектерінің салақтауын, осы дәуде болса күшіктеген сияқты.

− Рас-ей! Күшіктеген.

− Ур-ра! Қарақаншық күшіктепті! Биылғы күшігінің біреуін ін і аламыз! Ур-ра!

Онан соң бәріміз жерге шөке түсіп отыра қап, демдерімізді Ішке тартып тың тыңдай бастадық. Үңгір жақтан жас күшіктердің әлсіз ғана шиық-шиық қыңсылағандары естілді. Сол арада дереу үйден қалтамызға салып шыққан азын-аулақ нандарымызды жинап, Қарақаншыққа тастадық. Байғұс, әбден ашыққан екен, көзі қып-қызыл болып «ыр-ыр» етіп нанды қомағайлана асайды.

Бұл күн біз үшін мейрам болды. Төскейде алма теріп жүріп айтатын екі әңгімеміздің бірі Қарақаншық төңірегінде: соның соғыстан бұрынғы ел аузына тараған алғырлық даңқы жайлы, әрқайсымыздың үйіміздегі оның күшіктері туралы, олардың анасына тартқан кейбір ерек қылықтары туралы айтып тауыса алмаймыз. Бірімізден біріміз асып түскіміз келеді.

− Байдалы шал айтқан құмайы күшігі меніңше осы жолы туған болу керек,- дейді Сыпатай деген бала білгішсініп.- Өйткені, үш күн бойы көрінбей жатып күшіктеуі тегін емес.

− Ендеше мен өзім осы жолғы күшіктерінің ішінен таңдап алам.

− Мен де осы жолғы күшігінен алам.

− Онда естеріңде болсын, құмайы болатын күшік өте нәзік, әлсіз боп туатын көрінеді.

− Өй, сен де соғады екенсің.

− Мен соғып тұрғам жоқ, со Байдалы шалдың айтқаны. Өйткені, күшік нәзік, әлсіз болса кейін желқұйын болуы оп-оңай.

Өстіп дуылдасып жүріп кештің қалай түскенін де аңғармаппыз. Дорба, қоржындарымызды арқалап ауылға қайттық. Дәл алып алма ағашқа таяғанымызда алдымыздан шаң-шұң айқай, қыз баланың зар қағып жылағаны естілді. Жүгіре басып бәріміз жотаға көтерілдік: алып алма ағаштың түбінде, қолында көк шыбығы бар Сыпатайдың апасы Бүбітай Тоштан деген жетім қызды шырылдатып қуып жүр екен. Тоштан біздерден бірер жас үлкен тұлдыр жетім қыз, шешесі жағынан ағайындас болған соң, Бүбітай оны қолына кіргізіп алған еді. Ертеден кешке дейін үй шаруасын істететін. Міне, сол Тоштан қолында күрегі бар, зар еңіреп қашып жылап жүр.

− Апатай-ай, апатай… Басқа не айтсаңыз да істейін, бірақ мұныңызды істей алмаймын, апатай… Обал ғой, апатай…- деп жылайды.

− Мен саған көм деймін, жаман қар! Сүтті ішкізген, нанды жегізген сенсің, енді көм, кәне! Мынау тілімді ала ма-ей, жоқ на?! — деп, көк шыбықпен қызды тартып-тартып қалды.

− Көмбеймін, апатай! Көмбеймін! Өлтірсеңіз де көмбеймін! — деп Тоштан қолындағы күректі лақтырып тастады да, жаңағы біз келген бөктерге қарай шырқырап қаша жөнелді.

− Ұстаңдар, ана қарды! Ұстаңдар! — деді Бүбітай соңынан ұмтылып. Біз тегіс дорбаларымызды тастай сала Тоштанның артымнан қуған болдық, бірақ сирағы ұзын қыз жеткізсін бе, лезде қалың бөргездің арасына кіріп адастырып кетті. Оны жер-жебіріне жетіп біраз қарғап, сілеген Бүбітай алып алма ағаштың, түбіне қайта оралып, әлгінде Тоштан лақтырып тастап кеткен күректі алды. Аңтарылып тұрған біздерге, бүгін түсте Қарақаншықтың есік ашық қалған кезде ауыл үйлеріне кіріп бір қазан сүтті ішіп, бір таба нанды жеп кеткенін айтты және бүйте берсе кейін күшіктерінің бәрі ұры боп өсіп, ауылға ұры иттер қаптап кетеді деді.

− Ондай болса мен ол Қарақаншықтың өзін де өлтіремін,- деп қоқиланды Сыпатай.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий