Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Біз сол қашқан бойда екі-үш жотаны асып барып, бір-ақ тоқтадық. Алдымызда келе жатқан Әжібек кейін қайырылып:

− Түгелсіңдер ме? — деп сұрады.

− Түгелміз.

− Ештеңе ала алдыңдар ма?

− Мен екі қарбыз алдым,- деді Қайрат.

− Маладес!

− Мен де екеу алып қашып едім, біреуін домалатып алдым,- деді Санат.

− Мен мына бір үлкен қарбызды алып шықтым,- деді тағы біреу.

Сөйтіп ұрлап шыққан қауын-қарбыздарымызды ортаға салдық.

− Ал енді бұларды ауылға апаруға болмайды,- деді Әжібек.- Осы арада отырып рақаттанып жеп алайық.

Айдалада, түннің бір ортасында су татыған көк қарбыз бен көк қауындарды дірдектей отырып жеп алдық…

Ертеңіне үй ішіндегі абыр-дабырдан ерте оянып кеттім. Бет-аузым түндегі жеген қауын-қарбыздан сірне-сірне боп тырысып қапты. Ернімді жалап керіп едім, дүрдиіп ісіп кетіпті, ұшық шыққан сияқты. Үй ішінде әжем мен көрші кемпір сөйлесіп отыр екен.

− Сорлы Шымырбай, сорлады ғой, сорлады ғой,- деді әжем күйзелген үнмен. Мен елең етіп құлағымды түргем: Тоқтардан қаралы қағаз кепті, ауылдың ақсақалдары жиналып соны естіртуге барғалы жатыр екен. «Түу, мен де бір, түндегі жорығымызды сетіп қойды ма деп, зәрем ұшса, қаралы қағаз екен ғой…» — деп ойладым.

Бұ балалық дегенді қойсаңшы. Сол бір оқиға есіме түссе күні бүгінге дейін кірерге жер таппай қысыламын. Сонымыз не біздің? Неге біз сондай болдық? Жалғыз үй шал-кемпірге не үшін қиянат жасадық сонда? Жазығы не еді олардың? Неге?.. Неге?.. Бәлкім, балғын балалығымызға жара салған соғыс кінәлі шығар, күтімсіз өскен жабайы алмадай ащы болуымыз да содан шығар, жабайы алманың тісті қамап сырқырататыны тәрізді жанға батар қылықтар істеуіміз де содан шығар? Кім білсін. Бір нәрсе ғана ақиқат: өзің ақымақ, әрі қорқақ болсаң жауыз болуың да оп-оңай, тек бастаушың болсын.

Сәлден кейін Нұғыман кешегі қауынға ұрлыққа аттанған барлығымызды кеңсеге шақыртып алды. Менің апам да осында екен. Екеуі де түнеріп ашулы отыр, бізге жек көріп суық қарайды. Ортамызда Әжібек жоқ боп шықты.

− Әлгі басшысы қайда бұлардың? — деді Нұғыман біздерді шақырушы балаға.

− Ол таң атпай тұрып станциядағы нағашысына кетіпті. Сол жақтан жұмыс істеп, оқу оқимын дейтін көрінеді.

− Қашқан түрі ғой. Сол жақтан-ақ ұстаймыз оны. Ал сендерді қазірден бастап анау тас қораға он күнге қаматам, ешқандай тамақ бергізбеймін,- деді Нұғыман біздерге түйіле қарап.- Сендердей ұрыларды аштан қатырғаннан басқа амал жоқ.

Біздер зәре-құтымыз қалмай дірілдеп кеттік. Нұғыманның тас қораға апарып он күн бойына қамайтынына, еш тамақ бергізбей аштан қатыратынына титтей де күмәніміз болған жоқ. Мен араша түсе ме дегендей апама қарағам, мүлде селт етер емес, қабағын қарс жауып алған, алдында баласы — мен емес, тура бір фашист отырғандай түсін бермейді. Нұғыман одан:

− Сіз балаңызды қамағанға қарсы болмайсыз ба? — деп сұраған.

− Жоқ, қарсы емеспін. Алыс бір жаққа айдатып жіберсеңіз тіпті жақсы болар еді. Мұндай қарақшы баланың маған барынан жоғы,- деді апам түңілгендей.

Мен шыдай алмай жылап жібердім.

− Апатай-ай, ендігәрі ондай ештеңе істемейін, кешірші мені… кешірші…

Сол-ақ екен басқа балалар да шуылдап жылап қоя берді, олар да бастыққа, менің апама өлердегі сөздерін айтып, жалынып-жалбарынып кешірім сұрап жатыр.

− Жарайды,- деді әлден уақытта Нұғыман,- бір жолға кешірейік. Ендігәрі олай істеуші болмаңдар.

− Істемейміз.

− Енді Әжібекке ілеспейміз,- деп бір ауыздан уәде бердік.

− Барыңдар! — деді енді Нұғыман даусын жұмсарта сөйлеп,- Бір сағаттан кейін пішенге баруға дайындалып, осы кеңсенің алдына жиналыңдар. Байдалы арбамен Қоғалыбұлаққа апарып салады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий