Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Жұмыс қас қарая тоқтатылып, пішеншілер қос басындағы, құжынаған жынды көбелектер мен шыбын-шіркейлердің талауына түскендей жалп-жұлп еткен май шамның көмескі жарығында қалғып-мүлгіп отырып кешкі тамақтарын ішті де, әркім қалаған жеріне шөп төсеп, қисая-қисая кетті де ұйқыға кірісті. Мен Нәзира әпкемнің ірге жағына кеп тығыла жатқам. Енді ұйықтап барады екем, астымдағы қурайлы шөп сылдыр етті. Селк ете түсіп, көзімді ашқам, Нәзира әпкем түрегеп кетіп барады екен. Алды-артына қарайтын емес, қараңдап алыстап барады. Ұшып тұрдым да соңынан ілестім. Қараңғыда аяғыма шөгірлер батып ұшып түсе жаздаймын, бірақ сонда да Нәзира әпкемнен көз жазбай келем. Қостан кеп ұзап, алыстап кеттік. Бір кезде алдымда келе жатқан Нәзира әпкемнің өксігені, одан үн шығарып жылағаны естілді. Тағы біраз жүре түскен соң, кәдімгідей дауыс салып жылады. Әуеліде сөйлеп-сөйлеп алып жылаған:
− Неден осынша бақытсыз болдым. Неден осынша сормаңдай едім. Жарық дүние-ау, қай күні ғана қарғысыңа шалынып тудым екен. Әкеден айырылғаным анау, сүйгенімнен айырғаның мынау… Неден жаздым?.. Неден?..
Біраздан кейін сөзді қойып, ыңырсып жылап, зарлы жоқтауға ауысты. Өзі дамылсыз жүріп келеді, шабылмаған қалың шабындыққа шыққамыз, соны кешіп келеді, сөйтіп келе жатып жоқтау айтып келеді. Жанына батқан қайғыға қабырғасы қайысып, егіле жылап, зар илейді. Мен де жылап келем. Тоқтарды есіме түсіріп, ол енді еш уақытта Нәзира әжеме кеп, біздің үйді торуылдап жүрмейді-ау деп, ойлаған сайын ішім удай аши түседі. Өкіріп жылағым келді. Нәзира әпкем құсап ішімдегімді мен де сөзбен, зарлы жоқтаумен шығарғым келеді.
− Тоқтар аға!.. Тоқтар аға!..- деп еңіреп жылап жібердім де алға қарай жүгірдім, шабындыққа аяғым оралып сүрініп жығылғам, тұра сап қайта жүгірдім.
Нәзира әпкем екеуміздің құшақтарымыз айқаса кетті, айдалада екеуміз де ішіміздегі құсталықтарымызды ағыттық. Дауыс сап, көрісіп тұрып жыладық. Қанша уақыт жыладық, аз ба, көп пе, білмеймін. Есімді жиып, басымды көтерсем, бозарып, қауынның тілімімдей боп ай туған екен. Айнала төңірек бозамық тартып, май шамның жарығы түскендей боп көмескі көрінеді. Әпкем екеуміз өксігімізді тартып қойып, солығымыз басылғанша отырдық. Ол мені шашымнан сипайды, баурына тартып қыса түседі. Бауыры жып-жылы.
Біреу өкпе тұсымыздан ағараңдап жүріп өтті.
− Өк! Ой арам қатқыр, өк! Сыпатай-ау, былай қайырсаңшы!..
Жынды Бүбітайдың даусы. Қорқып кеттім.
− Байғұс, күнде түн жарымында осы жаққа кеп, жоқ малды қайырып жүргені. Өстіп қаңғып жүріп бір күні далада өліп қалады ғой,- деді Нәзира әпкем ауыр күрсініп.
Бүбітай өзімен-өзі сөйлеп ұзай берді. Бір сәт алыстан зарлаған әні естілді.
Қара көзім,
Жете алмадым,
Жер шалғай,
Жалғыз өзім…
Көпке дейін естілді де тұрды.
Біз, Нәзира әпкем екеуміз, ақырындап аяңдап қос басына қайттық. Шабындық үстін шық басыпты, аяғым суланып келеді. Өне бойым дірілдеп, тітіреніп қоям.
КҮЗ БЕН ҚЫС
1
Жаздың соңғы күндері болатын. Бір күні түсте станция жақтан келетін қара жолмен бұрқылдата жүгіріп: «Сүйіншілеп!» біреу шыға келді.
− Сүйінші!.. Сүйінші!..- деп екі санын сабалап келеді.
Жақындай бере таныдық, кәдімгі өзіміздің Әжібек. Түнеукүнгі станцияға нағашысына қашып кеткеннен қайтқан беті. Басында пилотка, бұтында галифе шалбар — құдды әскердің өзі дерсің, екі өкпесін қолына алып ұшып келеді. Өзіне қарай өре жүгірген біздерге:
− Сүйінші… сүйінші, ЬІрысбек қайтып келе жатыр соғыстан,- деді алқына дауыстап.-«Мына төбенің астында келе жатыр. Жүгіріңдер, сүйінші сұраңдар ауыл-аймақтан!..