Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Айтқанындай бір сағаттан кейін қос ат жегілген Байдалының арбасына тиеліп, ауылдан алты-жеті шақырымдағы пішеншілер қосы — Қоғалыбұлаққа жол тарттық. Қос көк ат бастарын шұлғып қойып, сонадан қорғаншақтап өздерін өздері құйрықтарымен сабалап бүлк-бүлк желеді, арба борпылдақ қара жолмен былқ-былқ етіп тербетіледі. Төңіректегі балқұрақ сәске күннің қыздыра бастаған аптабына майланған қайысша балбырап, былқып тұр. Гүл қуған неше түрлі көбелектер сайпалақтай ұшып аттардың баурына, арбаның астына кіріп кете жаздайды, ал шегіртке дегенің жыртылып айырылып жатыр, Аттың шашасынан шашылған құмдай бытырайды. Байдалы шал дамылсыз сөйлеп келеді. Бар сөзі Әжібекті жамандау.

− Бас бітімі жаман ғой иттің шақшадай боп. Әй, әсте жақсылық шыға қоймас ол бастан. О, ол ма? Ол әлі жер өртейді, көріңдер де тұрындар. Осы айтқаным келмесе мына мұрнымды кесіп берейін,- деп қояды.

Қоғалыбұлаққа жеткен соң әрқайсымыз бір-бір өгіз сүйреткінің басына мінуге бөліндік. Мен әуелден-ақ Нәзира әпкемнің жетегіндегі сүйреткінің басына мінуді меншіктеп алғам. Солай қарай жүрдім. Мені анадайдан таныған Нәзира әпкем де жайраң қағып қуанып қарсы ұмтылды. Он күндей көрмегенге сағынысып қаппыз. Мені баурына қысып құшақтап бетімнен, көзімнен сүйді. Өзі күнге әбден қарайыпты және бір байқағаным бұрынғыдан да гөрі өсіп, толысып кеткен сияқты. Мұрнының үсті шып-шып тершіп тұр. Құшағы да, демі де ып-ыстық екен, мені де лезде терлетіп жіберді.

− Әжем, апам ауырмай ма? Балалар қалай? Ауылда не жаңалықтар бар? Маған хат келген жоқ па? — деп бастырмалата сұрап жатыр. Әрине, хатты кімнен күтетінін мен жақсы білем.

− Бәрі аман, бәрі жақсы. Ешқандай хат келген жоқ,- деймін мен, бірақ көзіне тура қарап айтуға жүзім дауаламай, теріс айналдым. Тоқтардан келген қаралы қағаз есіме түскенде жүрегім суылдап қорқып кеттім.

− Ал жарайды, кейін сөйлесерміз. Кәне, өгізге мін,- деп аяғымнан көтеріп мінгізді,-Келгендерің жақсы болды ғой, әйтпесе өзіміз өгіз жетектеп, одан шөмеле тиеп ит әуре боп жүр едік.

Мен егіздерді қақпайлап шөмелелерді жағалата жүріп отырдым да, әпкем сүйреткіге шөп тиеуге кірісті. Қимыл-қозғалысы нық, қарулы. Анда-санда маған күле қарап қояды. Сүйреткіге шөпті таудай қып тиегеннен кейін салынып жатқан маяның түбіне әкеп, маяшыларға көтеріп бере бастады. Маяның үстінде Көлбай керең екен, қағып алып жаймалайды.

Түсте қос басына жиналып, тамақ ішуге отырдық. Әйелдердің бірі:

− Балалар, айтсаңдаршы, ауылда не жаңалық бар? Ешкімнен жаманат хабар жоқ па? — деп сұраған. Осы арада Қайрат:

− Ойдағы Шымырбай шалдың баласынан қаралы қағаз келді,- деп дүңк еткізіп қойып қалды.

− Не дейді?

− Не дейсің, ойбай, Тоқтардан ба?! — десіп әйелдер шу ете түсті.

Нәзира әпкемнің, отыра бергені сол еді, көзі шарасынан шыға жалт етіп Қайратқа қадалды. Қайрат болса қаннен-қаперсіз қаралы қағаздың қашан келгенін, ауыл ақсақалдарының жиналып Шымырбайдікіне естіртуге кеткенін егжей-тегжейімен айтып шықты. Енді бір сәтке жұрт тегіс Нәзира әпкеме қарай қалған. Ол басын тұқыртқан күйде өңі бұзылып, сұрланып өне бойы дір-дір етіп, менің білегімнен тастай қып қысып ұстап алды да, мелшиіп отырды да қойды. Тоқтарды естеріне алып, көздерін сығымдаған, әке-шешесіне жанашырлық айтқан әйелдердің сөздеріне де селт еткен жоқ. Алдына қойылған быламық көжеге де қол созған жоқ, со күйі қалды. Жұрт орындарынан көтерілген кезде, ол да тұрып, мені ертіп әлгіндегі сүйреткіні доғарған жерімізге қарай жүрді. Жасаурай берген көзін маған көрсеткісі келмей аспанға, ала шабыр бұлттарға қарады.

Кешке дейін ләм деп сөйлеген жоқ, жұмысты үнсіз істеді. Екі-үш рет айырға сүйене тұрып әбден титықтап шаршағандай жабырқау, жүдеу кейіпте: «О-о…» деп күрсініп қойды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий