Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Әй, иттің балалары, колхоздың шөбін алуға сендерге кім рұқсат етті?! — деді қамшысын білеп ұстап ақырып.
− Бұл колхоздың шөбі емес, жазда қол шалғымен шапқан өзіміздің шөбіміз,- дедім мен де ызалана айқайлап.
− Көрсетем мен саған өзің шапқан шөпті! Кәне, бері келші, анау сайрап тұрған тіліңді түбімен қосып жұлып алайын.
− Біздің өзіміздің шөбіміз екенін жұрттың бәрі біледі.
− Сенде шөп жоқ, иттің күшігі, сен ұрысың! Сені көзіңе көк шыбын үймелетіп анау Қыдырманның соңынан айдатам, әлі.
Онан соң көзі қанталаған Тұржан атынан қарғып түскен, бізді оппа қардың үстімен жаяу қуатын шығар деп Петька екеуміз әрі қарай қаша жөнелдік. Біраз қашып барып артымызға бұрылғанбыз, жоқ, Тұржан бізді қумаған екен, шөптің түбіне еңкейіп құжыңдап бірдеңе істеп жатыр. Шөпті байлаған жібімізді шешіп жатқан шығар деп Петька екеуміз аңтарыла қарап тұрғанымызда, кенет көк түтін бұрқ ете қалды.
− От тұтатты…- деді Петька кіжіне тістеніп. Сәлден кейін, құрғақ шөп лауылдап жана бастады. Тұржан кейін серпіліп, бізге қарап аузын арандай ашып масайрай күлген. Маған ол өзінің кәдімгі есірік әдетіне басып «а-а-а» деп қарқылдап мәз болып тұрғандай көрінді. Мен дүниедегі ең жаман қарғыс сөздерді айтып, аттан сап айқайламақ болып едім, тамағыма тас тығылғандай даусым шықпай қалды. Өне бойым қалтырап көзіме ып-ыстық жас толып кетті. Тек менің айтпақ болған сөзімді Петьканың ышқына айқайлағанынан естідім.
− Жау-ыз-з!.. Жау-ыз-з!..- деді шырқырай қайталап.- Қанатай, анау жауыз екеуміздің шөбімізді өртеп тұр ғой! — деп еңіреп жылап жіберді. Екеуміз де солқылдай жылап, сонау Қоғалы бұлақтың басынан шаршап-шалдығып тартып әкелген шөбіміздің жауыздың қолынан лауылдап қалай жанғанын қарадық та тұрдық. Еңбегіміздің еш кеткеніне, өзіміздің дәрменсіз түрімізге, осынша қорланғанымызға налыдық. Ал Тұржан болса шөбіміз Оттоның шанасымен қоса түгел жанып боп, жол үстінде тек бір шөкім боп бықсыған күлі қалғанға дейін, қамшысын жалаңдатып біз жаққа көзі қанталай қарап, аузын арандай ашып масайрап: «А-а-а-лап» — қойып тұрды.
Желсіз тымық, ашық күнде көк жауқазын шөптен шыққан қою кек түтін аспанға шаншыла көтерілген. Бұ не болды екен дегендей көшеге шыққан ауыл адамдары біз жаққа, қол шанадағы өртеніп жатқан шөбімізге аң-таң боп таңырқай қарайды.
ПЕТЬКА, ОТТО, БӘККЕ
Қыс бітіп, көктем айы туғанымен, сірескен қардың діні бұзылар емес. Бір-екі рет құс қанаты жауып, ескі қардың кем-кетігін толтырып, сөгілген тұстарын жамап-жасқап, қыстың соңын онан әрмен созып кетті. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында қыстың бүйтіп созбалаңданғаны адамды да, малды да күйзелтіп, есеңгіретіп-ақ тұр. Қаншама үнемдесем де шөбіміз таусылған. Сонда де қораның үстіне күніне бір шығып, қоқым-соқымды тырмалап түсірген болам. Ендігі жерде сабанды да бұрынғыдан аяқ асты тастай салмай, қоңыр сиыр мен екі ешкіге уыстап, үнемдеп беретін болдым.