Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Қулар,- деді тағы да ұрса сөйлеп.- Оқымаған әжені алдап, сабақтан қашқандарыңа мәзсіңдер. Үшеуіңді де осы көшенің ортасында көк таяқтың астына алып, масқаралайын ба?! Біздің әскерлер ғой, әне, немістерді талқандап қуып барады, көп ұзамай жеңеміз енді. Сонда сен үшеуің не бітірдік дейсіңдер-ей?
− Ал сен не бітірдім дейсің? — деп, осы тұста алда келе жатқан Петька әпкесіне шап ете қалған.
− Менімен салыспа. Менің жөнім бөлек. Мен жұмыс істеп жүрмін,- деді Зоя маңғаздана.
− Біз де жұмыс істейміз.
− Сен алдымен мұрныңды сүртіп ал.
− Ой, үлкен бола қалғанын.
− Үлкенмін.
− Үлкен болсаң, онда күйеуге тиерсің.
Петьканың бұл сөзі, әрине, Зояның жынына тиетін сөз.
− Мә, саған, күйеуге тию! — деп, Зоя ұмтылып барып таяғымен Петьканы қойып қалған.
− Ой, ой, ой…- деп, Петька иығын сипап отыра кетті.
− Тұр! Әйтпесе бұл соққан соққан ба, тура жаныңды шығарам,- деп, Зоя оның үстіне төне түсіп кеп, жұлқып-жұлқып қалды.
Петька ыңырсып жылап орнынан тұрды.
− Тұра тұр, бәлем, мамама айтам әлі,- деген.
− Айт, айт. Мамам кімді жақтар екен. Сабақтан қашқан сені жақтар ма екен, әлде мені жақтар ма екен.
− Ал мен Манар екеуіңнің хат жазысқаныңды айтам.
− Өтірікші, жаның шыққыр!..- деп бажылдаған Зоя інісінің құлағынан ұстап бұрай жөнелді.
− Ой, ой, ой…- деп Петька шыңғырған.
Зоя қып-қызыл боп түтігіп, оның құлағын онан әрмен бұрайды.
− Қоясың ба осы сен, жоқ па? А?!
− Ой, ой, ой… Қанат!.. Отто!.. Аяғынан тартып қалыңдаршы!..- дейді шыңғырған Петька бізді көмекке шақырып.
− Тартып көрсін!.. Мына көк таяқпен аяқтарын сындырайын,- дейді өршеленген Зоя біздерге қарап қойып, бір қолымен таяғын оңтайлай ұстап. Біз Отто екеуміз әуелі жолдасымызды құтқармақ болып ұмтылыса түстік те, Зояның түтіккен түрін көріп тоқталдық. Рас, кейде біз Петькаға көмектесіп, Зояға жабыла кететінбіз, өйткені Зоя онша ашулы болмайтын, сондықтан біздің жабылғанымызды кек алмайтын, ал қазіргі мына түрі қатқылдау көрінді.
− Қоясың ба?
Бізден жәрдем болмасын білген Петька ақыры:
− Қоям, қоям! — деді жалынып.
− Міне, қиқарлансаң осылай болады,- деді Зоя енді оны орнынан өзі тұрғызып, үсті-басын қаққыштап.
Петька қызарып кеткен құлағын сипалай тұрып біздерге қарады.
− Сендер неге көмектеспейсіңдер? — деді бұртыңдай өкпелеп. Біз Отто екеуміз оның бұл өкпесін үнсіз мойындап, үндегеніміз жоқ.
− Петька, сен нағыз ақымақсың! — деді Зоя оның үсті-басын әлі де жөндестіре тұрып.-Сонда, немене, жолдастарыңмен мені төбелестірмексің бе?! Ақымақ!..
Мектепке келген соң Зоя бізді класқа кіргізіп, Әнипа апайымызға тапсырды да, өзі үлкен іс тындырғандай бізге ернін шүйіре қарап сыртта қалды. Әнипа апайымыз да бізге ренжулі екен.
− Үшеуіңмен сабақтан кейін қалып сөйлесеміз,- деді қатулы үнмен.
Әрине, Әнипа апайымыздың сабақтан кейін алып қалғанда не айтатыны белгілі ғой, баяғы оқу-білімнің пайдасы туралы да. Талай естіп жүрген сөзіміз. Сондықтан өтіп жатқан сабақты тыңдаған боп отырып, қоңыр сиырдың қамын қайтадан ойластыра бастадым. Не істеймін? Шөпті қайдан табам? Қайдан алуға болады?.. Бір сәт көңіліме үрей ұялайды. Қоңыр сиыр да қыстағы аштан өлген өгіздер құсап ыңыршағы шығып, бұралып жатып өлетін сияқты боп көрінеді. Ондайда жаным шырқырап, партада отыра алмай кетем. Не істеуім керек? Не амал бар?
− Мен таптым,- деді осы кезде Петька құлағымның түбінен сыбырлап.- Күнде кешкісін Мақым шал жатқан кезде, Шағыр көз жиреннің алдындағы шөптен алу керек. Түгел алмай, жартысын ғана алсақ, ешкім де білмейді. Ал почтаның атына колхоз шөпті күнделікті беріп тұрады. Сонда күн жылынып, жер қарайғанға дейін күнделікті алып тұрамыз.