Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сүті уызданып барады деп, әжем қоңыр сиырды саууын тоқтатқан. Енді мүлде қара талқан мен қара суға қарап қалған едік. Ертеңді-кеш құр суға шыланған қара талқан мен (әрқайсымызға үш қасықтан ғана өлшеп) шай (шай деген аты болмаса қайнатқан қарасу ғой) ішеміз, ал түсте бір мезгіл іштеріңе ыстық нәр барсын деп, әжем қайнаған қара суға бір қасық тоң май салып атала көже жасайды. Біз осыған да шүкіршілік айтып тамағымызды тоқ санаймыз. Ал кейбір үйлерде осы үш мезгіл қара талқан да бола бермейді. Ендігі жерде көңілге бір демеу — қоңыр сиырдың сүтінің уызданғаны. Демек, амандық болса бірер айдың ішінде бұзаулайды деген сөз. Әлі-ақ аузымыз аққа жарып тойынамыз ғой дейміз. Өзіміз ғана емес, көрші-көлемдер де бір жетісіп қалады, әлі. Өйткені қоңыр сиыр бұзаулаған кезінде өте сүтті болады, бір сауғанда бір шелек сүт береді. Сол кезде біздің үйден шайлық сүт алмайтын көрші-көлем кемде-кем. Сондықтан қоңыр сиырдың аман-есен тезірек бұзаулауын тілеушілер көп-ақ. Осы күні Петька мен Отто да қоңыр сиырдың қамын менен кем ойлап жүрген жоқ. Қолдары сәл босаса-ақ, біздің үйге қарай тартады. Есік алдында шашылған азын-аулақ шөпті отша жалаңдаған тілімен сыпырып-сыпырып жүрген қоңыр сиырды айналшықтап, соның желінінің қандай боп өсіп келе жатқанын, шөпті қалай жейтінін сөз етеді: «Кеше желіні анадай еді, бүгін мынадай боп өсіп қапты», «Кеше анау шөпті өйтіп жеп еді, бүгін мына шөпті бүйтіп жеп тұр»,- десіп мәз болады. Онан соң қоңыр сиырдың бұзаулайтын күнін сөз қыламыз, ол күн — уызға бір тоятын күніміз дейміз. Енді бірде уызды кімнің үйі қалай пісіреді және не қосып пісірсе тәтті болады, соны әңгімелейміз, өткен жылғы уызды қалай жегенімізді еске аламыз.

− Сенің әжең тура бір шелектей уыз берген бізге, мамам соны дәу табақ қып пісіріп, екі күн талқан қосып жеп едік,- дейді Петька сол уыздың дәмі әлі күнге таңдайында тұрғандай тамсанып.

− Ал менің мамам жұмыртқа қосып пісіріп еді,- дейді Отто.

Шіркін, қарның ашып жүргенде, тәтті тамақты сөз еткеннен асқан қандай жақсы әңгіме болушы еді. Піскен ыстық сүттің иісін, қазанның түбіне жабысқан қаспақтың, сүттің бетіне бір елі боп тұратын сары қаймақтың дәмдерін еске түсіріп, сілекейіміз шұбырады. Біріміздің сөзімізді біріміз киіп-жарып ес таппай кетеміз. Тек қоңыр сиыр тезірек бұзауласа екен. Ал оны ашықтырмау біздің міндетіміз. Екі күн болды үшеуміз мектепке баруды да қойдық. Әжеме: «Оқудан шаршап жүрміз, біраз күн демалғымыз келеді»,- деп едім; «Мейілдерің, құлыным, өздерің біліңдер»,- дей салды. Қайран әжем-ай, басқалар құсап оқуға дегенде дігерлемейді-ау әсте, тіпті мен мүлдем оқымай қойсам да қыңқ демейді, «тек денің сау болсыншы, құлыным, қой бақсаң да өлмессің»,- дейді.

Петька мен Отто таңертеңгісін үйлерінен шыққан бойлары кітап-қағаздарын салған боқшаларын құшақтап, шет көшелермен тасаланып біздің үйге келеді. Өйткені олардың мамалары қатал, оқудан қашып жүргендерін біліп қойса, оңдырмайды. Ал менің әжем болса ол екеуін мүсіркеп, аяп: «Қарақтарым-ай, өзектерің талып, қажып жүрсіңдер-ау, ә?! Осы оқу деген пәлені кім ойлап тапты десеңші»,- деп қояды. Сондықтан сабақтан қашқан үшеуміз біздің үйде емін-еркін жүреміз. Ұзақты күнге сөзіміз де, шаруамыз да қоңыр сиырдың қамы, қайтсек соған шөп тауып береміз, қайтсек соны аш қылмаймыз деп мазамыз кетеді. Егер осыдан ашығар болса, әлі күні ертең бұзаулағанында уыз шықпай қалады ғой. Ал уыз шықпаса оның бұзаулағанынан не пайда?! Осыны ойлағанда үшеумізде де ес қалмайды. Көшеде көзімізге түскен бір уыс шөп болса жерден жеті қоян тапқандай қуанып, талшығына дейін қалдырмай жинап аламыз. Сол бір уыс шөпті қоңыр сиырдың алдына әкеп, соны қалай жегенін қызықтап қарап тұрудың өзі қандай қуаныш! Қызыл тілін жалаң-жалаң еткізіп, азғантай шөпті қарбыта асағанында, таңдайына жұқ та болмай қалатын. «Әттегене-ай, аз боп қалды-ау! Өстіп тағы бір-екі асайтындай шөп болар ма еді?! Бір тойып қалар еді-ау»,- дейміз, қоңыр сиырдың емес, өзіміздің ішіміз жаланып тұрғандай. Бірақ онша шөпті қайдан аларсың.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий