Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Болады,- деді Петька сенімді үнмен. Онан соң үйлеріңде бір кітап барын, сол кітапта бір адамның жиырма сегіз жыл бойы мұхит ортасындағы бір аралда жападан-жалғыз өмір сүргенін және сол аралда еш уақытта қыстың болмайтынын қызына әңгімелеп кетті. Жаңағы кітаптың әңгімесінің қызықтығы сонша, және Петьканың оны тамылжыта айтқаны сонша, екеуміз де бір сәт шанамыздың ауырлығын да, қысқы жолдың ұзақтығын да ұмытқандай, әлгі бейшара жалғыз адамның үрейлі де, қызғылықты тірлігіне араласқандай күйге түстік.
− Сен сол кітабыңды оқуға маған да берсеңші,- дегем әңгіменің соңында.
− Пожалуйста, тек ол орысша ғой.
Осы тұста орысша білмейтініме тұңғыш рет өкіндім. Петькаға достығымызды базына ғып:
− Олай болса маған орыс тілін үйретсеңші, ең болмаса сол кітапты оқиын,- дедім.
− Пожалуйста. Үйренем десең күнде төрт-бес сөзден үйретіп тұрайын, бір жазда-ақ, орыс тілін біліп кетесің,- деді Петька маңғаздана.- Мен де, міне, қазақ тілін тез үйреніп алдым ғой. Мысалы, бүгін «мен», «сен», «ол» деген үш сөзді үйрен. «Я», «ты», «он». Тек орыс тілінде баланы «он» дейді де, қызды «она» дейді. Кәне, айтшы.
− Я, ты, он, она,- деп, мен тақылдап оп-оңай қайталап шықтым.
− Міне, уже төрт сөзді білесің. Осыларды әзірше қайталай бер, ал кешке қарай тағы төрт сөз үйретем.
Мен қуанып кеттім. Әлгі сөздерді дауыстап та, іштей де бірнеше рет қайталап шықтым.
− Я, ты, он, она…
Мен бұл сөздерді оңай жаттап алған соң, кешке дейін күтіп көруге шыдамым жетпейтінін сезіп Петькадан тағы төрт сөз үйрет деп қолқа салдым.
− Онда өзің сұрашы, кәне, қандай сөздерді білгің келеді?
Мен қапелімде қандай сөздерді сұрарымды өзім де білмей сасып қалдым да, алдағы шаналарға қарап:
− Шананы не дейді? — дедім.
− Шананы «саня» дейді.
− Ой, мынауың тіпті оңай ғой, шананы — саня дегенің. Ал шөпті ше?
− Сено дейді.
− Өгізді ше?
− Вол дейді.
− Жолды ше?
− Дорога дейді.
Ұмытып қалмайын деп әлгі төрт сөзді тез-тез қайталай бастадым.
− Молодец! — деді Петька риза болып.
Ауылға жақындай бере шөпшілер мал қораға қарай бұрылды да, біз тура жолмен кеттік. Қарнымыздың әбден шұрылдап ашқанын да, титықтап шаршағанымызды да енді ғана сезгендей Петька екеуміз аяқтарымыз шалынысып әзер жүріп келеміз. Ауылдың қарасы көрінген соң-ақ өзімізді-өзіміз алдаусыратып сөйлесуді де қойғанбыз. Шынымызды айтсақ, сөйлеуден де мұршамыз келместен құлап түсетіндей көрінеміз.
Тұтқиылдан шыққан ащы дауыстан екеуміз де ұйқыдан оянғандай селк-селк ете қалдық.
− Ә, әкеңнің… иттің балалары!..
Мал қора жақтан атын борбайлата қамшылап Тұржан келе жатыр екен. Ата-баба, тұқым-тұғияндарымыздан түк қалдырмай Петька екеумізге боқтықты қардай боратып келеді.
− Бізді боқтап келе ме-ей?!
− Мұнысы несі?! — десіп біз Петька екеуміз аң-таң боп бір-бірімізге қарадық.
− Біздің жазығымыз не?! Біз не бүлдіріп қойдық сонша?! — дейміз.
− Иттің балалары!.. Күлигандар!.. Ұрылар!..
Солқылдап босап жатқан қардың сұқпалығына да қарар емес, атын борбайлай қамшылап өлермен боп еліріп, құйғытып келеді.
− Мынау жынданған ба-ей?! Дені сау емес шығар!..- деп Петька айтып үлгергенше болған жоқ, Тұржан ағып келген бойда дырау қамшымен екеумізді қоса қабаттап бір осып өтті. Ол ағынымен өтіп барып атының басын кері бұрып қайта қайырылғанша, Петька екеуміз жол шетіндегі оппа қарға қашып үлгердік.
− Колхоздың шөбін ұрлаған ұрылар! Екеуіңді де қазір табанда айдатам!
Бірақ өзі қанша содыр болса да, астындағы аты қанша құтырынып тұрған мықты болса да, оппаға беттей алмады.