Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Екеуіңнің жолдарыңның қандай болатынын қазір көреміз, енді,- дейді бізге бұрылып қойып.- Егер тұзаққа кекілік түссе, ауыздарыңның салымы бар болғаны, түспесе, екеуіңнің де табан аяқ қу болғаның. Онда екеуіңді де қамшының астына алам,- деп күлді.
− Вообще, менің аузым салымды,- деді Петька.
Мен де өзімнің мұндайда жолымның болғыштығын айттым.
Қожыр-қожыр жартастардың күнгей жағы ықтасын, ерекше жайма-шуақтанып бусанып жатыр екен. Бетімізге кәдімгі көктемнің жылы лебі келгендей болды. Жақындай бергенімізде жартастың етегіндегі сабан шашылған тұстан жыпырлаған кекіліктің біразы шықылықтап жартастың қуыс-қуыстарына өрмелей қашып, біразы еңіске қарай пырылдаса ұшып азан-қазан болды.
Сабанның үстінде далп-далп етіп қанаттарын сабалап ұша алмай аласұрып қалған кекіліктер де көрінді.
− Әне, түсіпті, ал жүгіріңдер! — деді керең.
Петька екеумізде тіпті ес қалған жоқ, жолымыздағы тастар мен бұта-бөргездерге сүріне-қабына ұмтылдық. Мұндай қызықты кім көрген! Көз алдыңда тұзаққа түскен кекіліктердің жан ұшыра бұлқынғаны керемет еді, тұзақты быт-шыт қып үзіп кетер ме екен, деп қашан жеткенше дегбіріміз қалмады. Қанатымен жер сабалап жатқан шеткі кекіліктің үстіне кеп бауырыма баса құладым да, мыжып өлтіріп алмайын деп қанатынан қыса ұстадым. Жан дәрмен тыпырлап аласұрған кішкене құстың жұп-жұмсақ, жып-жылы бауырына қолым тигенде-ақ дірілдеп кеттім. Жұмсақтығы сондай, қысып жіберсем өліп қалатындай көрінді. Сондықтан бір қолыммен абайлап қана тұзаққа ілінген аяғын босата бастадым. Тыпырлаған кекілікті қыл тұзақтан босату да оңай емес екен. Тұзақтың ілгегі сәл босай бастаған кезде, кекілік бұлқынып қалса болды, қайта түйіліп қалады. Ал тұзақ қайта түйілген кезде, шырпыдай ғана жіңішке нәзік тұяқ түбінен қиылып түсе жаздайды.
− Байғұс-ау, шыдасаңшы, мен сені босатып алғалы отырмын ғой, мынау буындырған қыл тұзақтан,- деймін жаным ашып. Оны кекілік ұқсын ба, шиеленісе түйілген тұзақты ақырындап босата бастағаным сол еді, тағы да бұлқынып қалды, тұзақ қайта түйілді. Қойшы, терлеп-тепшіп отырып әзер деп босатып алдым-ау, ақыры. Бұл кезде Петька да бір кекілікті босатып алып, қос қолдап бауырына қысып, есі шыға қуанып отыр екен. Көлбай керең болса біздің әрекетімізге қызықтай қарап ыржия күліп тұр.
− Алыңдар, екеуіңе байладым осы екі кекілікті,- дейді. Енді ғана байқадық, тұзаққа түскені де осы екі кекілік қана екен. Тарының қауызындай күрең қызыл көздерін үрейлене аударып-төңкеріп бұлқынып қояды. Петька екеуміз қатарласа кеп отырғанбыз, ойпырмай, екі кекілік егіз туғандай бірдей екен. Тұмсықтары, тұяқтары бояп қойғандай шымқай қызыл, қара сұр қауырсындары біресе күлгінденіп, біресе жасылданып, біресе көгілдір тартып сан құбылып тұр. Тірі кекіліктің мұндай сұлу, мұндай сүйкімді екенін кім білген. Петька өз кекілігін, мен өз кекілігімді сылап-сипап қуанышымызда шек жоқ.
Көлбай керең қалтасынан қолдан соғылған добалдай бәкісін шығарды.
− Ал, балалар, ауыздарың салымды екен, әкеліңдер, бауыздап берейін,- деді бәкісінің жүзін ашып, алақанына сап жани тұрып. Көк көзі шарасынан шыға бажырайып кеткен Петька кекілігін бауырына қыса түсіп:
− Ағатай-ай, менікін бауыздамаңызшы, тірідей алып жүрейінші,- деді жан даусы шыға жалынып.
− Мейлің, өзің біл,- деді Көлбай керең сол күлкісін жимаған қалпы. Онан соң маған бұрылған, мен де кекілігімді бауырыма қысып қорғаштап:
− Тірідей алып жүрейінші,- дедім.
Көлбай керең басын шайқай күліп, бәкісінің жүзін жауып қалтасына салып қойды да:
− Жүріңдер, мына жартастың арғы жағында тағы бір тұзағым бар,- деді.
Біз кекіліктерімізді құшақтап, енді бұта мен тастарға сүрініп кетпейік деп, абайлап басып оның соңынан ердік. Көлбай керең алда, онан кейін оның ізін дәл басып Петька, соңдарынан мен келем.