Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

− Біздің Зоя үйде ылғи сені аузынан тастамай айтып отырады,- деген. Осы сәтте ғана Манар көзі жарқ етіп басын көтеріп алды. Петька болса сөзін әрі қарай жалғастырған.-Бірге оқығандарыңда бір партада қатар отырыпсыңдар ғой.

− Иә…- деді Манар күрсініп.

− Сені жақсы оқыды дейді Зоя. Арифметиканың есептерін өте тез шығаратын еді дейді. Егер оқи бергенде керемет математик болатын еді дейді.

− Иә…

− Бір рет мұғалім шығара алмаған мәселе есепті сен шығарыпсың ғой.

− Иә…

− Мінезіңді қыздай еді дейді Зоя. Бетіне тура қарасаң қып-қызыл боп қызарып кететін еді дейді. Есеп көшіру үшін балалар сенің қасыңа отыруға таласады екен ғой. Сонда біздің Зоя бәрін жеңіп кетеді екен. Манардың қасына өзім ғана отыратынмын дейді. Кластағы балалардың бәрімен төбелесетінмін, тек Манар екеуміз тату отырушы едік дейді.

− Иә-ә…

Манардың даусы бір түрлі дірілдеп, қыстығып шықты, жалт қарасам, ол қалғып кеткендей көзін тарс жұмып алыпты, көзінің астындағы көгілдір тартқан ісіктің үсті жылтырап көрінеді. Жалғыз тамшы жас жол сызып бетінің ұшына қарай сырғып барады екен. Ойында ештеңе жоқ, самбырлап сөйлеп отырған Петьканы ақырын ғана түртіп, Манарды ымдадым. Петька оған аңыра қарады да тілін тістеп алғандай үнсіз қалды. Енді екеуміз де бір түрлі ыңғайсызданып, не боп қалды дегендей бір-бірімізге жалтақтасып. Манарға ұрлана көз тастап қойып теріс қарап үнсіз отырдық. Шана ақырын ғана жылжып сырғиды, табанының бір қалыпты сызыла шыққан шиқылы ыңырсып жылағандай естіледі. Таусылмайтын ыңырсу. Ыңыршақтары шыққан қабырғалары арса-арса өгіздер аяқтарын санап басқандай ілбіп келеді.

− Жаяу-ақ жүрейікші,- деді Петька бір кезде сыбырлап. Сірә, өгіздерді аяп кетсе керек. Екеуміз шанадан қарғып түсіп, қатты қардың үстімен қатарласа жаяу жүрдік.

Аспан ашық, әбден ысқылап сүртілген көк мөлдір шыныдай тап-таза боп төбеге төңкеріле қалған. Сәскеге көтерілген күн де ерекше маужырап тұр. Мынау қарлы далаға бүгін бір мейірі түскендей елжірей қарайды. Көптен үстеме жаумай сұр тартқан қардың үсті ескірген бәтестей сарғыштанып, қыраттар мен дөңестеу тұстарда әр жер — әр жерінен сетінегендей, яки тігісі сөгілгендей ақырындап жыртылып, астынан қара жер көрініп жатыр. Қыс көрпесінің тоза бастаған белгісі де.

Манардың шанасынан ілгерілеп, озып шыққан соң, Петька қайтадан даусын шығара сөйлеп:

− Мен Жиренқасқа айғырмын, ал сен Құла айғырсың,- деді, сөйтті де қабағын түйіп Жиренқасқа айғыр боп кісінеді: — И-и-а-а-а!.. Оған ілесе қабағымды түйіп Құла айғыр боп жер тарпынып мен де кісінедім.

− И-и-а-а-а?…

Бұл екі айғырдың екеуі де ауылдың мақтанышы, күшті десең күшті, жүйрік десең жүйрік, екеуінің адамдай ақылды қасиеттері туралы талай ғажап әңгімелер тараған, небір ақ түтек борандарда үйірлерін шашау шығармай өздері қайырып бағып, ит-құсқа жасаған айбат қарсылықтарын жылқышылар аңыз ғып айтатын. Міне, Петька екеуміз сол екі айғыр боп кісінеп, жұлқына алға ұмтылып, екпіндесе желіп жүріп кеттік. Алдыңғы шанадан оза бергенімізде:

− Әй, сен екеуің қайда барасың?-деді бізді енді ғана көрген Көлбай керең.

− Шөпке! — дедік қосарлана дауыстап.

− А!

− Шө-өп-ке-е! — деді Петька оның құлағына таяп айқайлап.

− Шөпке?! Мына шанамен бе?! — деп Көлбай керең шанамызға саусағын шошайтып ал кеп күлсін.

− Пысқырма,- деді Петька.- Өзі өгізбен ілбіп келе жатып Жиренқасқа айғыр мен Құла айғырға күледі ғой. Кәне, жер тарпып жүрелік.- Сөйтті де өзі «И-и-а-а-а!..» кісінеп оң аяғымен қатты қарды теуіп-теуіп қап секіріп түсті. Оның істегендерін мен де айнытпай қайталағам. Қарсы алдымыздан жел есіп, құлшына түсіп келеміз. Маңдайымыз тершіп, өңіміз алабұрта қызарып етіміз қызып алғанбыз.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий