Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Ойбай, өлтірдің ғой, сорлыны! — деп әйелдер шуылдаса кеп ара түскен. Қыдырман да:
− Қойсаңшы! Әй, қойсаңшы! — деп ұмтыла жеткен.
Дәл осыны күткендей Тұржан Күлғайшаны тастай бере, атын еміне тебініп қап, «құдай берді ме, сені» дегендей, Қыдырманға қарай жалт бұрылды, қуанып кеткені сонша, аузын арандай ашып: «А-а-а-а-а» — деп сақ-сақ күлді. Атын ойқастата шауып кеп қамшысын бар күшімен құлаштай сермеп Қыдырманды салып өткен, соққының қатты тигені сонша, Қыдырман жалп етіп ұшып түсті, енді Тұржан атының басын кейін бұрып, екінші жақтан ойқастата кеп Қыдырманды жатқан жерінде тағы бір көсіп өтті, бұл жолы қамшы Қыдырманның қоңыр тонын дәл жауырынан пышақпен тілгендей қақ айырды. Тұржан үшінші қайырылып келе жатқанда, Қыдырман жан дәрмен ұшып тұрып, екі қолымен басын, бетін қорғалай берді. Тұржанның қамшысы тағы да жауырынынан сарт етіп кеп, ұшы қолтығының астын ала оралған кезде, Қыдырманның да қолы іліккен еді. Енді бұл да бар күшімен қамшыдан жұлқа тартып қалған, қапелімде Тұржан аттан ауып түсе жаздады, бірақ тез түзеліп, атының басын шұғыл бұрып, Қыдырманды омыраулата қағып өтпек болған. Қыдырман шетке қарай жалт бұрылып шығып кетті, бірақ қамшыдан айырылған жоқ, ұшын қолына орап үлгерді, шірене тұрып тағы да тартқан, бұл жолы Тұржанның қолы артына қарай қайырылып, дәрте құсап созылып барып, ақыры бүлдіргесі үзіліп қамшысы қолынан шығып кетті. Қамшы қолына тиген Қыдырман тойтық жаздады ғой. Ал бұл ат — колхоздың аты, яғни өкіметтің меншігіндегі ат,-деді Тұржан.
− Қыдырман қамшыны сізге қарай сілтегені болмаса, сізге де, атқа да тигізген жоқ болатын,- дедім мен ағымнан жарылып.
− Сен байқамағансың ғой, аттың басынан екі-үш рет ұрып-ұрып жіберген, мына қамшы көзіне сонда тиді,- деді Тұржан мені сендіргісі келгендей төндіре сөйлеп. Онан соң есіне түскендей: — Әй, осы сендердің жеке меншік шөптеріңді сол Қыдырман колхоздың шөбіне қосып жіберген көрінеді ғай,- деген.
− Иә, жарты шана шөбіміз колхоздың шөбіне қосылып кетті,- дедім мен.
− Е, оны мына маған айтпайсың ба. Өзім ертең-ақ үйлеріңе түсіріп берем. Тағы жартысы бар ма еді шөбіңнің?
− Иә, Қоғалы бұлақта әлі жарты шанадай шөбіміз қалған.
− Ол шөбіңді де түсіртіп берем.
Мен қуанып кеттім. Осы уақытқа дейін соншама, жексұрын көрінген Тұржан дәл қазір маған аса бір қайырымды, қамқоршыл адам боп көрінді.
− Тезірек түсіртіп берсеңіз жақсы болар еді, аға, әйтпесе шөбіміз бітіп қалды,- дегем мен.
− Сөз боп па, ертең-ақ түсіртіп берем. Тек менің де саған салар қолқам бар,- деді ол маған жылтылдаған кішірек көздері шаншыла қарап.- Бүгін ертеңгісін анау күлиган Қыдырманның менің қамшымды тартып алып, өзімді, мына колхоздың атын басынан ұрды деп жазып берсең болды.
− Ол ұрған жоқ қой, сіз оны жақындатпадыңыз ғой.
− Ал сен ұрды деп жаз. Колхоздың атының көзін ағызып түсіре жаздады де.
− Ой, ағай, өйтіп өтірік жала жаба алмаймын ғой,- дедім мен.
− Әй, мен саған шөптеріңді түсіртіп берем деп тұрмын ғой.
− Бәрібір мен өтірік жаза алмаймын.
− Әй! — деді Тұржан кенет ақырып қап.- Мен айтып тұрмын ғой саған жаз деп. Солай жаз!
− Мен ешқандай да жаза алмаймын.
− Егер жазбасаң көресіңді көрсетем мен саған.