Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сөйтіп, еш жанға қысасы жоқ, қиянатсыз деп жүрген Байдалы шал қолына билік тиген соң, қатын-қалашты қойып, бесіктен беліміз енді ғана шыққан бізді де өзінің былғаныш ісіне араластырып, көнбесек басымызға әңгір таяқ ойната бастаған еді. Ал оның аталас туысы Тұржан маңдайымызға біткен сор болды.
Екі-үш күн өткен соң, Бектай есепші мен Нүсіп шалдың қызы Шынарға ФЗО-ға шақыртқан қағаз келген. Бектай келесі күні-ақ ел-жұртпен қоштасып жүріп кетті. Кетерінде маған кеп оңашалап шақырып алды да:
− Қанат, саған салар бір қолқам бар,- деді маған тесіле қарай тұрып.- Біздің ауылдың поштасын өзің білесің ғой, қыздарға келген хатты әркім бір ашып оқып, қолына тигізбейтінін. Сондықтан мен Қаншайымға жазған хаттарымды, қарсы болмасаң, сенің атыңа салып тұрайыншы.
− Мақұл,- дедім мен.
− Сенің қарсы болмайтыныңды өзім де біліп едім. Рақмет,- деп Бектай құшақтап арқамнан қақты.- Кебенек киіп кетіп барам ғой, күндердің күнінде бір қайтармын. Сенің бір әжетіңе мен де жарармын, әлі.
Ал Нүсіп шалдың қызы Шынар сол шақыру келген күні ақсақ Көбегенге тұрмысқа шығып, кешкісін үйлену тойын жасады. Ертеңіне Көбеген екеуі ауданға кетіп, екі күндей сонда жүріп, соғыс мүгедегінің әйелі болған соң, ФЗО-ға бармайтын боп босап қайтты.
* * *
Атқарушылығын сол әнеугүні кеңседе Санатты ұрудан бастаған Тұржан, соның ертеңіне Байдалы шалдың үйінің малдарын уақытында суғара қоймадың деп, Фрицыны көк ала қойдай қып сабапты, бірер күннен соң шөпке барып қайтқан Манар шарығынан су өтіп түс кезінде үйіне келе жатқанда, жұмыстан қаштың деп соңынан қуып кеп, ауылдың қақ ортасында көшеде аттың бауырына алып тұрып, пәре-пәресін шығарыпты.
Сөйтіп, аз күннің ішінде-ақ Тұржан бүкіл ауылдың зәре-құтын ұшырып аяғынан тік тұрғызды. Көзі құтырған иттің көзіндей қанталап, ұрадай үңірейген аузынан боқтықтың неше түрі қардай борап, ақыра қуып берген кезде, қатын-қалаш, бала-шаға кірерге жер таппай безіп кететін болды. Ендігі жерде Тұржанның даусы естілгенде, үрей қалмайтын. Не үлкен деп, не кіші деп қарамайтын, жолында тұрсаң қамшысын бір көсіп өтетін, «Жазығым пе?» — дегендерге ол қарқылдап күле тұрып: «Жолымда тұрма!» — дейтін. Қалжыңы да, шыны да осы еді. Ауылдағы бүкіл ит екеш иттерге дейін Тұржанды біліп алған. Ол көшенің бір басынан шауып шығып екінші басына жеткенше тұс-тұстан шабалай қосылған иттер жау шапқандай шулап кететін. Тұржан болса одан әрмен еліріп, қамшысын оңды-солды құлаштай сілтеп, екі жағына алақ-жұлақ қарап, ұрадай аузын үңірейте ашқан кезде: «А-а-а-а..лап», қарқылдай күліп бара жатқанын аңғаруға болатын. Сол күлкісі иттерді мүлде құтыртып жіберуші еді. «Е-е, дүние, шабарманын тауып, заман Байдалынікі болды ғой», десті үлкендер. Енді Байдалы шал бұрынғыдай көшеде шапқылауын қойған, ешкімге қамшы да үйірмейді, торы жорғасын бүлкілдетіп қойып ұнатпағанына көзінің астымен ғана қарап өтіп кетеді, артынша-ақ сол жерге Тұржан келіп, әлгінде Байдалы шалға ұнамағанның быт-шытын шығарады. Шынында да, Байдалының өзі бастық болғанынан да, Тұржан сияқты атқарушы тауып алғаны керемет әсер еткен еді елге. Және атқарушы болғанда қандай, шаш ал десе бас алатын, жамандық істеуде алдына жан салмайтын, құдай алдында да, адам алдында да айылын жимайтын нағыз есірік нақұрыс еді. Өзі өлмейтін жерін және білетін. Кімге тиіссе де колхоз үшін, колхоздың жұмысы үшін күйіп-пісіп, колхоз құрылысының біздің ауылдағы жалғыз жанашырындай болып алды.
− Колхоз үшін, колхоз жолында мен ешкімді де аямаймын,- дейді еліре кіжініп.- Егер колхоздың суыртпақ жібін алған адамды көрсем, оңдырады екен демеңдер!
Және сол айтқанында тұрып, «колхоздан астық ұрлаған», «колхоздың шөбін ұрлап жүр», «колхоз жұмысынан бас тартты» деп сылтауратып, талайды зар қақтырып қамшының астына ала бастады. Мен өзім оның бір есерлігінің — Күлғайша деген жесір әйелді сабағанының куәсі болдым.