Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мен үндемедім, тістенген күйде теріс қарап кеттім. Ту сыртымнан сарт ете қалған қамшыдан ұшып түсе жаздап барып жүрелеп отыра бердім, оң жақ шекем тыз етіп, көзімнің оты жарқ ете түскен. Тағы да ұратын шығар деп бұғып қорғаншақтай бергем, бірақ қамшы қайтып тиген жоқ. Біраз тұрған соң, неғып тым-тырыс бола қалды деп басымды көтергем, Тұржан кейін кеңсеге қарай шауып кетіп барады екен. Сөйтіп, бір қамшымен құтылғаныма қуанып, мен өз жөніме кеттім. Тек ендігі жерде Тұржан тұрғанда, шебімізді түсіріп ала алмаспыз деген ой қайта-қайта келе береді. «Қыдырман бар ғой, бірдеңе ғып сол жеткізіп берер»,- деген жалғыз ғана көмескі үміт көңілге жұбаныш еді. Екі-үш күннен кейін сорымызға қарай сол көңілге жұбаныш болған жалғыз үмітімізден де айырылуға тура келді.
Мектепте үлкен үзіліске шыққан кезіміз болатын. Қыдырман тойтықтың үйінің төңірегінде қаптап жүрген адамға көзіміз түсті. Мұндайда бала қалушы ма еді, екі өкпемізді қолымызға алып, шуылдаса жүгіріп біз де жеттік. Келсек, біз танитыннан шолақ қол өкіл Әлтаев жолдас және колхоз бастық Байдалы шал, бригадир Зибаш бар, басқалары ылғи бір түстері суық бөтен адамдар, орталарында екі милиция Қыдырманның үйіне тінту жасап жүр екен. Есіктерінің бәрі аңғал-саңғал ашылған, үй ішіндегі азын-аулақ дүние: көрпе-жастық қалай болса солай шашылған, аурулы шешесі мен іні-қарындастары жалаң аяқ, жалаң бас дірдек-дірдек етісіп біресе сыртқа шығып, біресе ішке кіріп шуылдаса жылап жүр де, Қыдырман тойтықтың өзі өңінен қаны қашып, қу шүберектей боп бозарып үй мен қораның ортасында тұр.
Тінту жасап жүргендер бүгін МТС-тан келген комиссия екен. Кірген бетте-ақ сиыр қорадағы ақырдың ішінен шөптің астына тыққан екі пұттай бидайды тауып алыпты. Колхоздың тұқымға деген астығынан ұрланған екен. Қыдырман тойтық тістене дірілдеп:
− Жоқ, мен мұны көрген де, алған да жоқпын, білмеймін,- деп азар да безер боп тұр.
− Мынау тесік қаптан түскен бидай астық қоймасынан осы үйге дейін шашылып келген ғой. Міне, ізі де жатыр,- дейді шақылдай сөйлейтін бітік көз қара жігіт. Киіміне, жүріс-тұрысына, сөз әлпетіне қарағанда бәрінің басшысы сияқты.
− Мынау менің ізім емес, менің аяғым, міне, мынадай және біздің үйде мұндай қап жоқ,-дейді Қыдырман тойтық.
− Қарағым, мұндай қап бізде болған емес. Бұл кім де болса ауылдағы біреудің бізге жамандық жасау үшін істеп отырған қиянаты,- дейді Қыдырманның шешесі де көз жасын көл-көсір төгіп, еңірей тұрып.
− Ол жағын әлі тексереміз,- деді қара жігіт, онан соң әр жерді бір шұқылап тінту жасап жүрген милицияларға: — Әй, анау төбедегі шөптің арасын, мынау күлдің астын қараңдар! -деп бұйырды.
Екі милиция қолдарына аша, күрек алып дереу қораның үстіне шығып, ондағы шөптің астан-кестенін шығарып ақтарыстырып тастады, одан осы үйдің ала қыстай күресінге төккен күл-қоқысын бұрқылдатып аударыстырды, сәл күдік туғызады-ау деген жерлердің бәріне бойлата істік темір сұққыланып, үй маңайында қопарыла қазылмаған төмпешік қалмады, бірақ әлгі ақырдан шыққан екі пұт астықтан басқа ештеңе табылмады. Бітік көз қара сұп-сұр боп қанын ішіне тартып соның бәріне сүзіле қарап, темекісін сорып қойып бақылап тұрды. Шын мықты бастық болса керек, тіпті шолақ қол өкілге дейін оның алдында бәйек қағып именшектеп тіке беттей алмай, анадайдан қас-қабағын аңдап, өзара күңкілдесіп қана сөйлеседі.
Тінту бітіп, келгендер қайтуға ыңғайланған. Байдалы шал әлгі бітік көз қараға таяп кеп, үйіне шайға шақырды.
− МТС-қа дейін талай жер. Дайын шай екен, іше кетелік,- деді шолақ қол өкіл де.
− Жарайды, дайын болса ішейік,- деді бітік көз қара зорға көнгендей боп, одан бағанадан тінту жасап тыным таппай қара терге түскен екі милицияға: — Әй, сен екеуің мынаны әкете беріңдер,- деді иегімен Қыдырман тойтықты нұсқап.- Мен соңдарыңнан қуып жетем.