Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сөйтіп, өзі екі милициядан өзге комиссия мүшелерін ертіп Байдалының үйіне қарай бет алды. Ал екі милиция қос торы ат жегілген шаналарының арт жағына қолын артына қайырып байлап Қыдырманды отырғызып алып, МТС-қа баратын жолға түсіп жүріп кеткен. Қыдырманның шешесі мен іні-қарындастары кісісі өлген үйдей боп ұлардай шулап, шуылдаса жылап қала берді. Дәл осы кезде ғана байқадық, тінту басталғаннан анадай шетте ат үстінде бір жамбастай қисайып бар оқиғаға сырттай қарап тұрған Тұржан атын тебініп қап, шананың соңынан таяп барды да, Қыдырманды қамшысымен тартып жіберердей боп төне түсіп:
− Өзіңе де осы керек, күлиган, а-а-а-а…- деп рақаттана күліп алды да, кілт кейін бұрылып шаба жөнелді. Қуанышында шек жоқ еді. Төңіректегі бес-алты үйдің иті осыны күтіп тұрғандай-ақ оның соңынан шуылдаса шаптығысып қуып берген. Оларға басқа иттер қосылып, лездің ішінде ауыл арасы уылған-шуылған ит базары болды да кетті.
Бұл сұмдық еді. Кеше ғана жайраңдап жүрген, ешкімге залалы жоқ, қолынан келсе тек жақсылық жасағысы кеп тұратын Қыдырман тойтықтың аяқ асты ұры атанып, айдалып кетуі еш көңілге қонбайтындай. Мен сабақ үстінде отырып не оқып, не қойғанымды білген жоқпын, ойымнан Қыдырман тойтық кетер емес.
Ауыл арасында Қыдырман біреудің жаласымен нақақ күйіп отыр деген сыбыс тарады. Өйткені Қыдырманның шешесі көшеге шығып, қолына дәм-тұз ұстап тұрып, баласының ешқандай бидай ұрламағанына қарғанып-сіленіп ант-су ішіпті.
− Балама жала жабылып отыр, еш жазығы жоқ еді…- деп еңірегенде етегі толыпты.
Үлкендердің сөзінен тағы бір аңғарғанымыз, Қыдырманның ұсталуына шолақ қол өкілдің де қатысы бар сияқты, ол тойтықтан Зибашты қызғанатын көрінеді. Бұрын Нұғыман бастық боп тұрған кезде, Зибаш турады пәлен деуге батпаған өкіл, оған тек сырттай телміре қарап айналшақтап көзін сатқаннан әріге бара алмай діңкелеп жүрсе, енді Байдалы шалды өз қолынан бастық сайлаған соң, айтқанын екі еткізбей орындатып Зибашты дереу бригадир қойғызды, сөйтіп, келіншектің көңілін алып, өз дегеніне жетті десті. Елдің аузына кім қақпақ болады, біраз күннен кейін: «Қыдырманға қиянат Тұржанның қолымен жасалыпты» деген сөз де шықты, астық қоймасынан бидайды тесік қапқа сап көтеріп апарып Қыдырманның қорасындағы ақырға тыққан сол екен. Тұржанды қаршадайынан білетін кейбір үлкендер: «Ол жүзіқараның сырты қандай қара болса, іші де сондай қара еді, одан бәрін де күтуге болады»,- десті.
Зибаш болса жорғасы Байдалының торы жорғасынан кем емес, бұрын Нұғыман мінетін қара жал Құлажорғаны бас аты етіп мініп, ертеңді-кеш көше ортасында жайқақтата жүріп дік-дік етіп сөйлейтін әдет шығарды. Аз күннің ішінде-ақ өңінің тотыққаны кетіп, ақ құбаланып, маңдайы жарқырап, өзі тіпті әдеміленіп кетті. Ұяң сияқты көрініп сызылып тұратын мінезінен із де қалған жоқ, үлкенге де, кішіге де ат үстінен шаншыла тік қарап: -«Сен анау жұмысқа бар!», «Сен мына жұмысқа бар!» — дейді кесімді нық үнмен. Әуелде кейбіреулер оған: «Әй, сен өзіміз білетін Зибаш едің ғой» дегендей жүре тыңдап қалжақтамақ болған екен, ондайларды қара жұмыста жүріп білегі қатқан қарулы келіншек қамшымен бір-екі рет қайқайтып тұрып көсіп-көсіп жіберсе керек. Ал таяқ кімді де болса көндіреді ғой. Сөйтіп, қолында билігі бар, атқа мінген адам, мейлі тіпті әйел болса да бағынуға мәжбүр етеді екен.
ЖАУЫЗДЫҚ