Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Қоңыр сиыр күннен күнге іші жер сыза үлкейіп, көзінің ағы молайып аларып, пыс-пыс етіп есіктің көзінен кетпейтін боп алды. Үйден қайсымыз шықсақ та ыңырана мөңіреп қолымызға қарайды, тұмсығын созып иіскелеп жем тілейді. Өзіміз шықпа жаным шықпалап арпа сұлыны қуырып, әр түйірін таңдайымызға сап талшық етіп отырғанымызда, оған қайдан жем берелік. Соңғы кезде шөпті де ертеңді-кеш қора төбесінен уыстап қана түсіремін. Әжем: «Балам, алдымызда қандай-қандай күн бар, шөбіңді үнемдеп ұста, әлі мал төлдегенде керек болады»,- деген. Сондықтан уыстап санап түсірген шөптің өзін бірден малдың алдына тастамай, сабанға араластырып жіберем. Қоңыр сиыр да, екі ешкі де қалың сабанға араласып кеткен шөптерді теріп жейміз деп тінтінектеп жүріп сабаннан да біраз жеп алады. Мен соған қуанам. Әйтеуір, қаңтарылып қалмай, сабан да болса жей берсе екен деймін. Қоңыр сиыр мен екі ешкінің сабанды үңгілегендеріне қарап тұрып Петька:
− Сұлы талқанға бидай талқанды араластырып жегендей болатын шығар,- деп күлді. Онан соң:- Шөпті неге көбірек салмайсың?- дейді мені сараңсып тұрсың ғой дегендей.
− Көп салуға болмайды, шөп аз,- деймін.
− Әй, былтыр жазда, пішен кезінде Нәзира әпкең екеуің ертеңді-кеш жүріп бір қысқа жетерлік шөп шауып едіңдер ғой. Оларың қайда, бітіп қалды ма?
− Жоқ, біткен жоқ, ол шөп өзімізге бұйырмай тұр ғой,- деп, мен Қоғалы бұлақтағы шөбіміздің жайын айтқам.
− Сен өзің қызық екенсің, бар шөптен күдеріңді үзіп,- деді Петька мені жазғыра сөйлеп.-Жарайды, колхоздың қорасына түсірілген шөбіңді ала алмай-ақ қой, ал қалған шөбіңді неге түсіріп алмайсың?
− Немен түсірем? Тұржан тұрғанда колхоздың шанасына жолатпайды.
− Колхоздың шанасының керегі де жоқ. Ол Тұржан мен Байдалыны қайтесің жаман атты боп. Шөбіңді біз өзіміз-ақ жеткізіп алмаймыз ба?! — деді Петька қызынып.
− Немен?
− Қол шанамен. Оттоның отын тасып жүрген үлкен қол шанасы бар емес пе?! Сонымен екеуміз барып әліміздің жеткенінше тартып әкелеміз. Үш-төрт рет барсақ бәрін болмаса да біраз шөпті жеткізіп алуға болады ғой. Қоңыр сиырдың сүтін ішкенде құдай құрлымыз. Сондықтан оның шөбін жеткізуді парыз деп білейік.
Сонымен Петька екеуміз Оттоның отын тартатын үлкен қол шанасын сұрап алып, демалыс күні Қоғалы бұлаққа бара жатқан шөпшілер Көлбай керең мен Манарға ілесіп жолға шықтық. Бізбен бірге Оттоның да барғысы келген, бірақ аяқ киімі жыртық болған соң амалсыз қала берді.
− Қоғалы бұлақтың қыста қандай болатынын көру керек еді, мына аяқтың жарамай тұрғанын қарашы,- деді тұмсығы сөгіліп бақаның аузындай боп тұрған шарығын көрсетіп.
Ауылдан ұзап шығып төбе асқанша өгіз шаналардың соңынан жаяу ілесіп жүрдік. Шаналардың артына жармасып отыруға, көріп қалса пәле қылар деп Тұржаннан қаймықтық. Төбені асып, ауыл қарасы көзден таса болысымен-ақ арттағы Манардың шанасына жабысып-жабысып алғанбыз.
Тоз-тоз болған боз тонының жағасына тұмсығын тығып алып, шанасына жантайған күйі көзін бір ашып, бір жұмып қалғып-мүлгіп жатқан Манар ләм деген жоқ. Тіпті біздің соңдарынан ілесіп келе жатқанымызды, бар-жоғымызды елең қылар емес. Бұрын адамға күлімсірей қарап, жылы тартып тұратын өңі де бір түрлі сұсты еді. Әнеугүні Тұржанның қамшысынан қалған көзінің астындағы көгілдір ісік әлі тарай қоймаған, сол да өңін түнертіп сұсты ғып тұрған сияқты.
− Рұқсатсыз отырдық па, қалай өзі? — деген Петька күліп. Әрине, маған сөйлеген боп Манарға естірте айтқаны, бірақ Манар елең еткен жоқ.
Біраздан кейін етіміз үйренген Петька екеуміз шананың үстіне жайғасып отырып еркінси бастадық.
Манар бізді енді ғана байқағандай алара бір қарағаны болмаса үндеген жоқ. Оның үндей қоймағанынан тартынған Петька жоқ, сәлден кейін тағы сөйледі.