Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

− Әй, балалар!- деді осы сәт Көлбай керең соңымыздан дауыстап,- онша алыс кетпеңдер, қазір қасқырдың адамға шабатын жаман кезі.

Иә, Көлбай кереңнің бұл айтқанына құлақ аспаса болмайды. Соңғы кезде қасқыр деген ауылды төңіректеп шашау шыққан мал болсын, ит болсын жеп кететін, тіпті адамдарға да шапқанын, жалғыз-жарым жолға шыққандарды жеп кетіпті-міс деген үрейлі әңгімелер де естілетін.

Біз екпінімізді баяулатып, енді Көлбай кереңнің шанасына қарайлап қапталдаса жүрдік. Көлбай керең біздің шанамызға қарап қояды да, екі құлағына жете мәз боп күледі. Күлген кезде онсыз да жап-жалпақ бет-аузы ет табақтай боп мүлде жалпайып, шегір көзі мүлде көрінбей сығырайып кетеді. Тек әлден уақыттан кейін ғана:

− Әй, сен екеуің менің күлгеніме ренжімеңдер,- деді езуін жимастан,- Мен сендердің мына тірліктеріңе риза болғаннан күліп келем. Жарайсыңдар! Үлкен жігіт болыңдар!

− Рақмет! Айтқаныңыз келсін,- деді Петька.

− А! Не дейсің?

Петька шанаға таяп барып оның құлағына әлгі сөздерін айқайлай қайталаған. Көлбай керең мүлде риза боп күлсін.

− Әй, осы, сен сарыдан түбі мықты азамат шығады-ей,- деп қойды онан соң.

Өстіп Көлбай кереңмен сөйлесе жүріп, Қоғалы бұлаққа қалай жеткенімізді де аңғармай қаппыз. Анау кездегі Қыдырман тойтық пен Зибаш үшеуміз келгендегі маяның орындары да тақырланған екен. Қоғалы бұлаққа таяу біздің шошақтың бір жағында қатарластыра салынған үш мая болатын, соның да біреуі бітіп, екіншісі орталана бастапты. Сол орталанған маяға кеп Көлбай керең өгіздерінің басын тіреді. Өгіз байғұстар шөптің қарасы көрінгеннен жүрістері ширап алға қарай ентелей ұмтылып келе жатқан, маяға жете бере жан дәрмен пысылдасып тұмсықтарымен кіріп кете жаздап тоқтады.

Біз Петька екеуміз әрі қарай, біздің шошаққа қарай өте бергенбіз, шанасынан түскен Көлбай керең тоқтай тұрыңдар дегендей ишарат жасады. Онан соң үстіндегі қалың тонын шешіп тастап желбегейленіп алды да:

− Әй, Манар, сен өзің ақырындап шанаңа шөп тией бер,- деді дауыстап, одан бізге бұрылып: — Сен екеуің бері жүріңдер! — деп қолын бұлғап бұлақтың жоғарғы жағындағы қожыр-қожыр жартастарды мегзеді.- Анау араға кеше мен тұзақ құрып кеткем, соны барып көрелік,- деп қорбаңдай басып алға түсті.- Егер де кекілік түссе сендерге сауға берем.

Біз, Петька екеуміз, сөзге келместен шанамызды әлгі араға тастай сала, Көлбай кереңнің соңынан ере жөнелдік. Бірде қатқақ, бірде ойдым қардың бетінде соқамен жыртқандай жалғыз аяқ салған жол жатыр. Бұл кеше тұзақ құруға барған Көлбай кереңнің ізі екені айтпаса да түсінікті еді. Өзі сол ізімен алдымызға түсіп, аппақ киізбен ұлтарған дәу қара пимасымен әлгі жолды жапыра тегістеп келеді.

− Бұйыртса бүгін кешкісін кекіліктің сорпасын ішіп бір қарық болып қалыңдаршы,- деп қояды бізге бұрыла сөйлеп,- Кекіліктің сорпасы деген, шіркін, дәмді ғой.

Осыны естігенде Петька екеуміз де мүлде ес қалмады.

Иә, соғыс жылдары біздің ауылда кекілік аулау да үлкен кәсіп болатын. Кекіліктің қайдан өріп, қайда жайылатынын білетін кейбір үлкендер тұзақ құрып сорпа-суын сонымен айыратын. Міне, сондай кекілік ұстағыш үлкендердің бірі осы Көлбай керең еді. Мұның үйінде болып кекіліктің етін жеп, сорпасын ішкен көрші-көлемдерінің балалары тамсана отырып әңгімелеген кездерінде сілекейімізді шұбыртатын. Енді, міне, сол кекілік аулағыш Көлбай кереңнің өзі тұзақ құрған жеріне сауға берем деп ертіп бара жатса, қалай ес қалсын. Тұзаққа түскен кекілікті бас салып өз қолыңмен ұстағаннан өткен не қызық болсын. Петька екеуміз бір-бірімізге қарап жымыңдасып қоямыз.

− Бұл бір күтпеген тамаша болды-ау!

− Көлбай керең молодец! — дейміз.

Көлбай керең өзін біздің мақтап келе жатқанымызды, әрине, естімейді, сондықтан ол бізге өзінше сөйлеп келеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий