Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Цо-оп!.. Цо-оп!.. Содалха, лалха…4- деп тау жаңғырықтыра ақырған ащы даусы естілген. Енді ғана көрдік, қалың алма ағаштың тауды алқымдаған түкпір жағында бәйтерек құсап өскен жалғыз түп долана болушы еді, Зокку сол ағашты екі өгізбен бері қарай сүйретіп келеді екен. Арық өгіздер омырауларынан қарға батып мықшиып алға ұмтылады да, шамалары келмей кейін қарай тәлтіректейді, Зокку болса ақыра боқтап екеуін де сырғауылдай көк таяқпен белдерін қайыстыра соққының астына алып тұр. Өгіз байғұстар сіңірдей созылып жан дәрмен алға қарай тағы да ұмтылады, аяқтары шалынысып сәл де болса жылжи қозғалады. Сәл жүре түседі де дымдары таусылып, тәлтіректей тоқтайды. Жануарлардың әл-қуаттарының біткені едәуір жерде тұрған бізге де көрініп тұр. Бірақ оларды аяйтын Зокку жоқ.
− Вай Меск! Халхадаг ког бикх!…5 — деп ақырып кеп, гүрсілдетіп таяқтың астына алады.
Ақыры өгіздің бірі тәлтіректей ұмтыла беріп құлап түсті, күйіп-піскен Зокку оны боқтықтың астына алып, басқа-көзге періп-періп жіберген. Өгіз ұмтылғанмен, қайтып тұра алмады.
− Әй, өлтірдің ғой, обал емес пе!..- деді Махмұд шыдай алмай дауыстап.
− Барзу баирг!..- деді Зокку кіжініп. Онан соң құлаған өгіздің басын мойынтұрықтан шығарып тастады да, оның орнына екінші өгізге қатарласа өзі тұра қап:
− Содалха, лалха! — деп екінші егізге кіжіне ақырып жіберді де, мойынтұрықты алға қарай итере ұмтылды. Екінші өгіз күш алғандай жылжып жүре бастады.
− Цо-оп!.. Цо-оп!.. Халхадаг ког бикх! — деп, тістене кіжінеді Зокку, өзі де тоқтамай, егізді де тоқтатпай долана ағашты сүйретіп келеді. Едәуір жер жүріп кеп тоқтап, сәл тыныстап алды да: «Әуп!» деп қайта жүріп кетті. Сөйтіп, екі дем алып, долана ағашты біз тұрған кезеңге дейін сүйретіп әкелген.
− Әй, Зокку, сен тұрғанда осы өгіздерді қинап қайтеміз-ей, а! Отынды сенің өзіңмен-ақ тартпаймыз ба, а!.. Ха-ха-ха!..- деп, Махмұд тау-тасты басына көтере жаңғырықтырып көзінен жас аққанша күлді. Оның күлкісін қағып алған тау-тас «а-а-а» деп созып әкеткен. Біз де Зоккудың мына күшіне сүйсіне күлдік. Зокку сәл тыныстап алды да, әлгі жатып қалған өгізін әкелуге кетті. Өгіздің қасына барып шешенше бірдеңе деп ақыра сөйлеп, қазақша боқтанып, таяғымен жон арқасынан бір көсіп өтті де, қозғала қоймаған соң еңкейіп мүйізінен ұстап, ақыра дауыстап, өгіздің кеуде жағын жұлқи көтеріп алды жерден, бірақ бөксе жағы сүйретіліп қозғала қоймады. Сонда да Зокку оны тұрғызам деп біраз жер сүйрелеп келді де, ақыры өгіздің тұрмасына көзі жеткен соң сылқ еткізіп тастай салды, ызалана бір түкірді де кері қайтты.
− Біраз жатып дем алсын, өзі тұрады,- деген Махмұд.
− Содалха! — деді Зокку қолын бір сілтеп.
Махмұд оған шешенше бірдеңе-бірдеңе деп сөзінің арасында «колхоз, колхоз» деп қойып, қолымен анадай жердегі қорым тасты жағалай өскен бұта-қурайларды нұсқай тұрып зіркілдей сөйлеген. Зокку тағы да:
− Лалха! — деп күңк ете түсті.
Махмұд одан әрмен өршелене сөйлеп айқайлап берді. Қолындағы балтасымен Зоккуге тура ұмтылар ма екен деп қорқып қалдық біз. Зокку болса оған тіктеп қарсыласпай со шешенше күңкілдеген күйінде «содалха! лалха!» деп барып, Махмұд нұсқаған бұта-қурайларды күректей қолымен жапыра сындырып біраз жанап алды да, жатып қалған өгіздің алдына апарып тастады. Бірақ оған қозғала қойған өгіз болған жоқ. Со жатқан қалпынан тырп етпеді.
− Байдалыны ертіп әкеп көрсету керек. Арам өліп қалса көрсін,- деді Махмұд Зоккуге.
Бұдан әрі біз, балалар, буып алған отындарымызды сүйретіп келген ізімізбен кейін қайттық. Жас алма ағаш ауыр екен, иығымызды жаншып, қарымызды талдырып аздан кейін-ақ маңдайымыздан тер бұршақтап, ауылға сан дем алып әзер жеттік. Өзі де отын көтеріп қара терге түскен Әнипа апайымыз біздің титықтаған түрімізді керіп, бір сағаттай дем алып келуге үйге жіберді.