Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

− Әй, қарағым,- деді осы кезде әжем шолақ қол өкілге.- Мен мына Байдалыға сөзімді қор қылып ештеңе демеймін. өйткені бұл өзімізге белгілі Байдалы. Мен айтарымды жөн білер деп өзіңе айтам. Соғысқа барып қан кешіп қайтқан азамат екенсің. Ал менің балам сол соғыста қаза болды. Келінім осы колхоздың жұмысында жүріп ұры-қарының қолынан опат болды. Үлкен немере қызымды күні кеше үкімет бұзылған қалаларды салғызамыз деп және әкетті. Қалған шиеттей балалар мен өлмелі кемпір менің түрім мынау. Енді өзіміз шапқан шөпті зорлық қып тартып әкетсеңдер, сонда біздің күніміз не болады? Әскер семьясына жасаған жәрдемдерің осы ма сонда?

Әжемнің сөзін үнсіз тыңдаған шолақ қол өкіл ымдап қасына Байдалыны шақырып алды да, бізге естіртпестен бірдеңе-бірдеңе деп күңкілдеді де, атын тебініп Зибаштың соңынан жүріп кетті. Өзі қалған Байдалы шал қаһары қайтпаған сол ашулы қалпында Қыдырманға қарап:

− Ендігі жерде ісім сенімен болсын, тойтық ит! — деді кіжініп.- Мына шөптің жартысын ғана түсір де, жартысын қайтадан колхоздың мал қорасына алып жүр.

− Өзі азғантай шөптің не жарты дейтіні бар,- деген Қыдырман.

− Әй, тойтық, дәл бірдеңе көрейін демесең, айтқанды істе! — деп ақырды Байдалы шал.

− Әй, Байдалы, өз шөбімізді өзімізге қимай тұрсың ба? — деген әжем.

− Колхоздың малы ашығып жатқанда, мен сендерге шөптеріңді колхоздың шанасымен тартыңдар деген жоқпын.

− Сонда біз арқалап әкелеміз бе?

− Арқалап әкеліңдер, бірақ колхоздың көлігіне тимеңдер.

Сөйтіп, Байдалы дігерлеп тұрып алған соң, Қыдырман амалсыздан шанадағы өзі аз шөптің жартысын ғана түсіріп, қалғанын колхоздың мал қорасына қайтадан алып кетті.

Қораның төбесінде азғантай шөпті жинастырған боп қала бердім. Көзіме ып-ыстық жас құйыла береді, өзіме-өзім тығылып не істерімді білмей қыстығып тұрмын. Кімге барарсың, кімге шағынарсың? Егер балалар зорлық жасаса, үлкендерге барып шағынуға болар еді, ал үлкендердің өзі зорлық жасаса, кімге шағынарсың? Нәзира әпкем екеуміздің таң алагеуімнен тұрып жүріп тірнектеп шауып, тірнектеп жинаған шөбімізді зорлық қып тартып әкеткеніне қалай жыламайсың. Тапайдың тал түсінде бүкіл ауылдың алдында бақырайтып қойып тартып әкетті ғой. Әне, әркім үйді-үйіне кіріп жүр, әншейінде ағайынсымақсып өбектей қалатындарын қайтерсің, ал жаңа Байдалы кеп жер-жебірімізге жетіп, зікінеп, тапап кеткендей боп тұрғанда, ең болмаса біреуі келіп: «Әй, мұның қалай?» деуге жарамады-ау.

Әжем маған төменнен аянышпен қарап:

− Жә, қапаланба, қозым, тіршілікте мұндайдың әлі талайын көресің, тек бас аман болсын дейік,- деді жұбата сөйлеп.- Құдайдан тапқырлар… Уһ-а-а…- деп сөзінің соңын ауыр күрсініспен аяқтады.

Сонда бұл дүние әлсізге әлі жеткен, өстіп қиянат жасаудан тұрғаны ма? Жарайды, Байдалы шалға әлгіндегі әжем айтқандай сөз тауыспай-ақ қоялық, ал сонда Зибаштың жаңағы көрсеткен мінезі қай мінез? Бригадир болғанына бес-ақ күн етті ғой, әйтпесе қысы-жазы бірдей Нәзира әпкеммен бірге осы колхоздың ең ауыр жұмыстарында телім-телім боп жүруші еді ғой. Жағдайымызды, халімізді басқа білмесе де, Зибаш біледі емес пе. Әнеугүні Нәзира әпкем көз қырыңды сала жүр деп бізді тапсырғаны да осы Зибаш еді ғой. Әжем айтқандай: «О-о, опасыз дүние… Опасыз адамдар…»

ТҰРЖАН — АТҚАРУШЫ

Сәске кезінде сары тоны қаудырлап Ысқақ шал класқа тағы кіріп келген. Бұл күні тіпті Әнипа апайымызды көзіне де ілмеген күйде, біздің сабақ оқып отырғанымызға да пысқырып қарамастан, ақай жоқ, тоқай жоқ, бірден Санатқа таяп: «Бол, жинал, колхоз бастық тез жетсін деп жатыр»,- деп, қолды-аяққа тұрғызбай дігерлей жөнелді. Атқарушы шалдың бұл қылығы, әрине, Әнипа апайымызды қатты ренжітті. Ол көзілдірігі жарқ етіп, қағаздарын жинастырып орнынан тұрмақ болған Санатқа:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий