Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Ондай ой өзімізде де болып еді, бірақ әлгі шолақ қол өкіл еркіме қойды ма?! Осында бір қатынға көңілі ауған екен, шолақ ит соны біргәдір сайла деп отырып алды ғой. Бұ қазақтың қатын десе жан беріп, жан алысатынын білесің ғой, амал жоқ, айтқанын орындауға тура келді. Жә, келем десең, біргәдірліктен де өзге жұмыс табылады ғой. Мысалы, мына маған ары-бері шапқылап жүретін атқарушы керек.
− Ойбай, Байаға-ау, ол атқарушылығыңа мен дөй деймін ғой.
− Е, онда болды. Сапыбекке де бір жұмыс табылар.
− Хат тануы жақсы дедің бе осы?
− Үш класс бітірген, таниды ғой.
− Әнеугүні қайтып барған соң сіздің айтқандарыңызды айтқам, қуанғаны сонша: «Мен Байатама барлық балаларды бір шыбықпен айдап бағындырып берем»,- дейді.
− Былай,- деді Байдалы шал ойына бірдеңе түскендей,- Сен мені «Байаға деме. Құрысын, «бай» деген сөзді қайтесің, пәледен аулақ.
− Онда, аға дейім.
− Мейлің, тек «бай» дегенді айтпа.
Байдалы шал көз алдында отырған мені енді ғана көргендей.
− Әй, сен неғып отырсың? — деді.
− Өзіңіз мына қағаздарды оқы деп жібермей қойдыңыз ғой,- дедім.
− Ә, солай ма?! Онда қалғанын ертең оқырсың, бара бер,- деді маған, онан соң Тұржанға: -Жүр, үйге баралық,- деді.
Мен шықтым, менің соңымды ала Байдалы шал мен Тұржан да шыққан тысқа, атқарушы Ысқақ шал ертіп келген Бектай есепші екеуі аттарынан түсіп, кеңсеге кіргелі тұр екен. Бектай есепшіні көріп Байдалы шал бірден ақырып сала берді:
− Әй, сен осы қайда жүресің?
− Қора жақта, мал жақта жүрмін,- деді Бектай.
− Әй, сенің ол жақта нең бар-ей, а?! Малдың заппермесі, бақташысы бар емес пе, а?!
− Қазір енді, қыс кезінде…- деп Бектай міңгірлей берген.
− Өйтіп қыс кезі деп сылтаурататын түк те жоқ,- деді Байдалы шал аузын қисаңдата, даусын жіңішкерте мазақтай сөйлеп.- Шикін-ай, ә, қайбір малсақтанып жүрмін дейсің, есі-дертің, айналшық жегендей барғыштап, жағалап жүргенің, анау әлгі сиыршы Құныпияның қызы Қаншайым ғой.
− Онда сіздің шаруаңыз болмасын.
− Жо, болады… Жаман неме, өзіңше сен де текешіктенейін дедің бе? Байқа, етіңді сылып алам.
− Ақсақал, айтар сөзіңізді ойланып айтыңыз,- деген лезде өрттей боп қызарып кеткен Бектай көзін алақ еткізіп.
− Өй, мынаны қара, маған ақыл үйретеді-ей!
− Аға-ау, осындайлармен де тәжікелесіп тұрасыз ба, дырау қамшымен өрім-өрімін шығармайсыз ба?! — деген шетте тұрған Тұржан кіжіне ұмтылып.- Әй, колхоз бастықпен бүйтіп сөйлесетіндей сен кімсің-ей, а?! Кәне, ағамның бетінен алмай тарт тіліңді, әйтпесе тура көресіңді көрсетем!
Бектай да ыққан жоқ, қамшысын оңтайлап безере қарсы тұрды, салғыласып және сөз қайтармады.
− Әй, Тұржан, жүр кеттік. Бұл жүгірмекпен сөзім сонан кейін болсын,- деді Байдалы шал.
Екеуі аттарына мініп, Байдалы шалдың үйіне қарай кетті де, Бектай есепші мен Ысқақ шал үшеуміз кеңсенің алдында қала бердік.
− Әнеугүнгі жиналыстан кейін-ақ соңыма түсіп алды,- деді Бектай шағынғандай.
− Е, шырағым, бастықтың қырына іліге беріп қайтесің, айтқаныңыз құп деп жүре бермейсің бе? — деді Ысқақ шал.
− Сөйтпегенде қайтіп жүрмін енді.
Мұнан әрі мен өз жөніммен мектебіме кеттім. Қалтамдағы иісі аңқыған бауырсақтан басым айналғандай болса да, жол бойы, ең болмаса, біреуін аузыма салмадым. Балалардың алдына барғанымда, қалтам ортайып қалатындай көрінеді. Үзіліс кезі екен, класқа кірер-кірмесімнен мені де балалар жапырлай қоршап ап: «Иә, неге шақыртады екен? Не істедің?» — деп үздіге сұраған. Санат құсап мен де олардың төбелерінен қарай тұрып:
− Жай, әншейін,- дей салдым немқұрайлы үнмен.- Онан да мә, бауырсақ жеңдер,- деп жеткенше бір-бірден үлестіріп бердім. Өзім бір бауырсақ қана алып қалғам.