Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Біз қасына таяған кезде, шал таяғымен бөктерден әргі асып түскендегі екі шоқының қуыстана қосылған тұсын нұсқап:
− Қазір анау арадағы Тасбұлақтан барып, түбі қата қоймаған шығар, саз балшық әкеліңдер де мына түбірлерді сылап қойыңдар,- деді.
Он шақты бала қос шоқының қуыстана қосылған тұсындағы өзіміз жақсы білетін, жазда мынау бөктерге алмаға келгенде күнделікті басына барып рақаттана отырып су ішетін Тасбұлаққа қарай тартып кеттік. Бұлаққа асып түсетін қабаққа көшкін тұрған екен, тепкілеп ойып, алма ағаштан сындырып алған таяқпен қазғыштап баспалдақ жасап, бұлақтың басына жеткенбіз, сірескен қалың қардың ортасында буы бұрқырап жатыр екен. Мұз болып қату деген мүлде ойына келер емес, бұрқ-бұрқ қайнап қос шоқының бірге біткен кіндігі сияқты көрінеді. Жазда ішкеніңде суы шекеңді жарардай тастай суық болушы еді, шөлдемесек те қазір де бұлақтың ойпаңдау тұсынан кезек-кезек жата қап еңкейіп ұрттап су ішкенбіз, жоқ, жаздағы суықтығы білінбейді, қайта жылы сияқты, сарайыңды ашатын кәусар еді, тамсанып-тамсанып қойып іштік. Жоғарыдан тұрып қарағанда кішкентай ғана бұлаққа бүкіл көк аспан төңкеріліп түскендей көкпеңбек түпсіз тұңғиық боп көрінсе, еңкейіп су ішкеніңде бұрқылдап қайнап су шығып жатқан тас көмей жаны бардай бүлк-бүлк етеді екен. Толассыз қайнау, толассыз бүлкіл. Қыстың күні айдаладағы тау қуысындағы кішкентай Тасбұлақтың мынау тірлігі еріксіз таңдандыратын ғажап еді.
Бұлақтың көзінен сәл төмендеу шымдауыт саз да қатпапты, әлгіден әрқайсымыз кесек-кесек балшық қопарып алып кері қайттық. Сол балшықпен Қуатбек шал айтқандай етіп, сойдиған сирақ түбірлерді сылауға кіріскенбіз. Осы кезде ауыл жақтан атын борбайлай қамшылап Тұржан жетті. Әуелі ол біздерді көзіне де ілместен, арнайы келген шаруасы сол болу керек, бірден тұп-тура өлген өгізге қарай бұрылған. Бағанағыдан кейін басылғандай болған қарға-құзғындар тары шуылдаса бастады. Бірімен-бірі қайшы алысып, жалт-жұлт етіп кеп, Тұржанға тап-тап берердей боп жанай ұшады.
− Өй, мыналар қайтеді-ей?! — деп, ақыра дауыстаған Тұржан қапелімде қағып түсіргісі келгендей қамшы сілтеген. Қарға-құзғын онан әрмен шулап кетті, кейбіреулері бүріп түсердей боп шаншылады. Қызық көргені ме, әлде бас айналдырғандай азан-қазан шудан сасқаны ма, Тұржан сол оңды-солды қамшысын сілтелеген күйде:
− Мыналар қайтеді, ей?! А-а-а…- деп аузын аша күлген. Тау-тас әлгі күлкіні қағып ап ондаған дауысқа салып: «А-а-а-а»… жаңғырыға жөнелген. Өз даусының жаңғырығына өзі таңданғандай Тұржан қайталай күлген, тау-тас та ондаған дауысқа салып қайталап берді. Өлген өгіздің қасына барып, ат үстінде тұрған күйде қамшысымен екі-үш рет салып-салып жіберді де:
− Өй, мынау шынымен өліп қапты ғой, а-а-а-а…- деп өгіздің өлгеніне анық көзі жеткен соң, тағы мәз бола күлді.
Тек сонан кейін ғана біздің әрекеттерімізге таңырқай қарап:
− Әй, не істеп жүрсіңдер?! — деп дауыстай сұрады да, түбірлерді саз балшықпен сылап жүргендерімізді көріп: — Әй, мыналарың не-ей?! А-а-а-а…- деп бұрынғы күлкісі күлкі ме, шын күлкіге енді батты. Басы балшықпен сыланған әр түбірге қолын шошайтып қойып, ішін баса тұрып көзінен жас аққанша күлсін кеп, атының үстінен құлап қала жаздайды.
− Мүгедек сорлыларды шүберекпен байламайсыңдар ма-ей, а! А-а-а-а…- дейді мәз болып. Ұрадай аузын үңірейте ашып шалқалай тұрып күлгенде, бүкіл тау-тас күлкіге толып кеткендей болады.
− А-а-а-а… А-а-а-а…
Әуелде оның күлкісіне мән бермегендей боп тұрсақ та, сәлден кейін біртүрлі тітірене бастадық. Тау-тасты жаңғырықтырған ессіз күлкі көңілге үрей туғызып, қорқыныш, күдік ұялатайын деді.
Тұржан осылайша өзімен-өзі біраз тұрып, күліп-күліп алған соң, атын борбайлата бір тартты да, жүріп кетті. Біз сойдиған түбірлердің балта кескен жерлерін біршама сылап қойдық.
− Әй, мына нәлеттің есі дұрыс емес шығар,- деді Қуатбек шал оның соңынан сығырая қарай тұрып.