Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Рысқұл енді сол екі тақтайды тас еденге төсеп, үстіне Тұрарды жатқызды. Өзіне тақтай да жетпейді... Ескі түйе жүн шекпен әрі жамылғы, әрі төсеніш.
Далада жаз шығып, дүние жадырағалы қашан?! Бірақ тас абақтының іші бір жылымас. Баланың басы сияр-симас жалғыз терезеден өмірі күн көзі көрінген емес. Оның өзін білектей бел темірмен айқұш-ұйқыш торлап тастаған.
Рас, күндіз аспанның қиығы төрт бөлініп көрінеді. Онда да түрегеп тұрып, есік жақтан қарасаң ғана. Ал, отырғанда көрінбейді. Терезеге қол жетпейді. Абақты бөлмеден гөрі зынданға көбірек ұқсайды. Шыңырау зынданның аузы аспанға қарап тұрады той. Тас камераның терезесі де үйдің қабырғасынан гөрі төбесіне жақын.
Абақты – арт айланбас тар. «Өлгенде жататын көр де сәл кендеу, – деп қояды Рысқұл. – Көрде, бәлкім, бұдан гөрі жылырақ болар. Мұның мүрдеден бір артықшылығы көздей болса да терезесі бар. Аспанның бір пұшпағы көрінеді. Егер қабірінде де осылайша көк аспанның көздей бір кесегі көрініп тұрар болса, өлгеннің өкініші өте қатты бола қоймас».
Камерадан аспан көрінеді. Күндізден гөрі түн тәуір. Түнде аспан бұлтсыз болса, жалқы жұлдыз дірілдеп тұрады. Рысқұлдың камерасына кіріп жылынғысы келгендей жалынышты кейпі бар. «Байғұс-ау, мұнда сонау сенің аспаныңнан да суық. Басыңа түспеген соң білмейсің ғой», – деп сөйлесер Рысқұл онымен. Ұдайы бір-ақ жұлдыз тұрады. О да түн ауа бере жасырынып қалады.
Қапаста аспаннан басқа не көруші еді. Рас, түрме түбіндегі нар еменнің бір бұтағы көлбеңдеп, жасыл жапырақ көз алдайтын. Надзиратель камераның темір есігіндегі көздей тесіктен сығалап, тұтқын не істеп отыр екен, қалай отыр екен деп аңдитын. Сонда Рысқұлдың ылғи түрегеп тұрып терезеден көз алмай қалғанын байқайды. «Е, бұл не көріп тұр екен?» – деп таң қалады. Ары ойлап, бері ойлап, ақыры емен бұтағынан өзге ештеңе жоғын білген соң, надзиратель әлгі бұтақты қырықтырып тастады. «Енді не істер екен?» – десе, тізесін құшақтап, қатып қалған екен. «Өліп қалған ба?» – деп күдіктенгенше болған жоқ, тұтқын орнынан барысша бір-ақ атылып есікке жетті де надзирательдің көзіне сұқ саусағын ұсына ұмтылды. Надзиратель шошып кетіп, оқыс шегінгені сонша, тар дәліздің артқы қабырғасына кегжең еткізіп басын ұрып алды. Шүйдесін қолымен сипалап есеңгіреп біраз тұрды.
Камераның төбесі де, төрт қабырғасы да, тор терезесі мен темір есігі де тұтқынға жауыға төніп, тынысын тарылтып тұрады. Бірақ, Рысқұлдың ең жек көретіні темір есіктегі көздей тесік еді. Рысқұл азаптың небір түріне шыдап-ақ бағар, бірақ көздей тесік дегбірін қашырады. Тесіктен жылт-жылт аңдушы көздер көрінгенде шықшыты бұлт-бұлт ойнап, тісі шықырлап, әлгі ұры көздерді шұқып шығарып жібергісі келіп жыны қозады-ақ.
– «Бұл нәлеттер неге қарай береді? Тамаша көре ме? Жаңа ғана сұғын қадап кетіп еді ғой. Әлде менің мүсәпір халде отырғанымды көріп қуана ма екен? Оларың бола қоймас!»
Осылай деп өзіне-өзі дәт беріп, өзін өр ұстағысы келеді. Сағы сынбағанын білдіргісі келеді. Кейде сумаңдаған сұқ көздерді байқамаған болады. Бірақ адам өзін-өзі тежей бергеннің де жақсылығы шамалы. Ішінен тынғанның ызасы – алманың өзегіне түскен құрт сияқты. Сыртың бүтін, ішің түтін.
Сол түтін ішке сыймай кеткенде, Рысқұл сұқ саусағын қадап тесікке тұра ұмтылады.
Артынша, мұндай қызбалыққа бой бергенім қалай? – деп өкініп те қалады. Дұшпанға осалдығыңды білдірме дейді.