Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Вот дьявол! – ояз хром етігінің қонышын қолымен сарт еткізіп. – Адам емес, бұл нағыз дию. Әлгі пристав қайда? Шақыр тез! Мырзалар, – одан соң отырған қауымға қарап. – Біз өзі келеді деп тосып отырған Рысқұл Жылқайдаров уже губернаторға арыз айтып та үлгіріпті. Түрмеге өз еркімен барып түсіпті. Сіздің қолыңызда тұтқында отырған баласын Верный облыстық түрмесіне, өзінің қасына алдыруға рұқсат бергізіпті. Міне, бұйрық. Баланы тез Верныйға жеткізу керек.
– Сонда қалай, мырза? Менің ағамды атып тастап, ешқайсысының шекесі де қанамай құтылып жүре бермек пе? – деп Анарбай туысқанының намысын жыртқан болды.
– Ешкім де құтылған жоқ. Өкіметтің түрмесінде отыр. Заң бойынша жазасын алады. Сот шешеді.
– Сонда қай сот шешеді? Жай сот па, әскери сот па? – деп қалды Жайылма болысы Нарсұлтан. Басқа болыстар бұл сұрақтың мәніне түсініңкіремеді. Бірақ сыр бермеді. Нарсұлтанның өздерінен өресі биіктеу екенін іштей мойындасты. Жай сот пен әскери соттың айырмасын біле алмай дал.
Бұл арасы ояздың өзіне де беймәлім болып шықты.
– Мырзалар, мен аттанайын. Бұл сұрақты Верныйға бара шешерміз. Қылмыс өте ауыр. Әділ сот өз шешімін айтады, – деді ояз.
Нарсұлтан болыс алдыға ұмсына түсіп, қол көтерді.
– Жоғары мәртебелі мырза, Сіз әрине, біз пақырдан әлденеше есе артық білесіз. Ал біз, сіздің қызметшілеріңіздің пайымдауынша, бұл жай өлім емес. Қылмыс – жай қылмыс емес. Мұның салдары қиын болып тұр. Егерім, осыдан Рысқұл ең ауыр жаза алмаса, мына бізге де қиын. Неге дейсіз ғой. Бұл өте зиянды үлгі. Ертең бізді де пытырлатып атып тастамасына біз кепілдік бере алмаймыз. Біз өкімет адамымыз. Біздің де жауларымыз бар. Бұзықтар әр елден табылады. Ал олар ауыздықталып, тыйым салынбаса, алдындағы үлгісі Рысқұлдың әрекетін қайталап, қауым бүлінеді. Ал бүлінген жерді бүтіндеу қиын екенін сіз бізден гөрі жақсы білесіз. Сондықтан мен мына отырған қырық болыстың атынан, бұлар мені қолдайды деп сенемін, Рысқұлды әскери сотқа беріп, ең ауыр жаза қолдануын тілер едік. Осы өтінішімізді ескерсеңіз.
Басқалардың санасына «әскери соттың» мәнісі енді жетіп, бәрі де қойша маңырап қоя берді.
– Дұрыс айтады!
– Біздің де талабымыз сол!
– Өлім жазасына кесілсін!
– Басқа бұзықтардың жаны түршіксін!
– Болысқа оқ ату деген бұрын-соңды болмаған сұмдық.
– Тыйым салынсын!
«Болыс тұрмақ, Россияның патшаларына оқ атылғанын бұл топастар білмейді-ау», – деп ішінен күлді ояз.
– Жә, мырзалар, бұл талаптарыңыз орынды. Бірақ орыс мақалы айтқандай, құр сөзді қағазға тігіп қоя алмайсың. Сондықтан осы арыздарыңызды қағазға түсіріп, қолдарыңызды қойып, мөрлеріңізді басып беріңіздер. Кәне, әлгі тұтқын бала қайда? Алдырыңдар. Біз аттаналық, – деді ояз.
Ояз басқалар сияқты малдас құрып отыра алмаушы еді. Сондықтан астына қос жастықты бүктеп басып, басқалардан биік отырған. Қазір ол орнынан жеп-жеңіл көтеріліп, тіп-тік тұрған кезде, болыстар жағы қолдарымен жер таянып барып, екі-үш ұмтылып әрең-әрең көтерілді.
Дастарқан жиналмай жатып, барлығы жапырылып ояздың соңынан тысқа беттеген. Тұрарды алдына салып Мақаш келе жатқан.
– Рысқұлдың баласы мынау ма? – деді Дат болыс қолын көзіне көлегейлеп.
– Ажалы жоқ екен иттің күшігінің, – деп кіжінді болыстар тобына сырттан қосылған Таубай старшын.
Тұрған топты киіп-жарып, быртық Тұқымбай Тұрардың жанына барды. Баланың бетіне ежірейе қарап қалып:
– Сені неге балалар Қызыл Жебе дейді а? Айтшы, – деді.
Бала кілең оқа-зерлі киім киген үлкендердің ортасында жүдеу киінген жалғыз өзі екенін көріп, қорланғандай болды. Бірақ осыншама ығай мен сығайлардың назары өзіне ауып тұрғанын аңдап, бойын жиып алды. Тас түйіліп тұрып, Тұқымбайдың ірің жиектеген жанарсыз көзіне бұқпай қарап:
– Қызыл Жебе жүйрік. Мен де жүйрік болғым келеді, – деді.
– Қарай гөр көктүйнекті!
– Айылын жимай тұруын күшіктің!
– Болар бала боғынан деген. Мынау болатын бала ғой, – үлкендер бастарын шайқап-шайқап қойды.