Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Фон Таубе емен ағаштан соққан қомақты креслодан ырғала тұрып, терезенің алдына барды. Губернатор бағында аташтар жасыл пүлішке оранып, неше алуан құстар сайрап, арықтан су сыңғыр-сыңғыр қоңыраулатып ағып жатыр. Бейіштің бағындай. Эдем бағындай. «Бірақ Эдем бағында да бейбітшілік болған емес. Онда да неше түрлі тартыс өткен. Бәрі алдамшы. Бәрі түс сияқты», – деп фон Таубе терезеден бетін бұрып әкетіп еді, императордың көзімен көз атысып қалды. Император мұны кінәлағандай ызғар шашып тұр екен. «Иә, императордың тағы сықырлаған күні менің тағымтас-талқан болады. Әлгі киргиздар айтқандай: «түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде». Жабайы түземдер де кейде осындай дана сөздер айта алады. «Жабайы, жабайы» деп жүріп жалпамыздан түспейік... Революция. Револьверден атылған оқтай қарып түсетін қандай қорқынышты сөз. Бұл сөздің идеясымен түземдер уланса, сойқан сонда болмасын. Бұлардың әйелдері ат пен түйенің үстінен түспей толғатып, босана береді. Бір көтерілмесін, бір көтерілсе – жауынгерлік рухы шығандап кететін шатақ ел. Ал, біз «момын, момын» деп өзімізді алдаймыз. Бұларға әскери сот жүргізуді қоспаймыз. Айтпақшы, әлгі Рысқұл...»

Фон Таубе қоңырауды қолына тағы да алды. Жіптіктей адъютант қоңырау қағылар-қағылмас сарт ете қалды.

– Осташкин мырзаны шақырыңыз.

– Құп болады!

Вице-губернатор атан түйедей нән кісі еді. Қазына тіккен мундир шақ келмей, киімді ұдайы жеке ұстаға арнайы заказбен тіккізетін. Қазандай басы қасқа маңдай, маңғаз. Бірақ мұрны кертіктеу, ал иегі тым шығыңқы. Сақал-мұрт қоймайды. Оның есесіне күрең қасы қою. Қабағы жардай. Осынша тұлға-түр бола тұра, фон Таубені көргенде маңғаздығы айдалада адасып қалып, ебедейсіз қалбалақтай береді. Өз ісіне мейлінше берілген, үй-жайын, қатын-баласын мемлекет ісі дегенде ұмытып та кететін пәруана адам. Фон Таубенің алдында қасқыр көрген түйедей қалшылдап қалады.

– «Рысқұл ісі» не болып жатыр? – деді фон Таубе өз орынбасарына.

– Әзірше істі Кіші Алматы сотына тапсырғанбыз.

– Мына генерал-губернатордың жауабымен танысыңыз. Әскери сотқа рұқсат жоқ. Істі округтік сотқа тапсырыңыз. Режимі қандай?

– Жеке камера – қатаң режим, Жоғары мәртебелім.

– Приходькоға ескертіп қойыңыз: бір рет Рысқұлдың түрмеден қашып кеткенін ұмытпасын. Баласы да сол камерада ма?

– Иә, Жоғары мәртебелім.

– Округтік сотқа ескертіңіз, іске қатаң қарасын. Бүкіл управительдер біздің әрекетімізді бағып отырғанын ұмытпаңыз. Болыстардың наразылығына қалмайық.

– Құп болады, Жоғары мәртебелім.

VI

– Оян, Тұрар! – деді әкесі, екі тізесін бауырына жиып, екі қолын тізесіне қысып, бүрісіп ұйықтап жатқан баласына. Бұрынғыша «Тұраш» демекші еді, бірақ қайталап:

– Оян, Тұрар! – деді.

«Еркелетудің жөні жоқ. Енді еркелік сенен кетті, байғұс бала. Енді сенен балалық та көшті. Бұдан былай өз күніңді өзің көріп, өлместің қамын ойлауың керек. Еркелетудің жөні жоқ».

Бұрын баласын аймалап жүргендей-ақ, Рысқұл тап бүгін осылай ойлады. Онға толар-толмас балдырған шешесіз аяқтанып, шерлі жетім болды да, әкесін Алатаудай арқа тұтушы еді. Әкесінің мейірімі түсіп еміренген кездері аз болатын. Маңдайынан сипауы сирек. Бірақ адамда айтылмай сезілетін махаббат болар, ұдайы ат үстінде түн қатып, түсі қашып жүретін әкесінің өзіне деген сүйіспендігін бала іштей сезер еді. Тұла бойындағы тұлдыры, маңдайындағы сөнбеген жұлдызы Тұрар бола тұра, Рысқұл өзін өзі тежеп, дәл қазір мейір төгуден бойын жиды.

– Тұр! – деді қатал үнмен.

Түрменің түні жаз да болса салқын. Баланың жамылғысы жоқ. Шолақ бешпет басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жетпейді. Іргеде темір төсек нар бар. Бірақ оған жата алмайсың. Жатайын десең, яки отыра берсең ортасындағы екі тақтай тайып кетіп, құлап түсесің. Тақтайлар төсектің темір жақтауларына ұшпа-ұш ілінген. Нық тұруға бір-екі елі жетпейді. Бұл түрмеде тақтайдың тапшылығынан емес, әрине. Ойнақтап тұрсын деп әдейі ойлап табылған амал.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий