Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сөйтіп, жалғыз жасыл бұтақ та ғайып болған. Надзиратель оны қырықтырғаны камераға күн түсірмейді деген қамқорлықтан емес, әрине. Қылмыскердің көзі камераның тамұқтай тас, көрдей қарасұр қабырғасынан басқа бояуға алданбағаны жақсы. Ал тұтқынның күнде жасыл жапырақты тамашалап, көз жанарын дем алдырып тұрғаны, надзиратель тарапынан үлкен сый болар еді. Ондай мырзалықтың не керегі бар? Түрменің қожайыны шамасы келсе аспанның көгілдір түсін сұп-сұр бояумен баттастырып қояр еді, амал не, оны істей алмайды. Әзір аспанға жетер саты жоқ, рас, кейде бұлттар көмектеседі. Бірақ ең тұнжыр бұлттың өзі түрме камерасының түсінен әлдеқайда ашық. Надзиратель шамасы келсе түнде қалтырап тұратын жалғыз жұлдызға балшық жағып қояр еді. Әзір оны да істей алмай жүр. Әрине, ең қызығы, жалғыз көзді әйнекті тарс жапқан ғой. Бірақ ол түрменің ережесіне жатпайды. Бір ғана амал – тор темірді неғұрлым жуанырақ қағу.

Терезенің көзін бітегенмен, көңілдің көзін қалай бітерсің. Адамның айтып болмас ғажап қасиеттерінің бірі – көңіл көзі ғой. О, онымен мың түрлі бояу көруге болады! Ол арқылы сонау сағым таулардың ар жағында жатқан Түлкібасты, Кемербастау мен Күмісбастауды көре аласың. Дәу-Бабаның сыртындағы Иірсу мен Ақсуды аралайсың. Мыңжылқы мен Мақпал жайлауын, Ұлар тауын шарлайсың. Кісінеген жылқы, шіңгірлеген құлындар, үйездеген биелер, маңыраған қой, мөңіреген сиыр; зауза қоңызы әндеткен түндер; ақсүйек ойнап алқынған қыз-бозбала, айлы түндегі алтыбақан; қанталап барып батқан күн; күннің батысынан шығысына дейін қызғылтым бояуға малынған бұлттар; шығар күннің шаншыла шашыраған сәулесі, ақбас таулардың алаулаған шындары; Дауылбай тоқалдықка тартып алған Әсем қыздың жәудір көзі; жылқышы Рысқұлды көргенде алаулап ала жөнелетін сол Әсемнің алма беті... бәрі де көз алдында. Бұл көріністерді надзиратель еш уақытта да, мылтықпен де, найзамен де қуып шыға алмас.

Тас қапастың құрсауында отырғанның өзінде адамның көкірегінің терезесіне темір тор қаға алмайсың. Одан күнді де, аспанды да, жасыл жапырақты да тасалай алмайсың.

– Тұрсаңшы, Тұрар!

Бала ұйқысын қимай, ыңырсып, бүрсиіп жатады.

– Қазір, көке.

Түрме камераларының бәрі мұндай емес. Бұдан бір мысқал болса да тәуірлері бар. Бірнеше кісілігі де, тіпті бір қора тұтқын жататыны да бар. Тұп-тұтас тастан емес, қыштан, тіпті домбаз, қам қыштан соғылған камералар да кездесер.

Рысқұл камерасы – санаулы тас абақтының бірі еді. Мұнда тек аса қауіпті тұтқындар, патша тіршілігіне барынша зиянкес, зор қылмыскер ғана отырғызылады.

Сондай қылмыскердің бірі Шілмембет Шымырдан шыққан Рысқұл Жылқайдарұлы еді. Аяқ-қолын кісендеп, алғаш осы тас қапасқа жекелеп кіргізгенде мың да тоғыз жүз бесінші жылдың басы болатын.

Осы түрмеден бір рет қашып шыққан әдісіне салып абақтының астын теспекке әрекет жасап, қараңғыда іргеге тырнақ салып көріп еді, көбесі сыдырылып түсе жаздады. Саусақтары мұп-мұздай тасқа тиіп, көбесі жапырылып, шып-шып қан шықты.

Ертеңіне надзиратель оны дәретханаға шығарып бара жатып саусағындағы қанды байқап қалып:

– Байқа, бәлем! Бұл саған өткен жолғы камера емес, – деп айызы қанғандай қарқ-қарқ күлді.

Бұл жолы түрме қызметкерлері сақ болды. Рысқұлдың кім екенін танып қалған, қой қораға қамап қойсаң, абақты осы екен деп, тырп етпей жата беретін аңқау қазақ болмай шыққанына көздері жеткен.

Тас камераға қамалған соң-ақ Рысқұл ісінің оңалмасын сезген. Жаза жарлығы көп ұзамас деп те күткен. Өлім жазасы бола ма, каторга бола ма, – көп кешікпес деп еді. Бірақ жарым жылдан асты, іс әлі шешілмей жатыр. Екі иығына екі кісі мінгендей шомбал, қолдан құйғандай шымыр, өте қарулы еді, абақты сорып тастады. Қызыл-күрең жүзі басындағы тозған ақ қалпақтың түсіндей күннен-күнге қуарып барады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий