Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Шынтуайттап келгенде Қарақойынға Жылқайдар балаларының ортақ болар жөні де, жолы да бар еді. Бабалары Әлімбек батыр аз ата Алсай баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, шонжар тұқымдармен иық тіресіп өтті. Мына қазіргі Дауылбай болыстың әкесі Құлжабай датқаның өзі Әлімбектің айбынынан мысы басылып, жүні жығылып Тұрар еді. Сөйтіп, бұл шұрайлы Қарақойынға Әлімбек және Соқыр батырлардың арқасында қол жеткен. Әйтпесе, аз ауылдың өмірі алдына салып айдаған малы жүзге жетпеген, жүзге жетсе күзге жетпеген. Көбінің-ақ «үрерге иті, сығарға биті» болмаған.
Соқыр – Әлімбек батырдың немере інісі болатын. Шын аты Керімбек еді. Сонау Меркеде Сыпатай батырдың асын бергенде қырғыздан келген Теке батырға қарсы сайысқа шығар исі қазақтан ешкім табылмай иә аруақ, иә құдайлап Керімбек жұлқынып ортаға шыққан.
– Өлсем – құным сұраусыз! – деп айқай салған дейді.
– О, бұ кім? Бұ қай бала! – дескен ел аталары.
– Бұ Түлкібастан келген Шымыр-Шілмембет Керімбек! – дескен жұрт.
Сонда дүйім ел:
– Бәйдібек! Бәйдібек! – деп ұран тастапты.
Бәйдібек баласы болған жер «иә, құдайлап» жүріп Керімбектің төсін тоқыммен тартып байлап, қолына найзадай ұзын айыр бақан берген екен. Айыр жағын оң қолының қарына тіреп алып, құж-құж құйқалы басын орамалмен шарт түйіп, астына апай төс, жуан бел қарагер алпауыт ат мініп ортаға ойнақтап шыққанда ар жағы Арыс, бер жағы Алматы, Албаннан жиылған жұрт тағы да:
– Бәйдібек! Бәйдібек! – деп аспан астын азан-қазан қылған деседі.
Сайыстың серті жаман. Екеудің біреуі құрбан. Соған екі сайыскер де бас тігеді. Теке батыр талай сайыстан ұртын қанға толтырып, аруағы асып, жеңімпаз атанып жүрген кәнігі сайыскер. Ортада шомбал қара ат мініп, төбедей болып, асқақтап тұр. Қасы салбырап көзін жапқан. Тап-тақыр жала басы шошақтау екен. Керекең құсап орамалмен таңбаған. Төсін тоқым орнына ала қыл арқанмен қабат-қабат таңып тастапты. Текенің аруағы асыңқы еді. Керекең оның қасында көп қораштау көрінеді.
Бірақ аулақтан атойласып, бір-біріне қарсы, бақандарын ұсына шапқан заматта Керімбек кереметтей өзгеріп кенет күш алып, сескенбей ұмтылды. Сайыста адамнан да гөрі ат қатты сасқандай. Алдынан жолбарыс шапшып келе жатқандай кілт тоқтап, шегіншектеп кетеді екен. Артқы аяқтары бүгіліп, бөксесімен жерге шоңқая жаздап барып, қайтадан бауыр жазып, жер бауырлап көсілгенде ат емес, мысық қарғығандай әсер қалады.
Сол сайыста екі батыр екеуі де бір мезгілде аттарынан ұшып түскен. Мұндай сайыс, әдетте, сирек кездесетін жәйт екен. Теке батырдың қара атының басына бақан тиіп құлаған да, Керекеңнің сол көзі жазым болып ағып түскен. Сол Сыпатайдың асынан кейін Керекеңнің даңқы ел аузында Соқыр батыр деп таралып кеткен екен.
Арада жылдар өтіп, енді қырғыздар жағы өзінің атақты манабы Шабданың асын береді. Шабданың асында Теке батыр мен Соқыр батыр қайта сайысып, бұл жолы Соқыр Теке батырды ұшырып түсірген. Теке сол аста жан тәсілім болған. Қаһарынан қалың ел қалтыраған Құлжабай датқа Қарақойынды аз ғана Алсай ауылынан ала алмаған себебі батыр бабалардың арқасы еді. Батырлар да дүниеден өтеді. Тіршілікте ешкімнен ықпаған ерлер өлімнен ғана өкінішпен жеңіледі. Ноқталы бас солай. Соқыр батыр қайтыс болғанда Құлжабай датқаның жандайшаптары Қарақойынды алып қоймақ боп ары-бері әрекет жасайды. Сонда Алсайдың бір ақыны:
Тоспаның қыстау салдым бұлағына,
Жоңышқа, ат семірер, құрағына.
Жығылса құлан барып жол үстіне
Құрбақа қарғып мінер құлағына, –
деген екен дейді.
... Дәу-бабаның күдірейген желке тұсынан алыстағы өрттің жалынындай боп әлсіз алау көтерілді. Таудың тулап тұрған тұлпардай мүсіні мүшеленіп айқын көріне берді. Алау жалды ат енді кісінеп жіберетіндей шапшып тұр. Енді алау тұсынан балқыған алтындай боп толықсып, толқып әсем ай көтерілді. Әуелгі екпіні аспанға тау тұсынан атып шыққандай еді, енді баяулап, маң-маң, паң қалыпқа түсті. Жердің жүзі сәуледен маужырап қалды.