Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Көп күн қаталап, құм кешіп жүріп, кенет мөп-мөлдір айдынға тап болғандай, яки баяғы батыр бабасы Әлімбек тіріліп алдынан шыға келгендей таңырқап біраз тұрды. Ойына былтырғы оқымысты оралып, екеуі жүрген мұзарт жолдарын алыстан-ақ анық көргендей болды. Өйткені Талғардың шыңдарына тіке бет алдынан көтерілу мүмкін болмай, осынау батыс-түстігінен қиялап, сонау Жаңғырық пен Алпамса шыңдарына көтерілген.
Сонау қара жолақ – Қарақауырсын шыңы. Оның аржағынан Инетау қылтияды. Ине десе ине. Шаншылып тұр. Ал Қара қауырсынның оң жағын ала қалшиып жалғыз тұрған қара тас – Жандарм.
Былтыр мына Жаңғырықты жағалап бара жатқанда Дмитриев Рысқұлдан:
– Анау жеке тұрған таудың аты не? – деп сұраған.
Осында неше шың бар – бәрінің атын айтып берген Рысқұл қапелімде сасып қалды. Қалшиып тұрған саяқтың атын білмеуші еді.
– Кім біледі, жандарм сияқты түсі суық екен, – деген.
Сыпайы оқымысты мына досының тапқырлығына сүйсініп:
– Молодец, Рысқұл! Таптың, таптың! – деген. Дереу дәптеріне жазып алған. Содан әлгі саяқтас «Жандарм» аталып кете барған.
– Әттең. Метрейден жауап жоқ, – деп өкінді қазір Рысқұл. «Нендей бір қиындық көрсең хат жаз, көмектесем», – деп еді-ау. Басыма бір бақыт құсы ілуде бір оралып келсе, қолыма қондыра алмаған неткен адаммын. Әлгі кекілік сияқты бір жақсылық заманда бір жақындаса өзім үркітіп алатын не бәлем бар?
Қашқын өзегі талып, өндіршегі үзілген соң, төгіліп жатқан жабайы алманы теріп жеді.
Әріректегі Солдатсайдың қырқасында жиылған маялар жайылып жатқан түйелер сияқты. Болыстың қыруар малы қыстай жеп шығатын сол пішенді ала жаздай жалданып, Тау-Шілмембеттің еркек кіндігі жинаған.
Осыдан әлі жетіп, екі қыр асса, өз ауылының үстінен түседі. Асықпай, әл сақтау керек. Күн жарықта бәрібір ауылды маңайлай алмайды. Әзірше бұта-бұтаны, жыра-жылғаны тасалап жүре береді. Биіктен, аулақтан қарағанда ылдидағы дүние сарыала, жасылала жамылып, сәнді көрінеді. Ешқандай қайғы-уайымы жоқ, кір-қоқысы, жаман-жәутік үйлері жоқ, құдайдың рахымы, шашыраған байы кедейін асыраған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жерұйық осы екен дерсің.
Табанның астынан, анау сайдың, сонау сайдың қабағынан жайылып жатқан отар-отар қой, үйір-үйір жылқы көрінеді. Тас қалап, қурай жағып, тасқорыққа сүт пісіріп отырған қойшының ошағынан көгілдір шуда түтін көтеріледі. Қойшының тасқорыққа пісіріп, қойдың қорғасындай сүтін ішерін ойлап, қашқынның аш қарыны уілдеп қоя берді. Қашқын қурай бастаған қатқыл көктің үстіне шалқасынан түсіп көзін жұмды. Жүдеген жүйкесі босап, қол-аяғы жансыздай салбырап, дел-сал, қамсыз халге түсті. Көзі жұмулы жатып, көгілдір аспанды, ақбас Талғарды көрді. Көкірегінде бір ыстық қайнар бүлк-бүлк етті.
* * *
Көз байланды-ау деген кезде қашқын Бесағашқа жетіп, сайды тасалап, өз үйінің желкесінен шыққан. Табанда тұсаулы тұрған Шолақты көріп, анадайдан «тәк-тәктап» жанына келді. Ат иесін танып танауын желпілдетті. Иесі оны тұмсығынан, құлағынан сипалап, мойнынан құшақтап, біраз тұрды. Өзінің туған бауырын көргендей, үнсіз құшақтасып, мауқын басты. Аты оттағанын қойып, мүлгіп қалғандай.
Осы бір кездесу кезінде алма ағаштың ашасында отырған бала жерге секіріп түсіп, қабақтан төмен қарай жүгіре беріп, сескеніп тоқтады:
– Бұл қайсың-ай! Тиме атқа! – деп дауыстады.
– Тұрар, – деп сыбырлады әлгі адам.
– Көке, – деп бала айқайлап жіберіп сайдың табанына дөңгелеп түсті.
– Айқайлама, – әкесі Тұрарды бауырына қыса беріп. – Жалғызым менің, жарығым менің. Кәне, былай тасаға барайық.
Ол баласын қолынан жетектеп, қалың шырғанақтың ішіне кіріп отырды. Беті сопайып азып кеткен ұлының басынан сипалады. Бауырына тағы қысты.
– Көке, енді саған тимей ме олар? – деді ұлы әкесінің сақал басып кеткен бетінен сипап, қараңғыда кезіне көзін қадап.
– Енді тимейтін шығар, – дерін десе де, осы кезде Алматыдан болысқа хабар жеткенін сезді. Бүгін түнде, тіпті осы қазір қуғын шығып, бұл ауылды түгел тінтеді. Аялдауға амал жоқ.