Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бір шоқ аршаның түбінде қызыл құмырсқаның илеуі болар. Рысқұлдың бет-аузына қызыл құмырсқа құжынап, аймалар. Қызыл құмырсқа шаққан дене шірімес. Сарқыраманың сарыны күңіренер, биікте ұлар шулар; шәйқурайдың басында: «Қап, бұл қалай? Қап, қап, бұл қалай?» – деп сары төс көгілдір шымшық шырылдар.
Әттең, өлгеннен кейін де адам соны сезіп жатса. Сонау биікте, қалықтап кетпей жүрген жез қанат қыранға қарап жатып, көзіңнен жасың парлап ақса; сондай ақ өлім кешуге Рысқұл дән риза.
Бірақ пешенедегі жазуды оқып көрген ешкім жоқ. Жұмыр басты пенденің демі қашан, қай жерде таусылары белгісіз. Адамның басы – Алланың добы деген. Қайда тебеді – солай домалайды.
Тауға да, тасқа да, абақтының мылқау қабырғасына да соғылған басы қайда қаларын Рысқұл болжап болмас. Ал әзір әрекет керек, әрекет...
* * *
Қапырық күн қаза болып, қараңғы түсіп, ел ұйқыға кетті-ау дегенде, Рысқұл ата-бабасының, Домалақ анасының әруағына сыйынып, қатерлі қимылға кірісті. Әуелі екі шұқып, бір қарап, есік жаққа алаңдаумен болды. Есіктің көздей тесігін қарауыл сығалайтын әдеті бар. Сансыз пышақтың басын киіз қалпағымен орай ұстап, іргенің қам қышын үңгілей берді. Зәк тұтқан, өмірі күн түспей ыза тартқан қам қыш бөркемік жіліктің басындай үгітіліп жүре берді.
Борпылдақ, топырақтан ескі ұраның зәгіндей ылғалды иіс сезіледі. Бір кезде Рысқұл ыңқ-ыңқ еткен дыбыстан шошып, тосын тоқтады.Тың тыңдады. Ешкім жоқ. Сөйтсе, өзінің демі екен. Есікке қарайлауды ұмытып, үңгі ісіне жан-тәнімен беріліп кеткен.
Қазылған топырақ едәуір үйіліп қалыпты. Қарауыл түн ортасында бір қарап өтетіні бар. Кейде құлыпты ашып, ішке кіріп іс келеді. Қолында сөлеңдеген шырағданы болады. Дәл қазір мына қызыл қырманның үстінен түссе, қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көргендей боласың.
Ол үйме топырақты еденге жайып, үстіне қамыс марданды төсеп тастады.
Ну қамыстың арасында сыбдыры білінбейтін жолбарыстың жұмсақ жүрісімен бір-бір басып, есікке барып тың тыңдады. Құдайдың бір құдіреті: қарауылға да жан берген. Ол да қалжырап, қалғып кететін кезі болады. Дәлізде дыбыс жоқ. Жым-жырт. Түрме емес, тылсым тұтқан көр сияқты. Тыныштық.
Рысқұл іргеге қайта оралып, қабырғаны қары талғанша қақырата берді. Бір азабы – уақыттың қай мезгіл екенін тап басып тани алмады. Таң атпай тұрып үлгерсе. О, шіркін, далаға бір шықса, тағысын тағы көрер еді де.
Қолдан құйған жалпақ қыш бір кезде қатая бастады, топырақ ақ керіш тартты. Соған қарап, Рысқұл қабырғаның жұқарғанын аңғарды. Қыштың сыртқы жағы қатты, себебі күн өтеді, құрғақ.
Жүрегі тарс етіп жарылып, жаны жаһаннамға кеткендей болды. Қарауыл есіктің құлпын бұрап ашып тұр екен. Рысқұл дереу үңірейген тесікке жотасын беріп, аяғын мардан қамысқа созып жіберіп, жаман шекпенін жамылып қорылдады да қалды.
Қарауыл сықсима шырағданын сүйретіп алдына ұстап, асықпай, абайлап кірді. Шырағданды көтеріп, іргедегі Рысқұлды көрді.
– «Ә бәлем, жатырсың ба!» – дегендей жарықты жоғары көтеріп терезедегі темір торды табалдырықта тұрып, көзбен тінткіледі. Темір тор мызғымапты. Енді бұрылып кете берейін дегенде, әлденеден секем алған адамша, сәулені тұтқынға қайта түсірді. Күйіктің қансығын сезгендей, бір-екі рет танауын желпілдетіп иіс тартты.
– Мынау ненің иісі, ей? – қабырғаларды айнала тінткілеп тұрып.
Рысқұл ұйқысыраған кейіп танытып:
– Иіс пе? Ненікі болушы ед, мырза. Күндіз-түні желдемейтін қапаста не иіс болушы еді? Белгілі ғой, – деді.
Қабырғада көлеңкесі ебедейсіз сорайған қарауыл аңырып тұрып-тұрып, ақыры шығып кетті. Шығып бара жатып:
– Шыда, енді бірер сағаттан кейін таза ауаға шығарамын, – деп өзінше рақым білдірген болды.
«Бірер сағат деді, ә?».
Қарауыл әдетінен жаңылмаса, енді қайтып сол «бірер сағатқа дейін мазаламас».
«Түу, дәйістің иісшілін-ай! Құдай бір сақтады-ау. Топырақтың зәгін сезіп қалғанын қарашы. Бірақ қарабасқыр ненің иісі екенін ажырата алмады. Менің де көрер сәулем бар шығар, бұйырса».