Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Қарауылдың қарасы батты-ау деген шамада, Рысқұл көртышқанның тірлігіне қайта кірісті. Қары талып қалжырағанын елең қылмай ақ керішті үңги берді, үңги берді. Бір кезде топырақтың жылуын сезіп, іші-бауыры да елжірей жылып сала берді. Бұл жылу оның қуатын еселеп жібергендей, дүлей қара күш тұла бойын кернеп, қабырғаны енді иығымен итеріп-ақ құлататындай екпін алып кетті.
Енді бір сүт қайнатым уақыт болды-ау деген шақта сапсыз пышақтың ұшы кедергі кездеспей, сопаң етіп әрі өтіп кетті... Иненің көзіндей тесіктен бозала бірдеңе жылт етті.
Бұл жарық дүниенің елесі еді. Тұтқын өзінің қақпақтай жауырыны мен екі кісі мінгендей екі иығының кендігін бұрын медет етсе, енді бұған өкінді-ақ. Тесіктен сыймай пұшайман болды. Ақ керіш шықты қайта-қайта қашап жатып, иығының қанын сорғалатып, өз етін өзі жыртып, қақпанға түсіп өз аяғын өзі шайнап, тарамысын қиып жіберіп, үш аяқтап қашқан арлан қасқырдай, бұл да тәнін талқандап, түрме деген тажалдың, тұзағынан құтылғандай болды-ау, әйтеуір.
Кеше осы уақытта өзі қанмен шұбарлаған жолмен жер бауырлап жылжып өтіп, дәретхана үйшігінің тасасымен биік домбаз дуалға тырмысып өрмелеп шығып, арғы бетке өзін-өзі аузын буған қанар қаптай сылқ еткізіп тастап жіберді.
Бостандықтың дәмі кермек, бағасы батпан. Мұны басына түспеген пенде біле бермейді. Жолбарысты темір торға қамап мәз болатын топастардың жүрегінде жібімейтін жүз қадақ мұз жатыр. Ал темір торды талқандап шыққан жолбарыстың жолы, әрине, тауға тартады.
Рысқұл Талғардың, тауын бетке ұстады. Алқынған жүрегін қолына алып-жалаң аяқ жар кешіп, жырым балақ, жыртық көйлекті пенде, кісі көзіне шалынбауға тырысып, жердің үстімен емес, астымен келе жатқандай еді. Кеудесі күмбірледі. Ескі досы – әуелгі әуен оралған екен:
– дүние бір қисық жол бұрандадан,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең,
Сонда да күдер үзбе бір алладан...
III
– Сөйтіп, бұл түрме деген дәйісіңнен мен бір рет солай қашып шыққанмын, – деп тоқтады Рысқұл.
Бронников көсілген аяғын жинап алып, тізесін құшақтап, жауырыны күжірейіп, құныстанып отырды да:
– Одан әрі не болды? Сәлемдестің бе Саймасайға? Екінші рет түрмеге қалай түстің? – деп сұрақты жаудырды.
Рысқұл оның жирен сақал басып кеткен кескініне бағжия бір қарап алды.
– Е, тамыр, бәрін білгің келеді, ә? Мына тас қабірдің ішінде тірідей әлі көп жататын түріміз бар. Кейінге де әңгіме керек шығар. «Туpaп жемесең етке тоймайсың, қона жатпасаң көпке тоймайсың», – деген. Әлі жата-жастана талай гөй-гөй айтылар. Біздің бала ұйықтайтын уақыт болды, дем алсын кішкене.
Айтылған хикаяның бәрін Бронниковке орысшалап отырған Тұрар көзі кілмиіп, ұйқы тығылып отырғаны рас еді. Бронников Тұрардың киіздей қалың қара шашын жалпақ алақанымен ұйпалақтап, баланы өзіне тартып, бауырына қысты.
Рысқұл мұнысын аса ұнатпағандай ажырая бір қарап, ірге жаққа аунап түсті.
– Ұйықта, Тұрар!
– Иә, ұйықта, бауырым. Біз ерігіп жатқан адамбыз. Сенің жұмысың көп. Ерте тұрасың, ұйықта, – Бронников те.
Екі үлкеннің ортасында жатып, бала балбырап ұйықтап кетті. Түсінде аспанның көк күмбезіне шаншылған асқар-асқар тауларды көрді. Қабат-қабат сол сеңгірлердің табанында жалғыз өзі. Арт жағына қараса – шыңырау құз. Алды жап-жалтыр, аспанға шапшыған тау. Өрмелеп соған шықпақшы болады. Тырнақ ілінер бұдыр жоқ. Тайғанап төмен сырғып түсе береді, түсе береді. Алқынып алға қайта ұмтылады. Мұның өнімсіз қыбыр-жыбырына ашуы келген ақбас шың үйдей бір тасты биіктен домалатып жібереді. Үйдей тас тура Тұрарға қарай өңмендеп, өкіре құлап келе жатады. Бір кезде әлгі үйдей тас жолында басқа бір үйдей тасқа соқтығысып күл-талқаны шығып, ұсақ-ұсақ кесекке айналып, Тұрардың табанының астында құм болып төгіле берді...
Бронников бүйірін жылытып жатқан баланың үстін қымтап қойып, шалқасынан түсіп көпке дейін ояу жатты. Теріс қарап жатып, Рысқұл да ұйықтап қалды. Бронниковтен ұйқы қашты.