Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Рысқұл: «Шыны ма, қалжыңы ма?» – деп сеніңкіремей, сасқанынан сәл езу тартқан. Ұзын сирақ беті жыбырлап:
– Жүгір! – деп ышқынып қалды.
Тұтқын келген ізімен кері қарай бөрі бүлкілге салып, салмақпен желе жортып еді, қарауыл тағы ақырды:
– Жылдам!
Шын қорлық осы болды. Тап-таза таңда қып-қызыл қиянаттың тасыраңдауы ақылға сыйымсыз-ақ. Бірақ не көрмеген Рысқұлдың басы. Жалаңаяқ, жалаңбас, жейде-дамбалы алакөбенде ағараңдап ағаш үйшікке қарай жүгіре жөнелді. Қатты жүгірген сайын сапсыз пышақтың ұшы енді қарнына тірелді. «Түсіп қалмаса екен» деп Рысқұлда зәре жоқ. Қарныма кіріп бара жатыр-ау деп қайғырмады. Түсіп қалмаса екен деп арғы-бергі аруаққа жалбарынады.
– Қайт! – қарауыл.
Түрменің есігіне ентігіп жете бергенде тағы келте бұйрық:
– Қайт!
Аяғының қаны әлі тыйылмаған екен, ары-бері жүгірістен жолдың үсті қарашұбар қанды ізбен шиырланды.
Өзінің тұсынан өте бергенде қарауылдың көзі Рысқұлдың көзімен атысып қалып еді: қорқынышты екен, көз орнынан қанды қызыл екі жапырақ ет көргендей болды. – «Енді маған тап беруден тайынбас» деген оймен қарауыл қорлық қалжыңын тия қойды. Рысқұлды камераға кіргізіп, құлпын кілттеді.
* * *
Камераға кірген бетте Рысқұл ышқырын сипалап көрді. Қуанғаннан әлгібір қорлықтың бәрін лезде ұмытты. Есікке барып, құлағын тосып тың тыңдады. Қарауыл дәліздің арғы басында жүрген сияқты. Сапсыз пышақты ышқырынан алып, майыстырып көріп еді, суы қатты екен. Бұрышқа барып, тізерлеп отыра қалып, пышақты іргеге қадап қалғанда, ыза қапқан дымқыл қышқа қиналмай-ақ кіріп кетті.
«Е, құдай, е, әруақ! – деді Рысқұл аптығын баса алмай. – Саймасайға сәлемдесер сәт оңынан болғай!».
Пышақтың ұшымен ілесе шыққан дымқыл топырақты уыстап тұрып ойланып қалды. Енді не амал болмақ? Қазылған топырақты қайда жасырмақ? Камераның ішіне үйіп қойып отыра алмайсың. Бір түнде қазып шығып кету мүмкін бе? Бұл тәуекелдің ісі, тағдырына мойын ұсынғысы келмеген тәкаппардың неғайбыл жұмысы бір түннен артпауға керек. Түн болатын себебі: күндіз ірге қазып, көзге ілініп қалу хаупі зор. Келесі түнге қалса – тағы қатер.
Рысқұл іргені сәл қопсытып, пышақты соған тықты да, топырағын қайта таптап көміп тастады.
* * *
«Осыдан осы жолы тірі шығып, Саймасайға сәлемдессем, Ақсу-Жабағылы асып кетер едім, – деп армандады тұтқын қамыс марданның үстінде көсіліп жатып. – Ақсу-Жабағылының бір сайының табанында сүйегім қалса, екі дүниеге де ризамын».
Кенет шынтағына сүйеніп, орнынан түрегеле берді. Әлгі бір аламан таңда өз аяғынан тамған қанның ізін көріп, осындай ізді қайдан кездестірдім деп қинаған сұрақтың жауабын енді тапқандай болды.
Ол ертеде, елде, Түлкібаста Иірсуда бұлғаңдап жүрген бұла кез болатын. Бір күні ол жылқы бағып жүріп, Ешкіқорған деген жартастың жотасынан қанның ізін байқады. Бұл неғылған қан деп, құмырсқаның жолындай шұбатылған ізге түсіп берген. Қанның ізі бірде сызат, бірде қою. Бір мезгіл бір шоқ аршаның астында теңкиіп жатқан арқарды байқады. Мерген жаралаған бейкүнә мақұлық қаны сорғалап жүріп-жүріп, жетіп жығылған жері осы болған екен. Жүні жиди бастапты.
Сол қансырап өлген тағы арқардың халі өз басына келгендей таң кешті бүгін Рысқұл.
«Неде болса түрмеде, айдауда шірімей, сол арқардың жолын беріп, қайран Жабағылының бір тал аршасының түбінде қалсам, бірақ оған дейін...».
Ол «оған дейін» істейтін ісіне тағатсыз асығулы.
«Бір түп аршаның түбінде қалсам» – деген арман. Күңіреніп жел жылар, арша басы суылдар. Күзге қарай қураған қылқандары түсіп, мұның кебінсіз қалған жүзін жасырар. Аршаның иісі сіңіп, қылқанына көмілген сүйек мың жылға дейін шірімес. Қоқанның ханы Шералының қанды қолымен соғыста мерт болған батыр бабасы Әлімбекті қазақтар текке аршаға орап көмбеген ғой. Киелі адамдар жер қойнына киелі кебін киіп кіреді.