Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
...Су перісінің ай десе аузы, күн десе көзі бар перизат қызы жер бетіндегі патша баласына ғашық екен. Ал су перілерінің адамдардан бір айырмашылығы аяқ орнына балықтың құйрығы болады. Адамдардың аяғындай аяғы жоқ перизат патша баласына ғашықтықтың дертінен өлер болған соң перілердің тәуібіне барып жалынады. Тәуіп кемпір дауысы барылдап қалған әзірейілдей еді. Перизаттың үні күміс қоңыраудай сыңғырлап тұратын. Перизаттың арызын тыңдап болған соң тәуіп кемпір айтады:
– Ей, сор айдаған сұлу! Жазылмайтын дертке ұшыраған екенсің. Айтқаныңнан қайтпассың. Жарайды. Мен саған адамдардың аяғындай аяқ жасап берейін. Ақысына бірақ күмістей сыңғырлаған дауысыңды аламын. Сен тілсіз, үнсіз қаласың. Бұл – бір деп қой. Мен берген дәріні ішкеннен кейін саған балық құйрығының орнына аяқ пайда болады. Бірақ әрбір адым сайын табанына қанжар қадалғандай шыбын жаныңды шырқыратып қуыртады. Өмір бойы табаныңа қанжар қадалып өтесің. Осыған көнсең – көндің. Көнбесең – өзің біл!
Не керек, небір азапқа көніп, перизат адам бейнесіне еніп, патша баласына жолығады. Патша баласы да бұған құлай ғашық болады.
– Атың кім? – деп сұрайды патша баласы.
Перизат бәрін түсініп тұр. Бірақ айтайын десе тіл жоқ. Аяғын әрбір басқан сайын табанына қанжар қадалады.
Не керек, патша баласына тілсіз сұлуға үйленуге батасын бермей, басқа бір падишахтың қызына құда түседі...
... Бұл бір мұңды ертекті Рысқұл ертеде, бала күнінде естіген. Қазір сол бейшара перизаттың халі өз басына түсіп тұрғанына таң қалды. Сол аяғын сүйрете басқан сайын істік темір бармағының қалың етіне қадала түсті...
Қайтар жолда айдауыл Рысқұлдың ізінде баттиып-баттиып қара дақ қалып бара жатқанын байқап:
– Ей, тоқта! Аяғыңа не болды? – деді.
– Әжетхана тақтайының жаңқасы жырып кетті. Түк те етпейді, – деп Рысқұл елемеген болды. «Бойымды тінтіп, ышқырдағы темірді біліп қояр ма екен», – деп іштей қыпылдап та тұр. Бірақ оның жүзінен айдауыл секем алар ештеңе аңғарған жоқ.
Айдауыл сеніп қалған сияқты. Ал сенбесе ше? Бассалып тінтсе ғой, ышқырындағы сабы жоқ, тот басқан пышақты тауып алады...
Артындағы ақырған айдауылға бұрылып қарағанда, өзінің қанды ізіне көзі түсті. Дәл осындай, сорғалаған қан ізін ол бұрын қайдан көріп еді? Тау-Шелектен бе еді, Тау-Түргеннен бе еді? Әлде Талғардың арғы беті ме еді?
Таңның арайы ажарланып, жаңа күннің шырайы кіре бастаған екен. Ұйқысы шала, көзі кіртиген айдауыл мылтықтың ұштығымен екі жауырынның ортасынан нұқып қалып:
– Бас аяғыңды! – деді.
Рысқұл қысқа да болса қатерлі жолда келе жатып, қайдағы бір сорғалаған қанның ізін бұрын қайдан көргенін есіне түсіре алмай, әлек болып өзінің қазіргі халін ұмытып кеткеніне ренжіді. Әрине, жылдам басу керек, бір шиі шығып қалмай тұрғанда тезірек абақтының ішіне кіру керек.
Рысқұл әйгілі аңшының жылдамдығымен озып кетіп еді, айдауыл:
– Ей, жайырақ! – деп қорқып қалды.
Бұйрықтың аты – бұйрық. Айтылды – орындау керек. Ол жүрісін бәсеңдетті. Айдауылға таңғы таза ауа ұнады білем, басына бір шалдуар ой шап етіп түсе кетті. Түрменің шұлғау сасыған тымырсығынан о да азар.
Асылы, тұтқыннан гөрі қарауылдың халі мүшкіл сияқты. Ол екі жағынан қамаулы. Бірі – тәннің қамалуы. Тұтқын отырған түрмеде о да отырады. Айырмашылық тек тұтқын темір есіктің ар жағында, бұл бер жағында, алыс ұзап, артық адым аттай алмайды. Бірі – жанның қамалуы. Тұтқыннан айырылып қаламын ба деген үрей. Әрі тұтқынның оны жек көретінін сезіну.
Сонымен, қарауылдың да шекесі қызып жүргені шамалы. Әлгі екі қамаудың салдарынан о да тұтқынды мейлінше жек көреді. Мейлінше қорлап баққысы келетіні сондықтан.
Соның бір шалығын сидиған ұзын сирақ қазір танытты. Мылтығын оқыс кезеніп, Рысқұлға:
– Кәне, кейін қайт! Дәретханаға жеткенше жүгір! Жете бере кері жүгір! Барыңды салып, құстай ұшпасаң – саудаң бітеді. Кәне, санаймын: бір, екі, үш!