Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ақылы – айран, ойы – ойран. Мынау қаһарлы қазақ түрмеден екінші рет қашып шығуды армандайды. Бұл түрменің сыртында, ішіне мың-миллион адам сыйған тағы бір түрме тұрғанымен ісі аз. Сол үлкен түрме қайтсе құлайды? Қандай амал? Үлкен түрме тіршілігінен хабарсыз қалды. Не болып жатыр? «Қанды жексенбіден» кейін халық тұяқ серпуге жарады ма?

* * *

Таудан асып күн батқан. Қызылы қылаң жадау кеш. Қарағайлы, шыршалы қырқалардың иығынан асылып, қылтиып үшкір шыңдар көрінеді. Ол шыңның басында тұрсаң әлі күнді көрер едің. Ол шыңдар тым биік. Бірақ қазір онысы аса білінбейді. Аласалау таулар биігін қалқалап, көрсеткісі келмегендей, көлденең тұрады.

Тұрар сайдың қабағындағы жабайы алма ағаштың ашасына мініп отырған. Бұталмаған жабайы алма ағаш балақтап, бұтағы есіріп кеткен. Ашада отырған бала көрінбес.

Әкесі кеткелі Тұрар бала болып көп ойнамайды, өзге балалардан бөлініп, саяқтана береді. Ылғи да осы ашаға шығып алып, ұзақ отырады. Әлдекімді, әлденені күткендей. Әлденені қарауылдағандай. Қарауылдайтыны – әкесінің жолы еді. Әкесінен қалған Шолақ Шабдар еді. Сайдың табанына түсіріп, кісендеп қояды да, қабақтан қарап отырады. Шолақты біреу әкетіп қалса, ертең көкем келгенде: «Әй, Тұрар-ай, жалғыз атқа да ие болмадың ба?» – деп айтады-ау деген уайымы да бар. Уайымдауды жөргегінен үйренген сияқты. Қазір бала болса, лезде ересек мінез танытады. Ерте есейткен күндер еді ол.

Аз ғана ауыл апақ-сапақта абыр-сабыр, жоқ-жұқана, жұтаң тірліктің қамында: лағы бақырып, бұзауы мөңіреп, қатындары бажылдасып, қарттары: «Әй, қайыр бері!» – деп қақырынып қойып, күңгір-күңгір сөйлескендері кешкі тау ішінде үңгірден шыққан үндей күңіреніп тұрады. Шешесінің қолы тимей жүргенде, емшек іздеп жылаған бала, күңгірттеніп, бейтаныстау болып бара жатқан жастарға жатырқай қарап үрген иттер.

Шыңдардан да биікте бірер қанар ақ мақта шашылып қалғандай екен. Күннің қызылы соны шалды. Талғардың басындағы бұлт бір кезде созбалақтап барып, қызыл бояуға малынған бойы, бір сәтке ұшып бара жатқан шыраққа ұқсап қалды.

– О, Қызыл Жебе! – Тұрар ашадан көтеріле беріп. – О, Қызыл Жебе!

Жұрт оны жоғалды деп жүр. Жұрт оны сойылды деп жүр. Сөйтсе, шыңға шығып кеткен екен ғой.

Бірақ енді бір сәтте пырақ бейне түтілген жүндей ыдырап, бояуы қайтып, ылайсаңданып бара жатты.

Тұрардың өрекпіген өкпесі солықсып, дүрс-дүрс соққан жүрегі су сепкендей басылды.

– О, Қызыл Жебе! – деп сыбырлады.

Енді осы бір елесті ол көп жылдан кейін Меркеде, Аспара тауының басынан көрерін ол сол сәтте сезген де, білген де жоқ. Көкірекке нұр тамған, құдіреттей күштің кеудеде шырағданы жанған, лезде жалп етіп сөнген ғажайып сәт.

Сай табанында сарқырап аққан су, анда-санда пысқырынып қойып, ажырықты бырт-бырт үзіп, қосаяқтап секірген Шолақ Шабдардың кісенінің сылдыры. Қарлы шындардан шыққан салқын самал тербеген жапырақтардың сыбдыры. Шың басынан шақшия шыққан жалғыз жұлдыздың үндемес сыры – бәрі-бәрі Тұрардың кішкентай көкірегіне бір-бір тамшы сағыныш мәйегін құйып жатқандай, бала байғұс сол сағыныштың салмағына шыдай алмай, көмейіне келген бір сезімнен үйіріліп ып-ыстық жас балқып қалады да, кішкене жұдырығымен көзін уқалап-уқалап жібереді. Көзін жыпылықтатып жастан құрғатып алып, сайдың табанындағы Шолақты іздесе, оның алдында қарайған біреуді көріп, жүрегі су ете қалады. «Айрылдым аттан!» – деп айқайлағысы келеді. Алма ағаштың ашасынан шалбарын жырта-мырта секіріп түседі.

* * *

Рысқұл түрмеден қашып шыққан бойда бірден Талғарға тартпай, кәнігі аңшының әдісіне салып, орағытып, түстікке, Медеу сайға қарай жылжыды. Медеуге жетпей, түстік-шығысқа қарай бұлым болып бойлап кеткен Шыбынсайға түсті. Шыбынсайдың қабағында кілең қоңыр қасқа торпақ-таналар жайылып жатқан. Бұта-бұтаның арасымен бір бұтақты селт еткізбей, бір қурайды сыбдырлатпай, бір түйір тасты тысырлатпай, жұмсақ басқан қашқынды қырда отырған бадашы байқаған жоқ.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий