Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тау-Шілмембет ауылы сол түні асты-үстіне шығып, қиямет күйзеліс кешті. Ең сұмдығы сол: шабарман Ахат ақсақалды жейде-дамбалшаң жалаң аяқ далаға дірдектетіп сүйреп алып шығып, аппақ сақалынан лақ құсатып ұстап тұрып:

– Кәне, қақбас, інің қайда, қаныпезер, қашқын ініңді қайда тығып қойдың!? – деп алқымынан алғаны батып кетті.

Шыныбек шыдай алмай:

– Әй, әкеңнің аузын... қоя бер қартты! – деп шабарманның қолын қағып жіберді.

Қатын-қалаш, бала-шаға ұлардай шулап, таң қылаң берген, табиғаттың толғанып, күнді күтіп тебіренген шағында, жоқ-жұқа кедей ауылда дауыл тұрғандай алай-түлей жағдай болды.

– Қап, маңқа ит, сені ме! – болыстың он қолы боржық Таубай Шыныбекті жалаңбастан тартып кеп жібергенде, Қорған ұста шыдай алмай, шабарманның қолынан жұлып алып, күмістеген тобылғы сабын шырпы сындырғандай қақ бөліп, аулаққа лақтырып жіберді. Мынау дүлей күшті көрген Таубайдың сесі қайтайын деді.

– Айналайын, ақылың бар азамат едің ғой, неге қинайсың жазықсыз жандарды? Рысқұлды біз көрген жоқпыз. Көзіміз шықсын, көрсек, – деп тіл қатты Ахат.

– Ол қарақшы патшаның түрмесін тесіп шығып, қашып кетіпті. Осы ауылға келмегенде – қайда кетеді? Жер жұтып қойды ма? Білесіңдер сендер. Айтқызамын бәрібір. Әлі өздерің келіп, аяққа жығылып айтарсыңдар. Өздерің-ақ ұстап бересіңдер. Сондай халге жеткізбесем, Таубай атым өшсін, жер басып жүрмей-ақ қояйын.

Ахатты айнала Шыныбек, Молдабек, Қорған, Үсіп тұр. Омар қосылмады. Омар өз үйінің есігінен баспалап қарайды. Омар үрейлі.

Ахатқа араша түскендердің тәуекелге бел буғанын көріп, Таубай ыға бастады.

– Келмесе, келмеген шығар, – деді ол не сұмдыққа дайын тұрған солдаттарға. – Ол жырынды тау-тасты, жыра-жықпалды паналап та жүре береді. Таудың текесіндей тағы болып кеткен сұм ғой. Мүйізін қағып алып, етін итке тастамасам. Сай-сайды сүзіп шығайық. Ал осы ауылда екенін сездім бар ғой, айтпады деме, от қойып жіберіп, күліңді суырамын.

* * *

Шапқыншылар, бастығырылып, ұйықтағанда көрген жаман түстей өте шықты. Бір сайдың қырқасында ғана шоқиып отырған қауқарсыз ауылдың ересек еркектері Ахаттың есігінің алдында әлі тұр. Тарқар емес. Үйді-үйіне тарап, төсектеріне қисайып жата-жата кететін бейбіт күн жоқ. Әлгі старшын атжалманның айғырындай шақылдап кетті. Сұмдығым әлі алда деп кетті.

Ақылы-айран, ойы-ойран болған шақта ес жиып, етек түріп, ел болып кеңесетін кез келді.

Шапқыншы кеткен соң, Омар да інінен шыққан борсықтай дүрдиіңкіреп келіп қосылды топқа. Тұрғандар оған қырын қарады. Әлгіндей жан алқымға келген шақта жанында болмаған ағайынның болымсыздығына бәрі де ренжулі.

– Әй, Омар, қара қатынның қойнын қалай қиып келдің? Жата тұрмадың ба? – деп Шыныбек шағып алды.

– Қой, шырағым, – деп Омардың батырлығы енді қозды.

– Айттым ғой анада. Аман-есенде елімізді табайық дедім. Көнбедіңдер. Мүйіз дедіңдер мені келіп. Ал не болды енді? Әлі бұл-бұл ма! Мына жаман-жәутік кепелердің шаңырағын ортасына түсіріп, өзімізді не қойдай бауыздап қырады, не абақтыға тығады. Көр де тұр. Айтпады деме. Онан да, әлі кеш емес, көшейік. Жаңылдық, жаздық десек, Түлкібас бізді басқа теппес.

– Омар, шырағым, сенің айтып тұрғаныңның әбден жөні бар, – деді жүдеп тұрған Ахат қарт. – Рысқұл қамаудан қашып шығыпты. Ол бір соқпай кетпес. Соның бір ауыз сөзін тосайық. Хабарласпай, қаша жөнелмейік. Бұйыртса, құдай жолымызды оңдаса, көп кешікпей қайтармыз. Сәл шыдай тұралық.

Омар тыжырынып, мыңқ етті. Бірақ ештеңе айтқан жоқ.

Құлан иректеніп таң атып келе жатты. Талғардың шыңдары жарқырап, тағы бір таң атқанын әлемге айқайлап айтқысы келіп тұрғандай, алқымы кеуіп бара жатты. Алдағы күннің не боларын, Рысқұлдың қайда жасырынып жүргенін сол заңғар Талғар білетін сияқты. Ахат көзі жасаурап, таңғы салқыннан жаурап, Талғардың апайтөсіне тесіле, телміре қарады. Бірақ Талғар дәмелендіргенмен, тіл қатпады.

* * *

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий