Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Қайын жұрты құрметті күйеуді жөндеп күте алмай, бабын білмей, ренжітіп алдық па деп алаңдады.
– Тәйірі, ел аман, жұрт тыныштық, бейбіт заманда ауыл-үйден от ала келгендей болмай, жата-жастанып, қызық көріп құмардан шығып қайтыңыз, мырза. Ат бәйге, көкпар, күресті ертеңге қаратып отырмыз. Арғы күні аттанасыздар. Асықпаңыз, – деп жатыр албандар. – Қалың Дулат елімен бұрын бауыр ажырамас туысқан едік, енді мыңжылдық құда боламыз. Ондағы Дулат ойлап қалар: «Албан ағамыз бізден барған құдаларын тым болмаса екі-үш күн күте алмағаны несі?» – деп.
Саймасай илікпеді. Ояздың оспағынан сескенді. «Елінен бүлікшіл шығып, әскерімізді әлекке салып, қашып жүргенде, болыс жас қыз айттырып жігітшілігі ұстағаны несі?» – депті. Қалжыңы болса да, қаһарлы сөз. Әрі десе Нүкетай сынды сұлуды мына қауқылдасқан көптің арасынан емес, тезірек оңаша отаудың, шәйі шымылдықтың ішінен көруге бек ынтызар. Нәпсі сезім жеңгенде, ақыл адасады.
«Толмаған он жетіге жасым, әке,
Жүруші ем күліп-ойнап, тасып, әке.
Баланың қыз да болсам, тұңғышы едім,
Сыймады-ау өз үйіме басым, әке.
Боз інген боздайды екен ботам-ау деп,
Жүк артса қабырғама батады-ау деп.
Қыз мұңлық кетерінде жылайды екен
Жанында жат біреудің жатам-ау деп.
Түндікті төрт жерінен ойдыр әке,
Тойыма ту биені сойдыр, әке.
Тойыма ту биені сойдырмасаң
Биылша қызым жас деп қойдыр, әке.
Базардан базар барып ине алайын,
Жан әкем берем десе қиналайын,
Жан әкем берем десе, қиналғанмен
Белімді бекем буып жиналайын»...
Нүкетай сұлу бұлайша өнер шығарып, сыңсу айтып, өзгенің көңілін босата алған жоқ. Аттаныстың табан астында асығыс болғандығы сонша, әдеттегі ауылдың «алты ауызы», тіпті «жар-жар» да айтылмады.
Тең-тең жасау-жабдық тиеген керуен Сатыңнан шығып, Тау-Шелек асуына қарай бет алғанда, Қарашаның қара суық желі қарағай басын тербетіп, қылқаңдары қыл қобызша боздап тұрған. Аспанды аунақшыған бұлшық-бұлшық қарасұр бұлт қаптады.
Таудың бұралаң сүрлеу жолы бір қырға шығып, бір ойға түсіп, салтанатты кеш үзік-созық келе жатқан. Шыңдарды бұлт бүркеп, қарауытып қарағайлы беткей ғана көрінеді. Қыламықтап қарт үсе бастады.
Бұл қыстың алды еді. Қалдықызыл деген алшаң жорғаға мінген болыс алдыңғы топта. Қалдықызыл құйрық-жалы төгілген, қасындағы өзге жылқы баласынан ірірек, арқардың құлжасындай маңғаз мал. Өз жорғасына өзі масаттанғандай, үстіндегі иесімін басқалардан мерейі үстем екенін сезгендей, басын шұлғып тастап, анда-санда пысқырынып қойып, бір сарынмен сілтейді. Өзге аттар жүрісін Қалдықызылға теңестірмек болып, біреуі текіректеп, біреуі желе шауып, мазасыз халде.
Болыс көп сөйлемейді. Нөкерлерінің неше алуан жол әңгімесіне назар да салмайтын сияқты. Ол өз ойының тереңінде, өз қиялының жетегінде.
Болыс қазір өз ордасына екі себептен асығулы. Бірі ояздың шақыртуы. Ояздың аты – ояз. Ұлыққа бұл да құлдық ұрады. Біреуге біреуді тәуелді етіп, біреуге біреудің күнін түсіріп қойған заман. Әйткенмен, ояз бұған қаһарын төгетіндей реті жоқ. Верный оязын былай қойғанда, бүкіл Жетісу облысында ең қадірлі, губернатор фон Таубенің өзі құрметтейтін болыстардың бірі осы – Саймасай. Рысқұл дейтін бір бұзық түрмеден қашып кетсе, Саймасайды кінәлайтындай не жазық бар? Түрменің әкімдерін кінәласын. Ойға сумаңдап күдік кіре бергенмен, Саймасайды бұл онша састырмайды. Дегенмен, асығу керек.