Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:140
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.
Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Ташкентте өкімет Кеңестер қолына көшті. Уақытша үкімет құлады. Жеті адамнан Бүкіл түркістандық атқару комитеті құрылды. Жұмысшы және солдат депутаттары Өлкелік Кеңесінен – үш адам, эсерлерден – бір адам, социал-демократтардан – бір адам. Петроградта да Уақытша үкімет құлады. Өкімет Кеңестердің қолында. Мәскеуде қарулы көтеріліс. Одан арғы жағдайды біз де білмейміз. Толық нұсқау алу үшін совдеп атқару комитетінің бір мүшесін Ташкентке жіберіңіздер...
Ақ лентаға одан әрі түсініксіз көп нүкте түсіп кетті де аппарат солқ етіп, ақырғы демі таусылғандай тым-тырыс бола қалды. Ә дегенде ешкім де тіл қатпады. Бәрі де әлгі хабардың әсерінен арыла алмай қалшиысып қалған. Қуанған да, қорыққан да бірдей. Бір адамның ғана емес, бүкіл ғаламның пешенесіндегі жазуды оқып қойған соң, естері шығып кеткендей бір заман.
Кенет Хмелевский үн-түн жоқ, жанындағы Тұрарды қапсағай денесімен бас салып, құшақтай алды да, сол құшағын жазбай теңселіп тұрып қалды. Солдаттар шыдай алмай «Ура!» деп айқайлап, олар да аймаласып жатты. Үстел үстінде жайында қалған кольтті Сахно кідіріссіз алып, қолымен салмақтап қойып, зымиян ойдың толғағында тұр. «Мына большевиктерді жайратып салсам ба екен?» – деген жаман ой сумаңдап көңілін бұза бергенде Хмелевский Тұрарды құшағынан босатып, Сахноға қарап:
– Ал, бауырым, құттықтаймын! Революция жеңді! Рақмет саған! – деп телеграфистке қолын соза берді.
Сахно большевиктерді атудың орнына, оларға еріксіз қол ұсынды. Бірақ әлі де түнеріп тұрып:
– Революция жеңсе, басқа жақта жеңіп жатыр. Ал Әулие-Ата кімнің қолында сонда? Әлі белгісіз емес пе? – деді.
Мына тосын сауал әлгі ағыл-тегіл қуанышты сезімді лезде өшіріп алғандай. Хмелевский мен Тұрар бір-біріне қарап: «мынаның сандырағы рас» дегендей бір-бірін іштей ұғынысты.
– Қам жемеңіз, жолдас Сахно. Петроград пен Ташкентте құлаған уақытша үкімет мұнда да жойылды деп есептеңіз. Ал cay болыңыз! Жолдастар, тез қалаға жетейік!
Осыны айтып Хмелевский есікке қарай бет алды.
– Тез арада Совдеп мүшелерін шақыру керек! – деді Хмелевский арбаға отырып жатып. – Грач! Барыңды сал! Тез айда!
* * *
Түнде, түн ішінде Тұрардың дауылға қарамай үйден шығып кеткенінен секем алған Сәбден інісі Әбденге барып, осы жайды хабарлаған соң Әбден де апыл-ғұпыл киініп, бәйбішесінің: «Қайда барасың, ойбай?» – дегеніне қарамай, көшеге атып шыққан.
Қаланың орталығы Кауфман көшесінде тұратын Ғұмар имамның биік көк қақпасын мезгілсіз қағып, көк төбетін әупілдетіп, тыныш елді Әбден азан-қазан қылды.
Имам мына дауылды түнде бұйығып ұйықтап, бойы зіл тартып, төсектен тұрғысы келмеп еді, сөлбірейген тұйық қызметші мұрты салбырай түнеріп:
– Құрметті имам, бір мұсылман тығыз шаруамен келіп тұр, кешігуге болмайтын көрінеді, – деді.
– Аты-жөні кім, антұрған?
– «Шуро-и-Исламияның» адал азаматы Әбден дегенмін дейді.
«Шуро-и-Исламияның» аты аталған жерде қойныңдағы қатынын да, бауырындағы баласын да құрбан етуге даяр пәруана имам:
– Шақыр қонақ үйге! – деп орнынан атып тұрды. Тұлабойын жер тартып тұратын зілмауыр дерттен құлан-таза айыққандай, жарықтық жіті қимылдап, иығына ақ шекпенін желең жамыла салып, аяғына кебіс іле салып, Әбденді имам дамбалшаң отырып қабылдады.
– Аузында «Ассалаумағалайкүмің» жоқ, абдырап жүрсің ғой, жайсыз хабар ма? – деп имам Әбденді бір жаншып алды.
– Айып менен, құрметті имам, асығыста шатасып, сәлем беруді де ұмытып кетіппін. Кешіре гөр, әулием! Оның үстіне төсектен тұрған бетім – дәретім жоқ, сіздің қасиетті қолыңызды алуға күнәқар болмайын дедім.
Имам өзі де дәретсіз екені есіне түсіп, сасыңқырап қалды.
– Оқасы жоқ, себебі болса, құдай кешіреді...
– Себебі бар, қасиетті имам, себебі бар. Әлгі менің туғаным Сәбденнің үйінде бір большевик пәтерде тұрушы еді...
– Қай большевик? Орыс па, қазақ па, ноғай ма?
– Қазақ, қасиетті имам. Тұрар Рысқұлов деген.