Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Халық алдында әуелі Уақытша үкіметтің зұлымдығын әшкерелеу парыз. Оның іс-әрекеті, саяси патша үкіметінің жалғасы. Керенский қолынан келсе Николай екіншіні әлі де болса құтқарып қалмақ. Тек халық қаһарынан қорыққаннан ғана тұтқында ұстап отыр. Қазіргі кезеңде түрлі партиялар өзін революционер етіп көрсеткісі келеді. Халық қамын жеген күрескерлер болып көрінгісі келеді. Меньшевиктер солай, эсерлер мен кадеттер де солай; анархистерге дейін халыққа жанашыр бола қалғысы келеді. Мұндай жағдайда біздің «Қазақ жастары революциялық одағы» тек большевиктік коммунистер партиясының бағытын қолдайды.

Табиғат айбыны албырт жастардың кеуделеріне асқақ сезім күшін құйғандай жігіттердің жанары алдаспанның жүзіндей жарқ-жұрқ етеді. Анау қияқ мұртты Қабылбек, жас та болса байсал тартқан сабырлы Қарынбай, қыз мінезді сыпайы Сыдық, шықшыты бұлтылдап тұратын қызба Мақсұт, ылғи да манасшыдай екі иығын қомданып отыратын Тұрдалы – бәрі де Тұрардың сөзін бөлмей селт етпей қалған.

– Әулие-Ата большевиктер фракциясының жетекшілері Хмелевский мен Чернышев жолдастар, сендерге сәлем айтты: Уақытша үкіметтің туын құлатып, тұғырын талқандайтын мезгіл жақын. Сол мезгілді жақындата түсу үшін, «Қазақ жастары революциялық одағы» мүшелерінің белсенділігін, күрескерлігін арттыра түсу керек. Бірі-бірімізден хабар үзбейік. Петербург пен Ташкент Уақытша үкіметті құлатқан замат Әулие-Атада Кеңес өкіметі үшін ашық айқас басталмақ. Кәзіргі міндет – соның үшін халықты, көпшілікті Кеңестің әділдігіне сендіре беру керек. Қабылбек, Мақсұт, тез Меркеге аттаныңдар. Жігіттерге сәлем айтыңдар. Сендер онда, біз мұнда, жеңіс туының астында кездесетін болайық!

Тұрар майдандас достарымен құшақтасып қоштасып, сандық тастардан секіріп, төменде тұрған жалғыз атты жеңіл трашпецкеге беттеді.

Таластың суы қызыл жартасқа сарт-сарт соққылап, ақ көбігі аспанға шапшып тулап жатты. Жар басындағы Тек-Тұрмас күмбезі теңселіп тұрғандай көрінді.

* * *

Тұрар сол түні түсінде қилы-қилы, шым-шытырық жайларды көп көріп, ақыры шыдай алмай бастырылып оянды да, әлгі көргендерін есіне түсіріп, қараңғы бөлмеде көзін ашып біраз жатты. Тек есінде ап-анық қалғаны полковник Астаховтың креслосы. Төрт аяғы жұп-жуан, арқалығы биік, қара былғарымен қапталған шомбал кресло Уақытша үкімет үйінің төбесіне шығып кетіпті. Әрі десе төрт аяғы аспанға қарап қаңқайып қалыпты.

– Бұл не сонда? – деді Тұрар өзіне өзі. – Көптен күткен сағат шыннан соқты ма?

Тарихи ұлы істер өзі ұйықтап жатқанда болып өтіп кеткендей, ол сол ұлы сәттен құр қалғандай, кенет орнынан атып тұрды. Жастығының астында жатқан шынжырлы сағаттың қақпағын сырт еткізіп ашып, үңіліп еді, сағаттың шынысы ғана күнгірт жылтырап, циферблат көрінбеді. Сипалап жүріп, пиджагінің қалтасынан көзілдірігін алып қарап еді, онда да ештеңе көре алмады.

Тұрар қараңғыда киініп болып, дегенмен сағат қанша екенін білейін деп, ауыз үйге шығып, пештің үстінен ши шақпақ іздеді. Пештің үстін сипалап жүріп, Николайдың суреті салынған сары самаурынның үстіндегі шәйнек қойғыш қондырғыны түсіріп алды. Самаурын үстінен домалаған темір жердегі бос шелекке түсіп, ауыз үйдің іші қаңғыр-құңғыр, азан-қазан болды да кетті. Енді ыдыс-аяқ ешкім тимесе де өзінен-өзі сеңдей соғылысып жатқандай көрінді. Қоржын тамның қарама-қарсы бөлмесінде Сәбденнің қос бойжеткені Сәлима мен Әлима жатушы еді. Солар бөтенше ойлап қалар ма екен деп Тұрар қысылды. Ол сыртқы есіктің ілгішін іздеп, далаға шыға бергенде, қыздар бөлмесінің есігі ашылып:

– Бұл кім? Ағай, сіз бе? – деген Сәлима дауысы сыбырлай да сыңғырлай шықты. Сәлима ұзын іш көйлегі ағараңдап, жақындай берді.

– Иә, мен, Сәлима, ши шақпақ іздеп едім... Сағат қанша болды екен, білейін деп едім.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий